Басты тақырыпСпорт

Ел құрамасы ерлеп тұр

    Қысқы Универсиада ойындарының жетінші күнін Қазақстан құрамасы екінші сатыда қорытындылады. Алатау баурайындағы жаһандық жастар додасында командалық есепте Ресей спортшылары көш бастап келеді.

Ел қоржынына тоғызыншы алтынды шаңғышылар салды. «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетілген бәсекеде жұптасып жарысқан Олжас Климин мен Анна Шевченко мәре сызығын бірінші кесіп, алтын медальді олжалады. Екінші келген француздар күміс жүлдені еншілесе, ресейлік спортшыларға қола бұйырды.

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ел үмітін ақтады. Еркін бағдарламада өнер көрсеткен Денис 266.97 ұпай жинап, Универсиада алтынын иеленді. Жеңіс тұғырының екінші сатысына 252.09 ұпайы бар жапон Кэйдзи Танака көтерілсе, қола медальді швециялық Александр Майоров қанжығалады.

Сондай-ақ, биатлоншылар аралас эстафетада күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл бәсекеде сайысқа араласқан Галина Вишневская, Дарья Усанова, Василий Подкорытов және Антон Пантов ресейліктерге ғана есе жіберді. Қола жүлдеге Украина жастары ие болды.

Сайыс барысында Галина Вишневская мен Дарья Усанова ресейліктерден 1,5 минут көрсеткішке басым түскен еді. Алайда, Василий Подкорытов нысана көздеуде мүлт кетіп, салдарынан ресейліктер қазақстандық спортшылардың алдын орады.

Жерлесіміз Екатерина Айдова екінші мәрте қола медальді қанағат тұтты. Конькиші қыз 1000 метр қашықтықта жарысқа араласып, 1:19.53 көрсеткішімен жүріп өтті. 1:19.10 нәтижесін көрсеткен ресейлік Александра Качуркина бірінші орынды жеңіп алды. Ал, үшінші орынға оңтүстіккореялық Ким Хьюн Юн (1:19.19) тұрақтады. Еске сала кетсек, Екатерина бұған дейін 1,5 шақырым қашықтықта та үшінші орын алған-ды.

Биатлоншы Роман Еремин 10 шақырымдық спринтте қола медаль иегері атанды. Алғашқы екі орынды, тиісінше, ресейліктер – Семен Сучилов пен Дмитрий Иванов өзара бөлісті.

Тағы бір қоланы конькиші Нұрберген Жұмағазиев алып берді. Шорт-тректен 1500 метр қашықтықта жарысқан Нұрберген корей спортшыларынан ұтылып қалды. Алтынды – Парк Джи Вон, күмісті – Ким До Кюм жеңіп алды. Нұрберген бірінші орын иегерінен 0,665 секундқа қалып қойды.

Хоккейшілеріміз де ерлеп тұр. Жексенбі күні «Халық – Арена» мұз сарайында азулы деп айдар таққан Швеция құрамасымен өткен ширек финалдық кездесуде 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Алғашқы шайбаны 11-ші минутта құрама капитаны Константин Савенков салды. 1:0. Келесі шайба 43-ші минутта соғылды. Кирилл Савицкий мергендігімен көзге түсті. 2:0. Арада бес минут өте Никита Михайлис есепті 3:0-ге жеткізді. Ал, ойынның тәмамдалуына екі минут қалғанда Алексей Анциферов кездесудің соңғы шайбасын соғып, тартысты ойындағы есепке нүкте қойды.

Енді, қазақстандық хоккейшілер жартылай финалда Чехия құрамасына қарсы ойнайды. Чехтар ширек финалда словактарды 4:3 есебімен тұқыртқан еді. Ойын 7 ақпанда, яғни, бүгін өтеді.

Сөйтіп, ел құрамасы Универсиаданың жетінші күні – 5 ақпанды 23 медальмен түйіндеді. Спортшыларымыз осы уақыт аралығында 10 алтын, 3 күміс, 10 қола медальмен қоржынымызды қампайтты. Көш тізгіні – ресейліктерде. Теріскейдегі көршілеріміздің иелігінде – 49 жүлде (18 алтын, 20 күміс, 11 қола). Үздік үштікті Оңтүстік Корея құрамасы тұйықтады. Корейлерде 7 алтын, 3 күміс, 3 қола бар. Бұдан кейін медаль саны бойынша Польша, Жапония, Италия, Франция, Украина, Белорусь және Қытай командалары орналасқан.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button