Жаңалықтар

Ел болашағының бағдарламасы

    Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикалық – әлеуметтік дамуының кешенді стратегиялық бағдарламасы мен оны жүзеге асырудың жолдары айқын ашып көрсетілген.

Тәуелсіздігінің 25 жылы аясында еліміз дамудың екі жаңғыру сатысынан өтіп, аз уақыт ішінде саяси-экономикалық, әлеуметтік қуаты кемелденіп, әлемдік аренада абыройы асқақ, жасампаздық қабілеті мен тұрақтылығы ең сенімді бейбітшіл мемлекет ретінде бой көрсетті. Еліміз аса беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып, жаһанның дамыған 50 елінің қатарынан ойып тұрып орын алды.

Алайда, әлемде басталған Төртінші өнеркәсіптік революция, экономиканы жаппай цифрландыру үрдісі экономикалық өнімнің жаңа моделін құру қажеттілігінің, шаруашылықтың барлық салаларын бүтіндей қайта жаңғыртып жарақтау міндеті мемлекетіміздің алдына кезек күттірмейтін мейлінше тың талап қойып отыр.

Елбасы халыққа Жолдауында бұл жаңғырудың бес басымдылығын айқындап, оларды жіті талдап, әр басымдылықтың маңызына айрықша тоқталды.

Үшінші жаңғырудың ең шешуші басымдылығы – экономиканың жедел әрі сапалы түрде технологиялық жаңғыртылуы, бұл деген – цифрлық технологиялар базасын жасап, соның негізінде жаңа өміршең салаларын жасау.

Бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және оны барынша кеңейту, ол үшін кәсіпкерлікке барлық қолайы жағдайларды жасау, мемлекеттің экономикаға қатысын азайту, макроэкономикалық тұрақтылық пен адами капитал сапасын жақсарту, институцианалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қатысты мәселелер – бес басымдылықтың құрамдас міндеттері. Елбасы Жолдауында атап көрсетілген аса маңызды кешенді үш міндет: цифрлық технологияны өркендету, жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, еңбек нарығын жаңғырту міндеттерін орындау ел өмірінің гүлденуіне, әлемдік экономикалық бәсекелестікке қабілеттілікке, жаһандық өркениеттің даму үрдісіне еліміздің өзіндік сыбағалы үлесін қосуына, халықтың мәдени, әлеуметттік – тұрмыс жағдайын жақсартуына қуатты серпін береді.

Жолдауда адам капиталының сапасын жақсартуға – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, халықты жаппай жұмыспен қамту тегін кәсіптік білім беру сияқты ел көкейндегі елеулі мәселелер де қамтылған.

Әлеуметтік ақпараттың 90 пайызын құрайтын ағылшын тілі жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі, онсыз ілгері қадам баса алмайсың, ағылшын тілін үйренумен қатар Елбасы ұлтжандылықты дамытуға, қазақ тілінің басымдығын сақтауға ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайтуға, кәсіптік білім беру стандарттарының еңбек нарығының талаптарына сай және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуының қажет екендігін Жолдауда айқындап берді. Бұл тұжырым ұстаздардың көңіліне қуаныш ұялатқаны сөзсіз. Әсіресе, оқу базасы әбден ескірген кәсіптік техникалық білім беретін оқу мекемелерінің қазіргі мүшкіл жағдайы заманауи оқу стандарттарына мүлдем сәйкес келмейтіні баршаға аян. Кәсіптік білім беруге жұмыссыз жастармен бірге кәсіптік білімі жоқ ересек адамдардың қамтылуы жасында кәсіптік білім, мамандық алуға жағдайы болмай, бүгінгі таңда екі қолға бір күрек таба алмай дағдарып жүрген азаматтарға сүйінші хабардан кем болған жоқ.

Жолдаудағы әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты мәселелер де халық көңілінен шықты деп ойлаймыз. Зейнетақының, бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақының, ең төменгі күнкөріс шегінің, мүгедектер мен асыраушысынан айрылған отбасыларға берілетін жәрдемақының, мүгедек бала асырап отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақыны 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін өсіру, тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфоқұрлымды жақсарту жөніндегі шешімдер көңіл қуантады.

Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен күрес және оны жоюдың жолдары да Жолдауда кеңінен қамтылған.

Бейбітшілік пен тыныштықты, бірлік пен ынтымақты татулықты өміріне арқау еткен жасампаз Мәңгілік Еліміздің әлемдегі ең кемел, дамыған 30 мемлекеттің қатарында салтанат құратынына, халқымыздың, ұрпақтарымыздың жарқын болашағына кәміл сенімді әрбір азаматымыздың Елбасы Жолдауында көрсетілген барлық міндеттерді абыроймен жүзеге асыруға өз үлестерін қосуы парыз.

Ғазым ЖАРЫЛҒАПОВ,

облыстық мәслихаттың депутаты,

Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы,

«Құрмет» орденінің иегері,

Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледждің директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button