Екпе науқаны қарқын алды
Аймақта қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы байқалуда. Қазанда қызылшамен сырқаттану өткен аймен салыстырғанда 2 есеге артты.
Облыста қызылшаның алғашқы жағдайлары ақпан айында тіркелген. Қазіргі таңда қызылша облыстың барлық аумақтарында таралуда. Күн сайын тұрғындар арасында орташа есеппен алғанда қызылшаның 10 жағдайы анықталып отыр.
– 13 қарашадағы жағдай бойынша қызылшаға күдікпен 378 науқас тіркелді. 285-і зертханада расталды. Қызылша барлық жастағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіпті. Аурудың таралуы мен өршуінің алдын алу мақсатында қосымша иммундау жүргізіледі. Вакцинация аурудан, асқынулардан қорғайды, әрі қосымша доза иммунитетті күшейтеді. Әзірге вакцинадан кейінгі асқыну жағдайлары тіркелген жоқ, – дейді облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Жақтайқызы.
Эпидемиологтардың айтуынша, қызылшаға қарсы иммундаумен жалпы 8591 адам қамтылуы тиіс. Бүгінгі таңда 3721 адам екпе алды. Сырқаттанудың 85%-ы – екпе алмаған балалар арасында жиі тіркелуде. Инфекцияға сезімталдық 14 жасқа дейінгі балаларда байқалуда. Ауырғандардың көбісі 1-4 жас аралығындағы балалар.
Аурудың алғашқы белгілері денені әлсіздік басып, қызу көтеріліп, бас ауыруынан басталады. Егер денеде бөртпе байқалса, дәрігерге жүгіну керек. Аурудың асқынуының алдын алу мақсатында ересектер немесе жасөспірімдердің емханаға келіп, қызылшаға қарсы екпе алуына болады. Ал, қызылшамен ауырған, зертханалық расталған ауру белгісі барларға қызылшаға қарсы вакцина алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, тұрақты медициналық жеңілдіктері және вакцинаға қарсы көрсетілімдері бар адамдарға, 2019-2023 жылдары егілген медицина қызметкерлерінің екпе алмауына рұқсат етіледі.
Қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша егу кезінде қызылша, қызамық, паротитке қарсы құрама екпе қолданылады. Үндістанда өндірілгендіктен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолдануға ұсынып отыр. Елімізде бұл екпенің түрі 2003 жылдан бастап қолданылып келеді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz