Жаңалықтар

Елдіктің еңселі нышаны

Өткен 2021 жыл ел есінде Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен есте қалды. Ал, биыл Мемлекеттік рәміздерге де осы айтулы дата бұйырып тұр. Өйткені, 1992 жылдың 4 маусымында Жоғарғы Кеңес отырысында Мемлекеттік рәміздер бекітілді.

«Біз бүгін аса маңызды тарихи оқиғаны бастан кешіп отырмыз. Бәріміз асыға, сарғая күткен күн енді тарих жылнамасына енетін болады. Міне, жаңарған Жалауы, Елтаңбасы, Әнұраны бар ел болдық. Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Жалауын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы» деген еді Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол тарихи отырыс кезінде.

2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Содан бастап, жыл сайын осы күні Мемлекеттік рәміздер күні мерекесін атап өтудеміз.

Егемен ел атанғанымыздан кейін Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды.

Конкурсқа 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік Ту эскиздері бойынша 1200 өтінім, Елтаңбаның 245 жобасы мен Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылды. Қорытынды сында көрнекті суретші Шәкен Ниязбековтің эскизі, белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың жобасы және Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева секілді танымал ақындардың мәтіні қабылданды. Әнұран әуені ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди сынды аса көрнекті композиторлардың музыкасы қалдырылды. Биыл Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің Әнұран болып қабылданғанына 15 жыл толды. 2006 жылдың 6 қаңтарында Елбасының бастамасымен Парламент отырысында осы туынды бекітілді. Нұрсұлтан Назарбаев ақын Жұмекен Нәжімеденовтің мәтініне заманға сай өзгерістер енгізді. Арада бес күн өткенде, 11 қаңтар күні Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде жаңа Әнұран алғаш рет орындалды. Ел Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы қаулысымен Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны, Әнұранды пайдалану тәртібі бекітілген. 2019 жылдың 28 маусымында осы құжатқа өзгеріс енгізіліп, жеке және заңды тұлғаларға патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің және оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда, соның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда Туды ілуге рұқсат берілді.

Мемлекеттік Тудың да, Елтаңбаның да стандарттары бекітілген. 2018 жылы Елтаңбаның жаңа стандарты туралы заңнама күшіне енді. Осы стандарттарды қатаң сақтау қажет. 2018 жылдың 12 шілдесінде Қылмыстық кодекстің 372-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес Мемлекеттік рәміздерді қорлағандар жауапкершілікке тартылады. Осындайларға екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына және алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button