Жаңалықтар

Хайуанаттар бағының ғимараты бой көтермек

Биыл Қарағанды хайуанаттар бағына арналған жаңа ғимараттың құрылысы аяқталуы тиіс. Ескі хайуанаттар бағының ғимараты шамамен 7 жыл бұрын қирап, тозығы жеткен. Осы жылдар ішінде саябақ қызметкерлері де, жануарлар да қысылтаяң жағдайда күн көрді. Қуанышқа орай, жыл басынан бері құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Жануарлар «қоныс тойын» осы жылдың шілде-тамыз айларында өткеруі мүмкін.

2016 жылы Қарағандыда қалалық зоологиялық бақтың төбесі құлаған болатын. Саябақ қызметкерлері жылуды жақсы көретін жануарларды қыс мезгілінде көшедегі қолдан жасалған «уақытша торларда» асырауға мәжбүр болды. Қала билігі зообақты қайта жабдықтауға бірнеше миллион теңге бөлгенмен, ол қаражатқа тек төтенше жағдайдағы торлар мен қоршаулар салынды.

Қызметкерлердің өзі жылытылмаған құрылыс вагондарына жайғасқан еді. Содан бері мамандар да «су жаңа ғимаратқа қашан көшер екенбіз» деп зарыға күткенін жергілікті жұрт біледі. Жануарларды бағуға арналған заманауи нормалар пайда бола бастаған шақта ескі хайуанаттар бағының ғимараты ол талаптарға сәйкес келмеді. Өткен ғасырдың орта шенінде салынған бұрынғы нысан қала қонақтары мен демалушы азаматтардың көңіл хошын пәс қылатын.

Хайуанаттар бағының жаңа ғимаратының жобасы жасалғанымен, іс жүзінде қағаз бетіндегі деректерге сәйкес болмай шықты. Жазғы және қысқы қоршаулар арасында дистилляциялық механизмдер де болмай шықты. Бақ қызметкерлері жануарлардың орнын ауыстыру қажеттігін атқарушы органдарға түсіндіре алмай уақыт ұзатумен болды. Ал, мұндай жағдайда жануарлардың өмір сүру сапасы төмендемек. Басқа да көптеген сауалдар ортаға тасталды. Мәселен, суда жүзетін құстар, тасбақалар мен қолтырауындарға арналған бассейндер қажетті мөлшерге сәйкес келмеді. Өңірдегі қоғам белсенділері салынып жатқан зообақ ғимаратын «жануарларға арналған концлагерь» деп атады бірауыздан.

Қала билігі қоғам өкілдерінің осындай орынды ескертулерін назарға алып, түзету амалдарын жүргізді. Жоба мемлекеттік аудиттен өтті. Бастапқыда жоба бойынша хайуанаттар бағының ғимараты 1 млрд. 700 млн. теңгені құрағанымен, нәтижесінде шарттық сома 1 млрд. 153 млн. теңгені құрады. Салынып жатқан хайуанаттар бағының ғимаратына оның қызметкерлері, құрылыс саласының өкілдері, тілшілер қауымына арнайы экскурсия өтті. Қарағанды әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев жобаның бастапқыда заманауи стандарттарының болмағанын сыпайы түрде тілге тиек етті. Кездесу барысында хайуанаттар бағының директоры, сондай-ақ бөлім басшылары құрылысшылармен кеңесе келе бірқатар өзгерістер енгізуді талап етті.

– Бастапқыда «Қоныс» ЖШС жобалау ұйымында хайуанаттар бағы тарапынан техникалық сұраныс болған. Жоба бойынша ескертулер болды. 2022 жылдың қараша айында бізбен қосымша келісім жасалды. Тапсыру мерзімі – 2023 жыл. Осы жазда нысанды қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Тамыз айында, мүмкін одан да ертерек, – деп хабарлады «MDKBuild» фирмасы директорының орынбасары Вадим Магамадов.

Хайуанаттар бағының ғимараты үш қабатты болмақ. Бірінші қабатта приматтар бөлімі жайғасады деп күтілуде. Заманауи желдету жүйесі де орнатылады. Приматтардың едендері жылытылады, өйткені бұл жануарлар өте термофильді. Жануарларға арналған аралықтар мен қызметкерлерге арналған техникалық дәліздер жасалыпты. Енді жұмысшылар өздері үшін де, жануарлар үшін де қауіпсіз болуы үшін жануарларды тордан торға оңай көшіре алады, жануарларды тамақтандырып, қоршауларды тазартады. Ұсақ жыртқыштар мен жануарларға арналған торлар жоспарға енгізілді. Сол қанатта кірпілер, кенгурулар және басқа жануарлар орналастырылады. Бірінші қабаттың екінші қанаты құстарға арналады. Олардың қатарында пеликандар, қара және ақ аққулар, тауықтар бар. Суда жүзетін құстар үшін бассейндер де үлкейтіледі.

Хайуанаттар бағының орталығында лифт орнатылады. Екінші қабатта герпетология бөлімі орналасады. Онда қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар жайғасады. Сонымен қатар, тотықұстар мен тукандарға арналған арнайы бұрыш салынады. Қосымша аквариумдар мен террариумдар болады. Олар заманауи сүзгілермен жабдықталады. Бұлармен бірге, 1000 литрге арналған резервуар орнатылады. Бір қанатты әкімшілік, шағын кітапхана және көрме залы алады.

Вадим Магамадовтың айтуынша, әлі де әрлеу жұмыстары аяқталмаған. Сәуір айында күмбез келуі керек. Үшінші қабатта Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің конференц-залы мен кабинеті орналасады. Хайуанаттар бағы мен университет бірлесіп жұмыс істейді. Биология факультетінің студенттері хайуанаттар бағына іс-тәжірибеге келеді, дипломдық жұмыстар жазады, ғылыми қызметпен айналысады. Сондай-ақ, тағы бір кабинет оқушыларға арналмақ. Онда хайуанаттар бағының қызметкерлері сабақ өткізеді. Құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев хайуанаттар бағының жаңа ғимараты бой көтерген соң мектеп оқушыларына жүйелі түрде экскурсия ұйымдастырылатынына сенім білдірді.

– Хайуанаттар бағы қала тұрғындары үшін көрнекі орталыққа айналады деп үміттенеміз. Қазақстанда мұндай ғимарат әлі салынбады. Бізде тек үш мемлекеттік хайуанаттар бағы бар. Олар Шымкент, Қарағанды және Алматыда, – деп қуанышын жасырмады саябақ директоры.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button