Эпидемиологиялық жағдай асқынып тұр
Соңғы ресми деректер бойынша індет қармағына ілініп жатқандар да, ем алып жатқандар да, одан қайтыс болғандар саны да көбеймесе, азайған жоқ. Жарты миллоннан астам адам коронавирус жұқтырды. Анықталған 5179 жағдайдың ең көбі Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды облысынан бөлек, Шымкент қаласы мен Атырау облысында тіркелген.
Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің таратқан мәліметіне сүйенсек, 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 3463,2 құрады. Ауру белгілері бар науқастар – 70,4%. ондай белгілер байқалмаған вирус тасымалдаушылары – 29,6%. Өткен аптамен салыстырғанда соңғы аптада сырқаттанушылық 1,6 есе өскен. Мұндай жағдай облыстың барлық қалалары мен аудандарында байқалады. Бұрынғыдай індет 60 жастан асқандар арасында жиі кездеседі. Ол барлық ауырғандардың 21%- ын алады. 30-39 жастағы адамдар – 18%, 50-59 жастағы адамдар – 16,5% және 14 жасқа дейінгі балалар арасында ауырғандар 13,7%-ды құрайды. Кешегі дерек бойынша ел көлемінде 64 367 адам ем алып жатыр. Стационарларда 20 050 науқас болса, амбулаторлық деңгейде 44 317 науқас бар. 1 157 адамның жағдайы ауыр. Аса ауыл халде жатқан 263 адам болса, 160 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазір оптимистік және реалистік сценарий бойынша келе жатқанымызды айтты.
– Егер төсек-орын қоры азайғанын байқасақ, бұдан да қатаң шаралар қабылдау, шектеу енгізуге мәжбүр боламыз. Қазіргі таңда ел бойынша 36 мың орынның тең жартысы бос емес. Сонымен қатар, қосымша 24 мың орын бар. Егер, төсек-орын толымдылығы 70%-ға жететін болса, ол денсаулық сақтау жүйесіне салмақ салады. Мұндайда, жекелеген аймақтар бойынша толық локдаун енгізуге дейін қаралатын болады, – деді А.Цой.
Кешегі күнгі мәліметке сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары – «қызыл» аймақта. «Сары» аймақта Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары ғана қалды.
Жансая ОМАРБЕК.