Ел азаматтары – «ЭКСПО-да»
Сәрсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ бастаған қарағандылық делегация «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне барды. Елордаға ат шалдырған топ құрамында Елбасы серіктестері, облыстың қала, аудан әкімдері мен басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері бар.
Қазір – «ЭКСПО – 2017» көрмесінің қызған шағы. Халықаралық шараны, орта есеппен, күніге 45 мыңдай адам тамашалауда.
Әлемнің назары – бейбітшіліктің бесігіне айналған біздің елде. Алты құрлық Астанаға ат шалдыруда!
Жалпы, өткен айдың соңындағы ресми дерекке сүйенсек, «ЭКСПО-ны» екі мыңдай адам тамашалап үлгерген.
Көрменің игілігі біздің өңірдің де қарқынды дамуына сеп болары көпке аян.
Мәселен, алдағы жылдары заманауи ғылыми жетістіктер көмегі арқылы біздің облыстағы қалалар жүйелерін жаңғырту жоспарлануда. Облыс әкімі Ерлан Қошановтың тапсырмасымен қарағандылық мамандар «SIEMENS» компаниясы инженерлерінің тәжірибесін меңгеруді қолға алмақ.
«ЭКСПО – 2017» көрмесінде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «SIEMENS» корпоративті павильонына арнайы барды. Онда аймақ басшысына көрменің барлық кешенін салуда қолданылған «ақылды қала» технологиясы таныстырылды. Жаңашылдықтың жетістігі – электр қуатын, жылу, су беруде және қауіпсіздік жүйесі жұмысы арнайы бағдарламамен реттеледі. Сондай-ақ, автоматты түрде диагностикадан өткізіледі.
Нәтижесінде, аумақта қамтамасыз ету процесіне жұмылдырылған адам саны азаяды. Ал, жүйедегі келеңсіздіктерді пайда болған сәтте анықтауға мүмкіндік бар.
Ерлан Қошанов қарағандылық мамандарды «SIEMENS» компаниясынан тәлім алу қажеттілігін міндеттеді.
– «Ақылды қала» технологиясын енгізу – бүгіннің талабы. Бұл бюджет қаржысын үнемдеуге, адам еңбегін азайтуға мүмкіндік береді, – деп санайды облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров. – Бұл технология ауқымды екендігін түсіну керек. Және қоғамның барлық салаларын – медицина, қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларын қамтиды. Денсаулық сақтау саласында біз де жаңа технологияны енгізе бастадық. Мысалы, науқастардың тарихы электронды түрде жүргізіледі. Бұл керек фрагменттерді тез тауып, қолдануда тиімді болады.
Жаңа технологияларды қандай форматта және қашан қолданылатыны анықталады.
Бастысы, облыс және Қарағанды қаласының басшылығы «Ақылды қала» технологиясы аса қажет екендігін алға тартады.
Жалпы, бұл сапардың мақсаты – көрмеде ұсынылған инновациялық технологияларды көріп, зерттеу және оларды біздің облыста қолданылуын талқылау.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстанның «Нұр – Әлем» павильонында қарағандылықтарды медицина саласындағы жаңашылдықтар қызықтырды. Дәлірек айтсақ, ағзадағы қатерлі ісік ауруларына ядролық диагностика жасау және дертті анықтаудағы интерактивті кесте ерекше назарға ілінді.
Ресей технологияларын көруге келген қонақтар мүлдем басқа құрлыққа аяқ басқандай сезімге енген.
Павильонның жүрегі, ең қызықты жері – бұл Арктикадан алып келген Айсберг. Көптеген келушілер мұзға қол қою арқылы тілек тілеуге болады дегенге кәміл сенімді.
Көрмеде ұсынылған барлық инновациялардың ішінде қарағандылықтарды Польша павильонында ұсынылған «көгілдір көмір» технологиясы да қызықтырды. Бұл отын экологиялық таза, жанғанда көп жылу береді және көмірқышқыл газын бөлмейді. Ол табиғи газды қолдану арқылы кәдімгі көмірден алынады.
– Бұл технология біз үшін өте маңызды, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров. – Бірақ, алдағы уақытта біз оны қолдана алмаймыз. Себебі, бізде табиғи газ жоқ. Бірақ, осы бағытта жобалар әзірлейміз. Өйткені, біздің өнім – отынмен салыстырғанда, көгілдір көмір таза әрі үнемді өнім ғой. Қазіргі технологиялар уақытында қажетті іс-әрекеттер жасау үшін газ жеткізу мәселесін шешуге болады.
Ерлан Қошановты Чехия Республикасының павильонындағы чехтардың ірі компанияларының бірі – 2020 жылы салуға жоспарлаған ғимарат жобасы қызықтырды. Құрылыс заманауи технологияға сай және экономикалық тұрғыдан тиімді жүргізілген. Сыртқы қабаты жылу ұстауға төзімді материалдардан қатталған. Ал, электр қуатын беру ісі қажетті мөлшерде сөніп-қосылып тұратын арнайы қондырғымен реттеледі. Егер, жоба сәтті жүзеге асса, онда Чехияда осындай ғимараттар салу жоспарлануда. Қазақстанда пайда болуы да мүмкін.
Делегация мүшелері француздардың павильонына да ерекше назар аударды. Мәселен, Францияның оңтүстігіндегі «ITER» токамак құрылысы туралы айтып берді. Бұл жобаны жүз жылдықтағы өршіл жоспар деп атаған. Токамак энергияны тікелей күннен алады және Цельсия бойынша миллион градус температураны ұстайды. 11 маусым «ЭКСПО-2017» көрмесі ашылған күннің ертеңінде Қазақстан басқа елдермен тең токамак құрастыру және құру бойынша келісім-шартқа қол қойды.
Токамак – бұл әлемдегі құрылғылар бойынша көптеген нысандардың ортақ атауы. Плазманы ұстап қалу үшін магнит өрісін қолданатын басқа қондырғыларға қарағанда, электр тогын қолдану токамактың басты ерекшелігі болып табылады.
Қарағандылық делегация Корей, Ұлыбритания, Түркия, АҚШ секілді мемлекеттердің павильондарын да аралады.
Өзге елдердің өкілдерімен біздің аймақта инновацияларды енгізу бойынша келіссөздерді жүргізу 5-6 қыркүйекке жоспарланып отыр. Осы уақытта «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында Елордада Қарағанды облысының күндері өтеді деген жоспар бар.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ