Бас тақырып

ГЕОЛОГИЯ: Байлық баспалдағы

Елдегі табиғи байлық – оның экономикалық дамуының негізі, болашақта да сол маңызын мысқалдай жоймайтыны анық. Заманауи геологиялық барлау – қорды көбейтудің құралы ғана емес, ол – жаңа технологиямен жұмыс істеу, өндірістік үдерісті цифрландыру мен жеделдету.

Шикізат секторында бөлінген қыруар қаржының басым бөлігі кен орнын игеру мен оны өндіруге емес, барлау жұмысына жұмсалады деген пікір бар. «Әрине, геологиялық барлау жұмысына қомақты инвестиция тартылады. Ол кен өндіру көлемін келешекте де кемітпеу үшін керек. Негізі жаңа кен орнын ашуға 10-15 жыл кетеді. Кешенді геологиялық барлау жұмысы жүргізіледі» дейді «Қазақмыс Барлау» компаниясының Бас директоры Ғалым НҰРЖАНОВ.

ЖЕЛКЕН ЖАЙҒАН ЖАҢА КОМПАНИЯ

«Қазақмыс Барлау» – Қазақстанда кереге керген кәсіпорындарын минералдық шикізатпен қамтамасыз ету үшін «Қазақмыстың» қанаты астында 2018 жылы қарашада желкен жайған жаңа компания. Оған жүктелген міндет – 2030 жылға дейін 5 млн. тонна мыс алуға жететін шикізат қорын қалыптастыру. Іргелі іске бел шеше кіріскен ол бүгінде Балқаш, Сәтбаев, Жезқазған аймағындағы 11 нысанда жұмыс жүргізуде. Оның төртеуі – корпорацияда бұрын басталған, жетеуі жаңадан қолға алынған жоба. Барлық жобаны жүзеге асыруға тәуелсіз сарапшылар тартылған. Компанияның жоғары нәтижеге жетуінің негізі – геологиялық жұмыстың сапалы жүргізілуі мен заманауи цифрлық технологияны пайдалануында жатыр.

– Елде карантиндік шара мен төтенше жағдай режимінің енгізілгеніне қарамастан, өткен жыл ойдағыдай

қорытындыланды. Шамамен 6,5 млрд. теңгенің геологиялық-барлау жұмысы орындалды. Бұл – бастапқы екі жылда игерілген инвестициядан екі есе артық. Біз осы саладағы жетілдірілген жабдық пен инновациялық технологияны кеңінен қолданамыз. Жер бетінен электрлік зерттеудің басым бөлігі геофизиканың канадалық OreVision IP, InfiniTEM технологиясымен тындырылды. Бұл геофизикалық жұмыстың дәстүрлі әдістемесіне қарағанда зерттеу тереңдігін 2 есе арттыруға мүмкіндік берді, – дейді компания басшысы.

«Қазақмыс Барлау» өндірістік үдерісті автоматтандыру мен цифрландыру аясында цифрлық басқаруды енгізген алғашқы геологиялық-барлау компаниясы екенін айта кеткен артық емес. Заманауи геологиялық кеңсе-вагонға шалғай учаскені интернет, ұялы телефон байланысымен қамтамасыз ететін жерсеріктік жүйе орнатылған. Бұл геологиялық ақпаратты жедел алуға және өндірістік үдеріс орындалысын онлайн-режимде

бақылауға мүмкіндік береді. Геологтар ұялы телефон ұстамайтын алыс сапарға шыққанда GPS навигаторының көмегімен жүрген-тұрғаны бақылауда болады. Төтенше жағдай туындай қалса геологтар GPS трекеріндегі SOS батырмасын басып хабар бере алады.

АЛАҢДАТҚАН ЖАЙСЫЗ АҚПАРАТ

2010 жылы күзде «Қазақмыстың » сол кездегі басқарма төрағасы Эдуард Огай Үкімет мәжілісінде кен қорының сарқылуы салдарынан енді 10-15 жылдан кейін кейбір қаланы жұмыссыздық жайлауы мүмкіндігін мәлімдеді. «Болашағы беймәлім» дегенді мегзеді. «Тағдыры таразы басында тұрғанын» тұспалдады… Үш жылдан кейін желтоқсанда тағы да Үкімет отырысында сол кездегі өңірлік даму министрі Болат Жәмішев былай деді: «Жезқазған қазба орнында қазіргі технологияны одан әрі қолдану, «Қазақмыс» мамандарының пікірінше, өндіріске тиімсіз. Кен-металлургия кешенінің 13-15 жылдай ғана жұмыс істейтін мүмкіндігі бар».

Мұндай жайсыз ақпарат жезқазғандықтарды қатты алаңдатты. Енді қайтсін, қазір кенішке «кіндігі байланбаған» отбасы кемде-кем. Қайлаға қараған кенші ғана емес, тіпті, сол аймақтағы кенді келешегіне балаған ауылдағы малшының баласы да қазір шахтаның «шаңын қағып» жүр. Көкейде: «Қаныштың қазақты қарық қылған батыл болжамы қиял болғаны ма?» деген сауал көлденеңдей тұрды. Бірден айтайық: «Жоқ!». Ендеше «жұт» қайдан жетті?

Қысқа қайырсақ, оның «құпиясы» мынада: шетелдік инвестор – нағашың емес. Өндірісті өркендетуге қыруар қаржы құйғасын, бас пайдасын да ойлайды. 1995 жылы күзде Жезқазған комбинатын сенімді басқаруға алған «Самсунг» бірден кенішті қуатты техникамен нығайтуды қолға алды. Сонау 60-жылдың аяғында шыңырауға

түскенен сан сыннан сүрінбей, талай торабы жетілдіріліп, 70-жылдың ортасында жаппай кен өндіруге көшкен

«МоАЗ» автоқотарғышының басынан жиырма жылдан кейін «бақ» таяды деп кім ойлаған? Қазір оны қосалқы шаруада болмаса, өндірістің өзінен көрмейсің.

Өйткені, шахта шыңырауын қуаты оны бірнеше есе орап алатын шетелдік техника шиырлап жүр. «Қазақмыс» фин-шведтік «Сандвик-Тамрок», финдік «Нормет», шведтік «Атлас Копко», әлемге әйгілі «Катерпиллар», польшалық «Бумар» фирмасымен берік байланыс орнатқан…

КЕН БАР, ТЕК ҚОРЫН ДӘЙЕКТЕУ – КЕМШІН

Әрине, кенішті қуатты техникамен жарақтандыру – қолдайтын-ақ қадам. Тек кен қорын нығайту жағы назардан тыс қалуы жайсыз жағдайға ұрындырды. Өкінішке орай, шетелдік инвестор кеткесін де «Қазақмыс» бұл маңызды мәселеге он жылдай мойын бұра қоймады. Соның салдарынан кеніш қатары кеміді, бірнеше дүркін өндірісте оңтайландыру жүргізілді, тіпті, қолына «қайладан» басқа құрал ұстап көрмеген кеншіге күрек пен шелек беріп Кеңгір су қоймасының жағасына ағаш ектіріп қойғанды да көрдік.

«Қазақмыстың» сол кездегі басқарма төрағасы Бақтияр Қырықпышев 2016 жылы тамызда Алматыда журналистермен жүздескенде былай деп ағынан жарылды: «Елде ұзақ уақыт геологиялық іздестіру жүргізілмеді. Барлығы өткен ғасырдың ортасында алынған кеңестік деректі қолданды. 2012 жылы компания геологиялық жабдықтар сатып алуды, мамандар тартуды бастады. Бүгінде барлау мәліметіне сүйеніп, құрамында мысы мол «Сарыоба» кенішінің кені – 40 жылға, «Жаман-Айбат-2» кенішінікі 30 жылға жететінін сенімді түрде айта аламыз» («Время» газеті – авт.).

Аңғарған шығарсыз, әңгіме Жезқазғанның «жабылуы» емес, «кен қорының» кеміп бара жатқаны жөнінде. Әйтпесе, алаңдауға негіз жоқ. Мәселен, «Қазақмыс» мәліметіне қарағанда, Жезқазған аймағынан күні кешеге дейін 1 млрд. тоннаға жуық кен өндірілсе, геологиялық қызмет әлі 1 млрд. тоннадай құнарсыз теңгерімнен тыс мыс кені бар екенін дәлелдеп отыр. Бірақ, оны қазіргі технологиямен өңдеу тиімсіз. Келешекте ірі гидрометаллургиялық зауыт салынбақ.

ҚАНЫШ ҚЫЗЫНЫҢ ҚИСЫНЫ

Қысқасы, індете іздестіріп, сынаманы тереңнен тартса, талай кен қоры табылады. Осы жерде елеусіз жасырынып жатқан кен қатпары мен белгісіз қазба орнын қадағалап, түбегейлі зерттеген Қаныштың қызы Мейіздің кен минерологиясы жөніндегі көп жылғы еңбегіне жүгінген жөн. Ол Жезқазған кенінің қалыптасу негізі эндогендік (тереңде) текке жататынын анықтап, тәптіштеп түсіндірді. Беймәлім кен қатпарын тереңдегі горизонттан іздеуді ұсынды. Ең алдымен, «Покро – Оңтүстік-Батыс» телімінің оңтүстік-шығыс бөлігіне назар аударды. Сонау 1985 жылы айтылған сол ақыл-кеңес күні бүгінге дейін құнын жойған жоқ. Тек туындаған тосқауыл – кені алынған кеңістік арқылы бұрғылау қиындығы. Жоғарғы горизонттың кені алынып, бос кеңістік пайда болғандықтан, төменгі горизонтты бұрғылау үшін станокты жердің астына түсіру керек еді. Бұл кезінде күрделі көрінді, оның үстіне басшының бәрі бірдей қолдай қоймады, арасынан ашық қарсылық танытқаны да табылды. Соның салдарынан ұзақ жыл жұмыс жүрмеді. 2003 жылы шілдеде «Қазақмыс» басшылығы жер астында скважина бұрғылау арқылы кен іздестіруді бастауға нұсқау берді. Бірақ, ол үнемі күтпеген күрделі техникалық қиындыққа кездесе берді.

Дегенмен, кен қатпары болуы ықтимал деп Мейіз Сәтбаева жорамалдаған жобаның солтүстік-батыс беткейінен бұрын беймәлім болып келген жаңа кенді аймақ табылды. 450 метрден кейін жалғасы тағы жолықты. Атқарылған азды-көпті жұмыс нәтижесі өмірлік маңызы жағынан да, ғылыми тұрғыдан да, қызығушылық тудырады. Себебі, алынған дерек Жезқазған кен қыртысының әлі де ашылмаған қыры жеткілікті екенін көрсетеді. Сондықтан, байыпты зерттеу барысында талай «тосын сыйға» тап болу әбден мүмкін…

ТҮЙІН

– Жаңа жобаларға сәйкес геологиялық-барлау жұмысының кең көлемді бағдарламасы белгіленген. Оған биылдың өзінде 9 млрд. теңгеден астам жеке инвестиция салу жоспарланған. Бұл – былтырғыдан 1,5 есе артық. Көздеген мақсатқа жету және түбегейлі кен өндіру кезеңіне өту үшін жобаға техникалық-экономикалық есеп-қисап жүргізілген, ықтимал тәуекелді таразылай отырып экономикалық тиімділігі есептелген.

Жезқазған-Ұлытау аумағында жүргізілетін геологиялық барлау жобасы жөнінде айтсам, ол мыс, қорғасын мен мырыш іздестіруге бағытталған. Орындалған жұмыстың алғашқы кезеңінде Жезқазғанаймағында алынатын мыс көлемі 700 мың тоннаға дейін (бұл – 83 млн. тонна кен) өседі деген болжам бар, – дейді Ғалым Нұржанов.

Қуатты кен қоры – кемел келешектің сенімді кепілі. Бұл бағытта қазір «Қазақмыс» жүйелі жұмыс жүргізуде.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button