Білім

Ерекше балаға – Art-шеберхана

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар өздеріне жиі көңіл бөлгенді ұнатады. Кейінде бүлдіршіндердің жайына ден қойған отандық ғалымдар оларға арнап ерекше жобалар ойлап таба бастады. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің педагогика факультетінде ерекше балаларға арналған Art-шеберхана ашылды.

Жоба жас ғалымдардың «Ғылымдағы жаңа есім» ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған оқу орны ішіндегі грант шеңберінде жүзеге асты. Авторы – арнайы және инклюзивті білім беру кафедрасының оқытушысы Камила Аринова.

– Art-шеберхананы құруға кафедра оқытушылары атсалысты. Жобаның мақсаты – шығармашылық сабақтар арқылы ерекше балаларды әлеуметтендіруге ықпал ету. Art-терапия тұлғааралық дағдыларды қалыптастырып, әлеуметтік бейімделуді жеңілдетеді, белсенділікті оятады. Балалармен студенттер және еріктілер айналысады. Теориялық білімді тәжірибеде ұштайды. Ашылу салтанатына «Аутист балалардың ата-аналар қауымдастығы» өкілдерін шақыр­дық. Кафедра қормен ынтымақтастық орнатқан, – дейді Камила Аринова.

Art-шеберхана кафедрадағы арнайы және инклюзивті білім беру ресурстық орталығымен бірге орналасқан. Шығармашылық сабақтарға қажетті барлық заттар, заманауи оқу-әдістемелік құралдар, электрондық бағдарламалар бар. Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар, сондай-ақ үйде оқитындар да қатысады.

Жас педагогтер әрбір баланың шығармашылық әлеуетін ашу үшін жұмыста инновациялық тәсілді қолданады. Ол үшін модельдеу, изо, имаго, ертегі, кинезо, музыкалық терапия секілді педагогикалық әдістер таңдалды.

– Зертхана болашақ педагогтердің кәсіби дайындығын жетілдірумен, мектепке дейінгі білім беру жүйесі үшін цифрлық білім беру ресурстарын әзірлеумен айналысады. Біз балаларын ерте дамыту мәселелері бойынша кеңес алатын тәрбиешілер, ата-аналар үшін жұмыс істейміз. Қарағанды өңірінің мектепке дейінгі білім беру педагогтерімен ынтымақтастықта студент, магистрант, докторанттар тартылатын ғылыми-зерттеулер жүргіземіз, – дейді жоба жетекшісі, мектепке дейінгі және психологиялық-педагогикалық даярлық кафедрасының профессоры Наталья Мирза.

Профессордың айтуынша, балалар шеберханадан көптеген қызықты және пайдалы дүниелер табады. Ата-аналарға мектеп жасына дейінгі баланың эмоционалды интеллектін дамыту, нейрогимнастиканы жүргізу, гипербелсенді балалармен жұмыс істеу жайлы айтылады.

Ерте даму зертханасы алдағы уақытта сайтын іске қоспақшы. Әзірге YouTube арнасы жұмыс істейді. Педагогтер, ата-аналар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған танымдық және білім беру роликтері бар.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button