«Егемендік – қасиетті аманат»

Республика күніне орай «Қарағанды қалалық орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесіне» қарасты М.Әуезов атындағы кітапхана ақындар мен оқыр­мандарды жүздестірді. Шараға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі қолдау көрсетті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқаш пен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі Ерік Нарын спикер болды.

Кітапханаға кітап құмар оқырман жиналды. Қариялар да, орта және университет қабырғасындағы жас буын да бар. Жиналғандарға кітапхана мамандары ақындар жөнінде деректер айтты. Шығармашылықтарымен таныстырды. Ақын Жанат Жаңқашұлы осы бір ұлық мереке «ұлтым», «елім», «жерім» деген әр азаматтың жүрегінен орын алары сөзсіз деді.

– Осы күнге жету үшін ата-бабамыз тағдырдың талай тәлкегінен өтті. Заманалардың дауылында, жауынында, боранында сыналды. Аштықты да, қуғын-сүргінді де, соғысты да көрді. Олардың бар арманы – тұсаудағы жұртын азаттыққа жеткізу еді. Міне, ер аталарымыздың арқасында осы күнге жеттік. Біздің міндетіміз – осы жарқын күндердің қадірін білу. Елдіктің тұғырын одан әрі биіктетуіміз қажет. Ұлт мүддесі үшін аянбай тер төкпек керек. Егемендік – асыл аманат, – деді ақын.

Лебізінен кейін ұлтына деген махаббатын өлеңмен жеткізді. Ақыннан кейін кітапхана қызметкерлері де кезек алып, домбырамен халық әнін шарықтатты. Әріптесіміз Ерік Нарын да өз лебізін жеткізіп, оқырмандарға өлең оқып берді. Бұл шараның мақсаты – Республика күнінің қадір-қасиетін оқырманға жеткізу.

– Біз тек жұртты кітапханаға тартумен ғана айналыспаймыз. Шама-шарқымыз жеткенше осындай тағылымды шараларды ұйымдастырып, ұлтымыздың құндылықтарын дәріптейміз. Бүгін ақындарды шақыруымыз да тегін емес. Ақын қай кезде болмасын, ұлтының арман-мұратын асқақ сөзімен, жырымен айтқан. Жастардың кеудесіндегі отты сол шығармашылық тұлғалар жаққан. Мағжан Жұмабаев пен Міржақып Дулатовты, өзге де Алаш арыстарын еске алыңыз. Бүгінгі шараның да миссиясы – сол, – деді М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың кітапханашысы Махаббат Сәменова.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.