Ерекше балаларға – заманауи орталық

Жезқазғанда медициналық орталық базасында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. «Қазақмыс» корпорациясы үй-жайды жөндеуге, жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ, медициналық персоналды оқыту мен біліктілігін арттыруға қажетті қаражат бөлді. Бұл туралы «Қазақмыс» корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Орталыққа жақын және алыс шетелдерде өндірілген заманауи жабдықтар сатып алынды. Олардың қатарында «Мотомед» реабилитациялық тренажері (Германия), вертикализатор, «Кенгуру» мобильді құрылғысы, аяқ-қолының кемістігі бар балаларға арналған нейроортопедиялық реабилитациялық пневмокостюм бар. Түзету кабинеттері ашылды. Сонымен қатар, соңғы үлгідегі компьютерлік томографы орнатылды.

Орталықта 18 жасқа дейінгі ерекше балалар оңалтудан өте алады. Емделуші балалардың ата-аналарының қайда жұмыс істейтіні маңызды емес. Ал, 18 жастан асқан туа біткен мүгедектігі бар емделушілер орталыққа ата-аналары «Қазақмыс» корпорациясында еңбек еткен жағдайда ғана барады. Бұл ретте оларды оңалтуға жұмсалатын шығындарды компания өз мойнына алады.

Қызғалдақ АЙТЖАН.