Ел – азат, рух – асқақ
Биыл Республика күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығының және ел дамуының жаңа кезеңінің аясында табалдырық аттамақ. Мемлекеттілік пен Егемендік бастауының бойтұмарындай болған мерейлі датаға облыста даярлық мығым. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев аппарат жиынында жоспарланған барлық шараның жоғары деңгейде, идеологиялық бағытта өтуі тиіс екенін ерекше атап өтті.

– Мәртебелі мерекенің әр күні елдіктің, отансүйгіштіктің және халық бірлігінің рухын айқын көрсету қажет, – деп баса белгіледі сөзінің басында облыс әкімі.
Маңызды мерекенің өрісі кең. Өңір бойынша мәдени іс-шаралардың өзі 200-ге жуықтаса, оның 30-дан астамы облыстық мәдениет және өнер ұйымдарында өтеді. Тақырыптық шаралардың жалпы саны 400-ден асып жығылады.
– Арнаулы көрмелер, әдеби-патриоттық кештер, тарихи-танымдық кездесулер, шығармашылық байқаулар, зияткерлік ойындар мен квесттер, флешмобтар, мұражай сабақтары, экскурсиялар, ашық есік күндері сынды шаралар легінің бәрі де бір мақсатқа, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етеді. Мәдени шаралар қоғамның барлық тобына, соның ішінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қолжетімді форматта ұйымдастырылады, – деді сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
Мереке шуағы мектеп парталарынан университет аудиторияларына дейін жетегабыл. Мәселен, 22 қазанға дейін барлық білім беру ұйымдарында «Республика және Конституция: жауапты азамат – қуатты мемлекет» атты зияткерлік-ағартушылық апталығы өтуде. Тақырыптық сабақтар, дәрістер, ашық пікірталастар мен дебаттар мемлекеттілік негіздері, Конституция, азаматтардың құқығы мен міндеттері мәнінде өрбімек. Жоғары оқу орындары мен колледждерде түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер және таңдаулы сарапшылармен кездесулер ұйымдастырылады. Ілкімді шаралар еңбек ұжымдарын да айналып өтпейді. Көптеген кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек ардагерлері мен үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімдері жоспарланған.
– Онкүндіктің басты салтанаты 23 қазан күні Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында өтетін «Азат елдің асқақ рухы» мерекелік концерті болып белгіленді. Ал, қалалар мен аудандарда осыған ұқсас мерекелік шаралар 24 қазанда белгіленді, – деп мәлім етті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалым Өтелбайұлы.
Сахна төрінде италиялық әйгілі опера әншісі Уго Тарквини, қазақстандық эстрада жұлдыздары, атап айтқанда, AYREE, GAISSIN ORCHESTRA солистері мен Ибрагим Ескендір, Нұржас Садырбаев өнер көрсетеді. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістері мен өңірдің өзге де шығармашылық ұжымдары да өнерін көрермен жұртқа паш етеді.
Бағдарлама төрт бөлімнен тұрады. «Азат елдің асқақ рухы» атты алғы бөлім қазақ халқының тарихи мұрасына, Азаттық жолындағы күресі мен ұлттық рухына арналса, «Музыка әлемінің жауһарлары» бөлімінде классикалық, академиялық және ұлттық музыка туындылары орындалмақ. «Бірліктің мекені – Қазақстан» бөлімі халық бірлігін, этносаралық келісім мен мәдени әралуандықты дәріптейді. Ал, «Арқаның асқақ мерекесі» – «90 жылдық тағылым» атты қорытынды бөлімі Қарағанды өңірінің тарихы мен мәдени мұрасына, облыстың 90 жылдық мерейтойына бағытталады.
Республика күні қарсаңында аймақтың әр түпкірінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың ашылу рәсімдері де өтеді. Кешенді шаралар өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыра түсетіні сөзсіз. Мәселен, 21 қазаннан бастап, Ақтоғай ауылында «Алаш орталығы», Қарқаралы ауданы Көктас ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде ту діңгегі, Нұра ауданы Құланөтпес ауылдық округінде ветеринарлық бекет, Осакаров ауданында ветеринарлық пункттер, Нұра кентінде Өнер үйі, Өспен ауылдық округінде өрт сөндіру бекеті, Осакаров ауданы Қарағайлы ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, ал, Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында «Петро Ретайл» жанармай құю станциясының ашылу рәсімдері өтеді.
Қалалар мен аудандарда мерекелік безендіру жұмыстары толығымен аяқталуға жақын. Облыс бойынша 110 баннер орнатылып, 23 LED-экран, 50 медиабордтан бөлек 410 ту құрылымы тіктелді. «Туымыз төрімізде» республикалық акциясы аясында тұрғын үйлердің самалдықтары мен терезелеріне Мемлекеттік Ту ілінеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да сәтімен жалғасуда. Мереке күніне дейін аулалар мен көшелер, саябақтар мен су айдындары тазартылып, абаттандырылады. Қарағанды қаласындағы саябақтардың бірінде «Таза Қазақстан» тақырыптық бұрышы ашылса, Шет ауданының Ақжал кентінде жаңа саябақ есігін айқара ашады.
Мерекелік көңіл-күйді сауда орындарынан да бек сезіне аласыз. 17 қазаннан бастап, облыста «Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары өтіп жатыр. Бұған 18 сауда нысаны мен 67 супермаркет ұжымы жұмылдырылды. Негізгі мерекелік ұтқыр ұсыныстар 21-27 қазанға көзделді. Осы күндері азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға 5 пайыздан 50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылды. Ауқымды акциялар тұтынушыларға қажетті тауардың қолжетімділігін молынан арттыруға, ішкі сауданы қолдауға және отандық өндірушілердің өнімін өткізуге септеседі.
Ал, ауыл өнімінің жәрмеңкесі «Республика күніне» арналған акцияның аясында ұйымдастырылады. 31 қазан күні Қарағандыда «Дала Дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. 7 қарашадан бастап, осыған ұқсас жәрмеңкелер Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Приозёрск және Саран қалаларында қоса ұйымдастырылады.
Ақпараттық бағытта кең көлемді жұмыс 15 қазаннан басталып кеткен. Бүгіннен бастап, әлеуметтік желілерде «Менің Қазақстаным» челленджі мен «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы бастау алады. Оған мәдениет және спорт қайраткерлері, жастар мен қоғам өкілдері дерлік қатысады. Сонымен қатар, «Republic Day» атауымен қазақстандықтардың құттықтаулары жинақталған челлендждер өтеді.
Мерекенің шарықтау шегі – 25 қазан. Осы күні облыстың барлық қалалары мен аудандарының орталық алаңдарында Мемлекеттік Гимн орындалып, Мемлекеттік Ту көтерілетін салтанатты рәсім бір мезгілде өтеді. Барлық мәдениет үйлері мен спорт нысандарында мерекелік концерттер мен спорттық жарыстар өткізіледі. Орталық алаңдар мен саябақтарда бұқаралық халықтық шаралар жалғасады.
Барлық іс-шараның қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде өтуі үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен өрт қауіпсіздігі қағидалары сақталып, төтенше жағдайлар департаментімен, полиция департаментімен және денсаулық сақтау басқармасымен өзара іс-қимыл ұйымдастырылады.
Иә, мереке сәні – халықтың шаттығымен өлшенеді. Мәдениет пен өнер өрісі салтанат құрып, ауылдар ажарланып, жаңа нысандар ел игілігіне жол тартуда. Республика күні осы жасампаздыққа жігер қосып, елдік мұрат жолындағы ынтымақты нығайта түседі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



