Ескертуді пиццамен бірге таратпақ

Теміртаулық өрт сөндірушілер қалада көбейген өрттердің алдын алуда жаңа тәсілге көшті. Тілсіз жаумен күресуге, дәлірек айтқанда ондай жауды келтірмеуге өрт қауіпсіздігі ережесі жазылған парақшаларды пиццамен бірге таратуды көздеп отыр. Бұған Теміртау қаласының кез келген тұрғыны атсалыспақ.

Облыстық төтенше жағдайлар департамент баспасөз қызметінің хабарлауынша, құтқарушылардың басты міндеті – адам өмірі мен олардың мүлкін аман алып қалу. Осы бағытта құтқарушылар үшін халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін жеткізу маңызды, себебі, өртті сөндіруден гөрі оның алдын алған әлдеқайда пайдалы. Сондықтан, құтқарушылар аулаларды аралау және тағы да басқа алдын алу іс-шараларынан бөлек, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін жеткізудің түрлі тәсілдерін қолданады. Теміртау қаласының төтенше жағдай басқармасы сусындар мен құтыдағы судың ірі өндірушісінің демеуімен тапсырыс берушілерге өрт қауіпсіздігі шаралары жайында жадынамалар таратуды жолға қойып отыр. Сонымен қатар, тұрмыстық газды газ балондарымен тасымалдауды жүзеге асырушы «Темир Газ» ЖШС демеуімен баллондағы газды тұтынушыларға өрт қауіпсіздігі шаралары туралы жадынамалармен жеткізу жұмыстары ұйымдастырылуда. Қазіргі уақытта «Оқжетпес» ЖШС көмегімен коммуналдық қызмет төлемдері туралы түбіртектерімен бірге пәтер және жекеменшік тұрғын үй иелеріне өрт қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар таратылуда. Бұдан басқа, пицца жеткізу бойынша қызмет көрсететін ұйыммен келісімге қол жеткізілген. Енді, Теміртау тұрғындарына пиццамен бірге қауіпсіздіктің алдын алу жадынамалары таратылады.

Нұрдос КӘРІМ