#Biz birgemiz!Балқаш

«Ел еңсесін ер көтерер»

Балқаш қаласының тұрғындары «Біз – біргеміз!» акциясы аясында игі іске өз үлестерін қосып жүр. Қайырымды жандар көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың шаңырақтарына барып, азық-түлік қоржындарын таратуда.

Еріктілер сәуірдің басынан 32 отбасыға азық-түлік жеткізіп беріпті. Және әр аптаның жұмасында жоқжітікке жәрдемдесіп келеді.

– Біз еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, сондай-ақ, келген қасиетті Рамазан айында өз тарапымыздан мұқтаж адамдарға аз да болса көмек беруді жөн көрдік. «Ел еңсесін ер көтерер» демекші, бір сыныпта қатар оқыған құрдастарым – Сейітмұрат Тәтибеков, Асқар Бейсенбаев, Жасұлан Әлішер, Дастан Қазақбаев, Дастан Башаев менің қайырымдылық шарасына қатысты бастамамды бірден қолдады. Қазіргі уақытта бірге оқыған құрдастар ақша жинап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды өзіміз іздеп, тауып, қамқорлық танытып жатырмыз. Ең бастысы – халқымыз ауру-сырқаудан аман-есен шықса екен деген тілегіміз бар! – дейді қайырымды жандардың бірі Төлеу Оңалбайұлы.

Ел басына күн туған кезде қиындықты бірлікпен ғана жеңуге болатынын білетін еріктілер қайырымдылық шарасы жалғасатынын айтты. Жақсылық жасап жарысқан жігіттер алдағы күндерде көпбалалы отбасыларға көмек қолын созуды жоспарлап отыр.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button