Бұқар жырау

Ерекше балабақша есігін ашты

Тамыз айының басында Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылында көпшілік көптен күткен «Нұр-сәби» балабақшасы есігін айқара ашты. Бұл ауылдық жерде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ашылған тұңғыш балабақша.

Көрнекі сурет

Кең де жарық, жанға жайлы бөлмелер, жаңа заманауи жиһаз, балаларға арналған ойын бөлмелері – барлығы кішкентай бүлдіршіндерге арналған. Ауыл тұрғындарының көп жылдан бергі арманын жүзеге асырған жеке кәсіпкер – Торғай Мағзұмова.

 – Бұрынғы балабақша ғимараты ұзақ уақыт бойы қаңырап бос тұрды. Балабақша ашу жөніндегі ой қашанда болғанымен, сәті биыл ғана түсті,– дейді көп жылдан бергі арманы жүзеге асқанын айтқан Т.Мағзұмова.

Типтік балабақша ғимараты қаңырап тұрған жылдары ауылдастары Т.Мағзұмоваға қолқа салып, ауылда балаларға мектепке дейінгі білім беру нысаны жоқтығын есептік кездесулерде, түрлі жиындарда көтеріп жүреді. Ақпарат құралдары бетінен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында балабақшалардың көптеп ашылып жатқандығын оқиды. Осылай, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизміне қызығушылық танытқан Торғай Мағзұмова облысымызда осы негізде ашылған нысандарды зерттей бастайды.

Балабақшаның ашылу жұмыстарына бір жылдай уақыт кетіпті. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалымен бірлесе отырып «Балабақшаға жөндеу жұмыстары және ашу» тақырыбындағы бизнес-жоспар жасалып, нәтижесінде өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 5 жылға 6 пайыздық үстемемен 9,7 млн. теңге көлемінде несие алады.

Осылай несиелік және өзіндік қормен жеке кәсіпкер ғимаратты жөндеуден өткізіп, ойын, ас бөлмелеріне қажетті жабдықтарды алып, сантехника және өзге де қажетті құралдарды сатып алады.

 – Ең қиыны жобаны «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында қорғап, дәлелдеу болды. Жоба он жылға арналған және әр жыл сайын оны нақты сандар мен дәйектермен дәлелдеу қажет,– дейді Торғай Мағзұмова.

Төгілген тер мен атқарылған істің нәтижесі өз жемісін беруде. Балабақшаның ашылған күнінен бастап оған 40-қа жуық бала келеді. Алдағы уақытта олардың қатары ауыл бойынша кезекте тұрған 54 баламен толықпақ. Қалалық жерлермен салыстырғанда, ай сайын бір бала үшін төленетін жарна да қалта көтеретіндей.

Негізінде, жекеменшік балабақшада әр балаға кететін шығынды 29 мың 900 теңге деп белгілеген. Аудандық білім беру бөлімі жаңа балабақшаға 100 орынға мемлекеттік тапсырыс беріп, соның нәтижесінде 2-3 жас аралығындағы балаларға айлық төлем – 10 мың 500 теңге, 3-6 жас аралығында – 11 мың теңгені құрады.

Жаңа балабақшада қазіргі таңда 2, 3, 4 пен 5, 5-6 жас аралығындағы үш топ қазақ және орыс тілдерінде білім алуда. Жақын уақытта ағылшын тілі де қосылмақ. Оған қосымша тәрбиешілер, күтушілер, аспаз, әдіскер, медбике сияқты мамандар да жұмыспен қамтылуда.

Жаңа нысанның ашылуы арқасында жұмыспен қамтылғандардың бірі – Гүлмира Искакова. Дефектолог маман отбасы жағдайына байланысты қалаға бара алмай, ауылда тиісті мамандықтың жоқтығынан 15 жылдан бері жұмыссыз отырған.

– Ауылымызда жаңадан балабақша ашылғалы жатқанын естігенде, құжаттарымды алып келдім. Мені логопед маман ретінде жұмысқа қабылдады. Балалармен жұмыс жасаған өзіме ұнайтындықтан, үлкен құлшыныспен іске кірістім. Балалар да еңбегімді еш кетірмей, дұрыс сөйлеп, әріптерді нық айтуға дағдылануда,– дейді Гүлмира Қайыргелдіқызы.

Жұмысқа орналасқан мамандармен бірге өз балаларын, немерелерін күн сайын балабақшаға әкелетін ауыл тұрғындары да дән риза. Солардың бірі – немересі Әнелді әкелген жас әже Гаухар Тоқжігітова.

 – Немерем балабақшаға келгенді ұнатады. Әлі анық сөйлей алмаса да, өзі қатарлас балалармен тіл табысып, тәрбиешілеріне асығып тұрады. Ұзақ уақыттан бері ауыл тұрғындарының арман-тілегіне айналған балабақша ғой бұл. Қазіргі уақытта балалардың толыққанды қалыптасуы үшін мектепке дейінгі білім беру нысандарының маңызы зор,– дейді қуанышын жасырмай.

Торғай Сағымбекқызының алға қойған арман-мақсаттары әлі де көп. Ең кішкентай бүлдіршіндерімізге арналған топ, балабақша жанынан «балаларға арналған сауықтыру-оңалту орталығын» ашсам дейді. Алдағы уақытта жаңа жобалардың жүзеге асатындығына да кәміл сендік.

 Аудандық білім беру бөлімінен білгеніміздей, аудан бойынша 0-6 жас аралығындағы 1204 бала кезекте тұрса, аудан орталығы Ботақара кентінде 227 бала, қалаға жақын орналасқан Доскей және Үштөбе ауылдарында 296 бала кезекте тұр екен. Жергілікті атқарушы билік алдағы уақытта атаулы мәселені шешуде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасын кеңінен қолданбақ.

Назерке ӘБІКЕЕВА.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button