Халық қалаулылары – Ел арасында
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ж.Дүйсебаев пен заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Н.Дулатбеков облыстың Жезқазған қаласында, Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында болып, кездесулер өткізді. Халық қалаулылары жүздесу барысында сайлаушылармен еркін пікір алысты. Заң шығару саласындағы соны жаңалықтар жөнінде әңгімелеп, ел өміріндегі болып жатқан оң өзгерістер, өңірдегі маңызды мәселелер, өзекті проблемалар, оларды шешу жолдары жөнінде ой бөлісті.
«Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалында өткен басқосуда Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын мақсаттар мен міндеттер жөнінде келелі әңгіме болды.
Қазақстан жаңа дәуірге аяқ басты. Еліміз соңғы жылдары аса маңызды, тағдырлы кезеңді бастан кешіріп жатыр. Мемлекеттік атқару органдарының барлық жұмысы Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасында, «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында және жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды орындауға бағытталуда. Бұл бағдарламалық құжаттардың қатарына Елбасының соңғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да кіреді.
Парламентарийлер, міне, осындай мақсатты, бағдарлы, сатылы атқарылып жатқан жұмыстардың жалпы барысы туралы баян етті. Кездесуден соң депутаттар қала орталығындағы құрылысы аяқталуға таяу сәулетті балабақшаның құрылысында болды.
Ұлытау ауданына сапар Жошы хан мазарына тәу етуден басталып, Домбауыл дыңында жалғасып, Алаша хан мазары басында түйінделді. Халық қалаулылары сондай-ақ, Дүзен бейітінде болып, осында жүргізіліп жатқан жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бірқатар шаруа қожалықтарын аралап көрді. Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омаров депутаттарды өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламаларға орай ауыл шаруашылығында қолға алынып жатқан істерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, ұлт рухының ұясы іспетті, киелі де қасиетті мекен, тарихы тереңнен тамыр тартатын Ұлытау өңірін алдағы уақытта туристік аймаққа айналдыру турасындағы өз ой-толғамдарын ортаға салды.
Ұлытау – ұлт ұясы, қазақы тіршіліктің алтын қайнары. Бұл жөнінде Ұлытау төрінде берген белгілі сұхбатында Елбасы Н.Назарбаев: «Қасиетті Ұлытау – Қазақ елінің баяғыдан бергі тарихи және саяси кіндігі» деп атап өткен еді. Ұлт рухының шырақшысы, қайраткер тұлға Нұрлан Орынбасарұлы осы орайдағы өз пікірін білдіре келіп:
– «Ұлытауға бардың ба, ұлар құсты көрдің бе?» дейтін қанатты қағида осы өлкенің қазақ баласының бір айналып соғар қасиетті орны екенін білдіреді. Елбасының Ұлытау төрінде ұлағатты сұхбатын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты Қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық сананы қалыптастыру – баршамызға ортақ парыз. Мәжіліс депутаттарының бастамасымен құрылған «Ұлытау» қоры осындай ізгі мұраттардан туындаған еді. Ол алдағы уақытта жұмысын жолға қойып, жандандырып, жемісін бере бастайды деп сенеміз, – деді.
Ал Мәжіліс депутаты Ж.Дүйсебаев үстіміздегі жылдың басында жарық көрген «Жайылым туралы» Заң жайында кеңінен әңгімеледі. Жексенбай Қартабайұлы аталмыш Заңның негізгі авторларының бірі болып саналады. «Қазақ деген мал баққан ел» үшін, мал сүмесіне қарап отырған алыс ауылдар үшін бұл Заңның маңызы ерекше екені өз-өзінен түсінікті болса керек. Қазірде мал шаруашылығы саласы тұрақты даму жолына түскен. Жайлау малға толы. Төрт түлік малдың қай-қайсысының болсын саны артып, одан өндірілетін өнімдер көлемі де жыл санап ұлғайып келеді. Ел ішінде жерге, жайылымға қатысты әңгіме көп. Ендігі жерде сол мәселені заңдық тұрғыда реттеу қажеттігі туындап отыр. Жаңа Заң жайылымдарды ұтымды пайдалануға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді және жайылымдар мен олардың инфрақұрылымдарының жай-күйін жақсартуға, жайылымдардың тозу процесстерін болғызбауға бағытталған.
Мәжіліс депутаты Заңның әрбір бабы бойынша тиянақты түсінік берді. Әсіресе, жайылымдарды басқару, беру, пайдалану тәртібі, т.б. туралы жан-жақты әңгімеледі. Алдағы уақытта шаруа қожалықтарының, мал шаруашылығымен шұғылданушылардың осы Заңды басшылыққа алу керек екендігін баса айтты. Сондай-ақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған бағыттардың орындалуы мен содан туындайтын міндеттерге кеңінен тоқталды.
– Президентіміз өзінің Жолдауында: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Жеке шаруашылықтар мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек. Жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет» – деп атап көрсетті, — деді Жексенбай Қартабайұлы. – Ал «Жайылым туралы» Заң, «іздегенге – сұраған» дегендей, осы міндеттерді оңтайлы орындауға қызмет етеді. Сол орайда жергілікті кәсіп иелері бұған барынша мән беріп, игілікті жоғарыдан ғана күтіп отырмай, әркім өз деңгейінде оған үлес те қосуы тиіс.
Халық қалаулылары өз сөздерінде Парламентте атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды. Әсіресе, еліміздің өміріндегі маңызды заңдарды дайындау жайына жан-жақты тоқталып өтті. Ұлытау сынды алыс аудандардың инвестициялық қарымдылығына, экономика мәселелеріне назар аударып, кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа тетіктеріне қатысты әңгіме қозғады.
Жаңаарқа ауданында Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында аудандық ардагерлер кеңесі, кәсіпкерлер қауымы өкілдерімен кездесу өткізді. Осындай кездесу аудан орталығымен іргелес Байдалы би ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Содан соң депутаттар белгілі кәсіпкер Малдыбай Сүлейменовтің жеке шаруашылығында болды. Осындағы модульдік үлгідегі мал сою пунктінің жұмысымен, қолға алынып жатқан шұжық цехының құрылысымен танысты. Елбасының ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған тапсырмалары өңірлерде қалай іске асырылып жатқанына қызығушылық танытты. Жергілікті тұрғындардың ауылдарды дамыту, өркендету мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап берді.
Жалпы, Жаңаарқа ауданындағы мал шаруашылығының даму қарқыны көңіл марқайтарлықтай. Мұнда мал басы өсіп қана қоймай, одан өндірілетін өнімдер үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бір ғана «Жаңаарқаның қымызы» неге тұрады. Бұл күнде брендке айналған өнім келешекте ұнтақ күйінде экспортқа да шықпақшы!
Жергілікті кәсіпкерлер, мамандар өздерін толғандырып жүрген мәселелерге қатысты ой бөлісті, ел бірлігі, ауыл экономикасын дамыту, кәсіп иелеріне қамқорлық, қолдау көрсету, жол жөндеу, құрылыс жұмыстарына қатысты ұсыныс-тілектерін білдірді.
Ж.Дүйсебаев сапар барысын қорытындылай келіп:
– Біз Президентіміз белгілеген міндеттердің алыс ауылдарға да жетіп, жүйелі түрде орындалып жатқанына тағы бір мәрте куә болдық. Ең бастысы, мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүргізілуде және соның барлығы халық игілігіне бағытталып жатқаны қуантады, – деді.
Депутаттар ел ішіндегі оң өзгерістердің, ілгерілеудің бір көрінісі ретінде тұрғындардың ауыл ішілік проблемалардан гөрі елдік, мемлекеттік мәселелерге көбірек көңіл бөле бастағанын атап көрсетті.
Сапар барысында депутаттармен бірге Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Н.Орынбаев, «Нұр Отан» партиясының Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Г.Кәженова, Ұлытау ауданының әкімі Ә.Омаров, Жаңаарқа аудандық мәслихатының хатшысы Қ.Имантүсіпов, т.б. ресми тұлғалар болды.
Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.