Тал бесіктен – жер бесікке дейін

Есік көрсету – елдіктің белгісі

Әр елде, ауылда атқарылатын салт-дәстүрдің өзіндік ерекшеліктері бар. Құйрық-бауыр жеп, құдалар қоржын ашып, жас жұбайлар беташары, тойы өткен соң «есік ашарға» шақырылады. Туыстардың жай-жапсарын толық ұғуға мүмкіндік беретін дәстүр атқарылар тұста жаңа түскен келін де өзін сыпайы жағынан көрсетуге тырысады. Осыны ескерген дана қазақ қызымыз келінімізден ғибрат алып өседі дейтінді алға тартқан. «Келіні жақсы үйдің, керегесі алтын» деген тәмсіл де осыдан қалса керек.

Ауылға келін түскеннен жігіттің ағайындары, жақын көршілері жас келінді шаңырақ көруге қонаққа шақырады. Немесе күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата-енесінің үйіне келеді. Дәстүрлер «отқа шақыру», «үй көрсету», «есік ашар» деп аталып жүр.

Негізі ертеде келін отқа шақыруға енесі, абысындары, қайын сіңлілерімен барған. Тойдан кейін орын алатын осы шақыруда келін өзінің бойындағы барлық әдептілігін, көрегенділігін көрсетуге тырысқан. Алғаш есігін ашып отырған үйге келін «ілу» алып барады. Бұрынғы дәстүрімізде келіннің артынан келген жасауынан бір зат апаруы керек екен. Қазіргі күні ілуге сол жасаудан болмаса да жаңадан сатып алып, немесе тойға түскен сыйлықтардың ішінен кілем, қымбат мата, басқа да бұйымдарды апарып жүр. Ол кәдені «отқа салар» деп атайды.

Шаңырақ көрсете отырып «Бүгіннен бастап келіп жүр. Бұл да бір үйің. Мұндағы бала-шағалар жақын екенін біліп жүрсін, араласып жүрсін» дегенді алға тартады. Бұрын «отқа шақыру», «үй көрсету», «есік ашар» деп шақырылатын қонақтарға ер адамдар ермейтін. Қазір күйеу жігітпен қатар атасы да еріп барып жүргенін байқайсыз. Негізі дәстүрлердің орнымен атқарылғаны жақсы, – дейді қарқаралылық Күлзия тәте.

Еліміздің көптеген аймақтарында «есік ашар» дәстүрі әртүрлі атқарылады. Көп жағдайда отқа шақыруды да келінді сынаудың бір түрі деп қарайтындар көп екен.

– Жақында жеңгемнің туысқаны үйленді. Тойдан кейін жеңгем келінін шаңырақ көрсетуге үйге «есік ашарға» шақырды. Жас келін енесімен келді. Сыйлық ретінде ілуге бір кілем алып келіпті. Ал, жеңгем де келінге кәдеге көйлек деп бір мата мен орамал, енесіне үлкен жаулық берді. Келіннің әкелген сыйына қарап, көрегенді әулетте, текті елде туып-өскенін байқадық, – дейді Марат есімді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.

Еліміздің басқа өңірлерінде келін апарған затын босағаға «іліп» кетпей, үй иесінің қолына ұстатуы тиіс. Дәстүрдің негізгі мақсаты – беташар рәсімі өтіп, ағайын-туыс үйлеріне тарқаған соң, тек өз отбасы мүшелерімен бірге қалатын келін күйеуінің жақын-жуықтарымен, туыстарымен танысып үлгермейтіндіктен, тезірек ағайынмен араласып кетсін деген ниеттен туындаған. Қонақтан кейін келін келген жеріндегі үлкен-кіші, ағайын жұртымен осылайша жақындасып, араласа бастаған. Атқарылған рәсім арқылы келін үлкен кісілерді танып-біліп, оларға тиісінше құрмет көрсетеді. Үлкендердің алдынан өтпей, әдептілік танытады, сыпайылық көрсетіп, жақсы жағымды келін екенін көрсетуге тырысып бағады. Осылайша, ертеде келін бала осы мерзімде «жаңа жерге бауыр бассын, отбасына үйренсін» және үйден ерте шығып жатқандай болса, ол «төсегінен суып қалады» деген ырымдар қатаң сақталған. Жарына сүйіспеншілігі кеміп қалмасын деген ырыммен келінді төркінге жылға жуық жібермеген. Жас келін ұзатылып келгеннен кейінгі төркін жұртына алғаш рет арнайы баруында да жас жұбайлар қастарына қайын сіңлі-қайныларын да ертіп алатын болған. Төркіндеткен қыз жөн-жоралғыларымен келіп, әулеттің үлкен-кішісіне сый-сияпаттар әкеледі. Күйеу бала жағдайы болса ат жетектей келуі тиіс. Сонда ғана қыздың өз еліне сапарлауы сәнімен атқарылған. Бабаларымыздың «Шешесін көріп – қызын ал, аяғын көріп – асын іш» дегені де келінді «есік ашарға» шақырған тұста айқын көрінетінін айтады үлкендер. Келіннің өз шешесіне, әсіресе нағашыларының қандай адамдар екеніне үлкен мән беретін бұл тәмсілдердің қалт кетпей жатқанын бүгінгі таңда көріп жүрміз…

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button