Руханият

Халқына адал азамат

(Эссе)

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Алпысыншы жылдары Ақтоғайға аупарткомның хатшысы болып Жаманқұл Шайдаров келді. Шайдаровпен бірге бұл елге жыл келгендей жаңалық келді десе болады. Тұңғыш рет ол кісіні аупарткомның пленумінде көрген едім. Көзі өткір, аққұба кісі екен. Әр сөзін салмақтап, кесіп айтады. Сол кезде ол қырықтың қырқасындағы жігіт ағасы. Бұл – Брежневтің аты шулы “кемелденген социализмі” қаһарына мініп тұрған кезі.

– Ақтоғай артта қалған аграрлы аудан, – деді хатшы, – ол экономикасымен елдің алдына түсе алмайды! Түссе – Күләштің әні, Аққыздың күйі, ұлттық сән-салтанатымен түседі!

Ақтоғайдың “Тоқырауын” ән-би ансамблі мен халық театрының басына  осы кезде бақ қонып, облыс, республика, одақ, әрісі шетел жұртшылығына кеңінен танымал болды! Сенбі, жексенбі күндері Ақтоғайда күнде думан, совхоз, аудан мекемелерінің көркем өнерпаздарының байқауы жүріп жатады. Әлихандардың совет өкіметі тұсында сыртқа шығара алмай кеткен ащы өксігі Ақтоғайдың көмейінен ән боп құйылып, күй боп күмбірлеп кетті… Күндердің күні осындағы ұлт-ұлыстың бәрі құрып, советтік бір-ақ ұлтқа айналады деп тұрған алмағайып  заманда бұл да бір сол кездегі советтік жүйені айыптау актісі секілді еді… Алаштың үш арысының кіндік қаны тамған қасиетті Ақтоғай әлі сол жорға жүрісінен айырылмай келеді! Ақтоғайда қазақша білмейтін қазақ жоқ!

Арқамызға  сол  киелі топырақ  аруақ боп қонды!

– Ақтоғайда тумасам, ақын болмас едім! – деуші еді Дәуітәлі Стамбеков.

– Неге? – дейміз біз аң-таң қалып.

– Үш мың жылға созылған Салт Атты Көшпелілер цивлизациясының қаймағы шайқалмаған құт-дәулеті осы елде қалған! Оны да орман жұртының өрті шалып, өзегі талғанмен, атадан балаға мирас болған қазақи өмір-салтын өзгерте алмаған! Өз ұлтының құрсағынан шықпаған кісі ақын түгілі, азамат бола алмайды!

Шайдаров соны елден бұрын сұңғыладай сезді! Өзі де Сары Арқаның сайын даласы Жаңаарқада туған Алаштың алтын айдарлы ұлы еді! Ұлтының өнерін сүйген басшының еңсесі қашан да басқадан гөрі  биік болады екен: Халықтың рухы – халықтың жыры мен ән-күйінен ғана атойлап көрініп тұрады! Өнерпазын өрге шығармаған жұрттың келешегі күмәнді… Ұлтының әдебиеті мен мәдениетін, рухын түйсінбейтін пенденің қолына ел тізгінін ұстатуға болмайды! Менің  мына өмірден көңілге бір түйгенім – осы.

Мен бірінші хатшының өзіме деген ықыласын іштей сезуші едім.  90-шы жылдары осы кісімен тізе қағысып бірге аупарткомда қызмет атқарған, кейіннен мен еңбек еткен аудандық “Арқа еңбеккері” газетінде редактор болған Қасжан Ақеділов зейнетке шыққан соң туған жері Қарқаралыға көшіп келді.

– Шайдаровтың маған не дегенін білесің бе? – деді ол дүниеден қайтарда.

– Жоқ…

– Ақсұңқарұлы ақын ғой, олардың тағдыр-таланы қиындау болады… Бір күні  байқаусызда отқа түсіп өртеніп, суға түсіп батып кетіп жүрмесін?! Бұл – партиялық тапсырма! – деген!

 

Мен аң-таң қалдым…

Бүгінде сол қомқор ағаларымның екеуі де жоқ бұл жарық дүниеде…

 

Өмірім – өлеңім секілді бір қызық.

Түн ауа күллі елді ұйқыдан тұрғызып;

Мен келдім өлеңші ауылға,

Иесін шулатып,

Иттерін үргізіп…

 

Бастап Көк Бөріден,

Ақтарып-төңкеріп көнемді,

Жан-жүйем рахатқа бөленді!

Роберттер* стадионды күңірентіп жатқанда,

Ресторан, барларда оқып ем өлеңді…

 

*Р.Рождественский, Е.Евтушенко, Б.Ахмадуллина, Б.Окуджава, т.б.

Олар да рахатқа бөленді!

(Мағжан ол кезде Маяковскиден  төмен-ді?!

Ми ашып түнегем  айықтырғыштарға да,

Милиция түсінбей өлеңді!..)

 

Қиялымда –

Құм, шөлде боздаған Мұса** боп,

«А!» десем, аузымнан ұшады от!

Евтушенко жер шарын шарлап

бір шыққанда,

Жетісуға жете алмай құса боп…

**Мұса пайғамбар.

 

Көкірек толы үміт.

Бәйге аты сықылды солығып;

Қайқаңда Цензура дейтұғын,

Қызыл Көз Пәле кеп жолығып…

 

Өлеңші ауылдың Атырау-Алтайда –

байтағы.

Менсіз де қозып-ақ тұр екен сайтаны;

Түйеге мінгені – төрт ауыз өлеңін,

Ал, атқа мінгені – алты ауыз айтады.

 

Өмірім – өлеңім секілді бір қызық.

Түн ауа күллі елді ұйқыдан тұрғызып;

Мен келдім өлеңші ауылға,

Иесін шулатып,

Иттерін үргізіп…

Менің күллі ғұмырым Қызыларай-Ақтоғай, Қарағанды-Алматы-Қарқаралының арасында өткен екен. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр бір-біріне керағар екі қоғамдық-экономикалық формацияға тап келіпті. Біз көктен түскен жоқпыз. ХХІ ғасырға советтік империя­-социализмнен келіп түстік.  Десант секілді! Сол қоғамның жақсысы мен жаманының шалығы бүгінде біздің бәріміздің басымызда бар. Тәңірі адам баласына тағдырды таңдатпайды. Маңдайға жазғаны осы болды. Ел етек-жеңін жинап, тәуелсіз мемлекет болғалы біз советтік жүйенің баянсыздығын сол кезде-ақ сезгенбіз дейтін “әулие-әмбиелер” төбе көрсете бастады. Шынымды айтсам, мен түкті де сезген жоқпын. Коммунистік идеяға көзін жұмып сенген ұрпақтың үмбеті едік біз. Алданған ұрпақпыз – біз! Әкеміз – коммунист, өзіміз – пионер, комсомол болғанбыз. Бұл – тарихи факт.

Совет заманында  неше түрлі келеңсіздіктер болды. Оған бола жекелеген тұлғаларды кінәлау – елге абырой әпермейді; мемлекеттік машина астына салып, жайпап өте шыққанда пенденің оған қарсыласар қайраны қалмайтыны тарихтың ұзына бойынан белгілі. Сол керзаманның өзінде Жаманқұл Шайдаров Ақтоғайды өз ұлындай елжіреп сүйе білді.  Халқына қал-қадірінше қызмет етіп кетті! Ақтоғайлықтар да аруақ алдында қарызға қалмай, осынау арда туған  ұлының қадір-қасиетіне жетіп, аудан орталығындағы үлкен бір гүл бақты соның атымен атады! Марқұмның топырағы торқа болғай!

Жаманқұл

ШАЙДАРОВҚА

 

Мына адам – табытында жатқан адам,

Біреудің ала жібін аттамаған;

Көзіне мақтамаған бір пендені,

Сыртынан бір жақсыны даттамаған.

 

Ол – бөлек , мүлде, сенен, мүлде, менен,

Көп тантық көйіткенде үндемеген.

Жақсыға жаны қалмай бәйік болып, –

Сүйсінген!

Біздей оны күндемеген…

 

Алаштың үш жүзін де аралаған,

Адаспай ақ-қараны саралаған;

Өтіне желдің ылғи өзін қойып,

Бетіне дүниенің қарамаған!

 

Құтыра соққан небір құйынменен,

Күні жоқ жаны жасып, күйінбеген.

Қарағайдың қарсы біткен пұтағы еді,

Заманға,

(Жаман түгіл!)

Иілмеген!

 

Сері боп, күнде думан, аламан боп,

Кекілін кербестінің тараған жоқ;

Тұлпар мен сұңқарларға іш тартты да,

Жабы мен қарғаларға қараған жоқ!

 

Емес ол академик,

(Не біліп бұл,

Осы  елдің қабырғасы сөгіліп тұр?);

Қадалып Қасиетті Төрт Кітап пен,

Абайды оқушы еді егіліп бір…

 

Алланың сүйген құлы ол,

Қара да тұр:

(Біз қалдық, алдыда – не, –

заманақыр?!):

… Шырылдап шыбын жаны,

Құдіретті

Құдайды бетке ап, ұшып бара жатыр!

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button