Руханият

Ел заңының іргетасын қаласқан Алаш перзенті

Алаш ардақтыларының алдыңғы қатарында тұратын ұлт перзенті, Алашорда үкіметінің мүшесі, жетекші қайраткерлерінің бірі, заңгер, қазақтан шыққан тұңғыш құқықтану магистрі Жақып Ақбайұлы Ақбаев өзінің қысқа ғұмырын елінің болашағына арнап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, арпалыспен өткізіпті. Көзі тірісінде қайран ер қуғын-сүргіннен көз ашпаған. Ал, қудалау үстіндегі өткен өмір жолдарына үңіле бастасаң, еріксіз таңданасың. Сол қысқа ғұмырында қалайша осыншама артына айшықты таңбалы іздерін қалдырып, қаншама жарқын істер ­тындырып кеткен десеңізші?!

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Бәлкім, оның жасаған елу сегіз жылдық ғұмыры өзге Алаш арыстарымен салыстырғанда ұзақ та болып көрінер, бірақ, жаратушы құдірет соншалық дарын сыйлаған, бергенінен берері көп, жан-жақты қабілетті адам үшін бұл мүлде аз, есік пен төрдей қас қағым келте еді.Оның нағыз толысқан, пісіп-жетілген шағында көз жұмуы сол кездегі жоғын түгендеу үстіндегі ұлтымыз үшін орны толмастай болғандығы айқын.

Жақып Ақбайұлын дүниеге әкелген Ақтоғай топырағы XX ғасырдың ұлы перзенті, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды, тағы бір Алаштың ардақтысы Әлімхан Ермековтерді бір-бірімен жарыстыра, ілгерілі-кейінді өмірге әкеліп, ұлт мұраты жолында табыстырып, бастарын біріктіріпті. Осы үш перзентімен-ақ Ақтоғай өңірі сол дәуірде бүкіл түркі әлемін дүр сілкіндіріп, Ресейдің отаршыл империясының іргесін шайқалтқан Алаш партиясының негізі қалануына ұйтқы болған бір орталығымызға айналғандығын аңдауға болар еді. Жұртымыздың топырақ қасиетіне айрықша мән беретіндігі де осында сияқты. Қазақ даласында бір өңірде туып, бір-біріне ықпал етіп, магнитше тартқан, қатар жарыса өмірге келіп, тізе қосып, дүниені төңкерген топырақтас перзенттеріміз көп. Қазақтың тектілігін де осы арадан іздеуіміз керек сияқты. Жауларымыз да осыны жақсы біліп, Алаш жұртын шашырата қоныстандыруға, бастарын қоспауға күш салып отырғандығы белгілі…

Сөз орайына қарай айтып жатырмыз. Дей тұрсақ та, жеке тұлғаларымыздың қадір-қасиетін ұлт тарихының даму бастауынан, тамырынан тартып, түп-тұқияннан қуалай өрістетсек, шығу тегімізбен, топырақ құнарымен байланыстыра отырсақ, діттеген мақсат-мүддеміз де айқындала, анық таңбалана түспек. Тамырынан ажыраған жұрттардың қандай күйге түсетінін өз тарихымыздан да, үстем саясат ұстанған жұрттардың жүріп өткен белестерінен де болжап отырмыз. Тарих сабағы ұмытылмауға тиіс.

Жақып Ақбайұлының күреске толы өмір жолдары барша Алаштың қайнаған ар-намысының, елдік мұрат-мүддені аңсаған тілегінің ортақ сипатындай…

Досжан ӘМІР,
ҚР Жоғарғы сотының судьясы

Мақаланың толық нұсқасын газеттің бейсенбіде шыққан №128 (23 304) санынан оқи аласыздар.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button