Елемеген ауру жаман
«Гиппократ» клиникасы туберкулезге күдікті мигранттар мен олардың отбасы мүшелерін тегін тексеруден өткізуде. Аталмыш ұйым медициналық көмек көрсету үшін «Үміт» қоғамдық қорымен келісім-шартқа отырды. Келісім-шарт мерзімі –үстіміздегі жылдың маусым айына дейін.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда отыз мыңнан астам шетелдік ресми түрде жұмыс жасайды. Заң бойынша олар тегін медициналық көмек алатын тұлғалардың тізіміне кірмейді. Енді Қазақстан Республикасының бейрезиденттері жаһандық қордың қолдауымен «Гиппократ» емханасында тегін тексерілуден өтетін болады.
Скрининг мақсаты – еңбек мигранттары арасында шекаралық көші-қонды бақылау мен туберкулезді емдеу, қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мен жол бермеу бойынша азаматтық бастамаларды қолдау.
Бүгінде тексеруден 31 адам өтсе, олардың 1-еуі туберкулездің ашық формасымен ауырған. Емделуші қазір облыстық туберкулезге қарсы диспансерде тегін ем алып жатыр. Туберкулезді тексеру тізіміне кеуде қуысы ағзаларының флюорографиясы, микроскопия, көкірек қуысы ағзаларының рентгенографиясы, терапевттің қарауы кіреді.
Салтанат ИЛЬЯШОВА