Бас тақырыпОблыс әкімі

Ерлан Қошанов халықаралық бақылаушылармен кездесті

Облыс әкімі Ерлан Қошанов ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро миссиясының бақылаушылары – Мартин Россман мен Камиль Форимен кездесті.

Бақылаушылар Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы күніне дейін өңірде жұмыс істейтін болады. Сайлау учаскелерінің дайындығын бақылап, сайлауалды жағдайын қадағалайды.

Қазіргі таңда Қазақстанда ЕҚЫҰ-нан 22 ұзақ мерзімді бақылаушы жұмыс істейді. Бұған қоса, 9 маусымға дейін елімізге қысқамерзімді бақылаушылар келеді. Олар сайлау учаскелерінде дауыс беру барысын және дауыстарды санауды қадағалайтын болады.

Біздің өңірде халықаралық бақылаушылар Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларындағы сайлау учаскелерінің жұмысына қатысуды жоспарлап отыр.

Сайлау күні Қазақстанда 200-ден астам шетелдік бақылаушы жұмыс істейтін болады.

 – Қазір біз сайлау комиссияларымен, қалалар мен аудандар әкімдіктерімен кездесіп жатырмыз. Ал, Елордада біз Президент лауазымына кандидаттармен және штаб мүшелерімен кездесулер өткіземіз, – деп түсіндірді Мартин Россман.

Ерлан Қошанов миссияға қатысушыларға Қарағанды облысы туралы және сайлауға дайындық туралы айтып берді. Өңірде сайлаушылар тізімі жаңартылды. Жаңа тізімде 938 мың адам бар. Олар үшін 787 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Әр учаскеде мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттілігі ескерілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында кәсіпкерлер қауымдастығы базасында шетелдік бақылаушыларға көмек көрсету орталығы құрылды. Бұл жерде оларға өңір бойынша трансфер, баспасөз конференцияларын өткізу және жұмыс істеу үшін алаңдар ұсынылып, қажетті түсініктемелер беріліп, тіпті, бос уақытын тиімді ұйымдастыру да қарастырылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button