«Е» (әзіл ғой)
Төрт дос, төрт құрдас жастау кезінде бірін-бірі іздеп тұратын. Жылдар өтіп, бірге отыратын күндер сиреп кетті. Жастары қырықты алқымдап қалса да бірі ауылда, бірі қалада «арман қуып» жүр.
Ауылдағы Айтшу көптен көрмеген достарын үйіне шақырды. Олар келгенше қой сойып, жәукемдеп те тастады.
Айтпақшы, оны елдің бәрі таңнан кешке дейін, екі сиыр, торт қойының соңынан «Әйт-шу» деп жүргеннен осылай атап кеткен. Шын атын өзі де ұмытқан шығар, ауыл жастары қазір «Айтеке», «Айтаға» дейді.
Қаладан артынып-тартынған ештеңесі жоқ, көлік жалдап, сау етіп, дәу әрі ырсылдақ Бопыш, тыныш жүрмейтін Қотыш, депутат Сәкіш жетіп келді (бұлардың да шын аты-жөні құжатта ғана).
Бір қызығы төртеуі де әлеуметтік желінің «гүлі». Желпініп отырған Айтшу: «Дауай, фейсбукке «Е» деп жазайық, ел не дейді білейік» деген ұсынысты ортаға атып жіберді.
Айтқаны жерде қалған жоқ. Бірінші болып Айтшу «Е» деп жаза салды. Лайық басқандар саны үшеу, пікір (бірақ оны бұлар кәмент дейді) жазғандар біреу болды. «Айтшу, «Е», дегенде не айтқыңыз келді? Күнде сайрайтын, алдына салып айдайтын төрт қойдың бірі қоздап қуану ма, әлде біреуі сойылып соған жұбану ма?».
«Сойылды» дегенге достарының қайсы жазды деп күмәнмен қарады. Бәрінің көзі соткада, қолдары жылп-жылп жазып жатыр. Кім екені белгісіз. Әйтеуір, үшеуінің бірі екенін түйсігімен сезді.
Бопыш та «Е» деді. Бопышты білмейтін фейсбукте ел жоқ (өзі солай ойлайды). «Тағы нені жазбақсың? «Е» дейді ишо. Біреуді түртпектеп, сол үшін алған 20 мыңды дәу денеге сіңіре алмай отырсың ба?» дегенді оқи сала Бопышымыз посты бірден өшіре салды.
Келесі кезек Қотышта. Ол да «Е» деді, кәментші оған «Же» деді. Тұтыққан Қотыш шорт кетті, соткасы қабырғаға ұрылып морт кетті.
«Е» – жазған депутаттық мандатты жақында сатып алған Сәкіш. «Ассалаумағалейкум, Сәке! Сіз деген біздің сайлап алған қалаулымызсыз. Жасай беріңіз, жақсы аға!».
«Жынды ма?», деп бұрқ етті Сәкіш. «Мені не «Қалаулымға» барды деп жүр ме, біреулер?».
«Әй, Сәкіш, «Қалаулымға» барып қатын іздеді» дедік пе? Халық қалаулысы дедім. Білеміз ғой, темір-терсек жинап, содан байып, «байыған қазақ қатын ғана алмайды, депутат да болады» деп сол орынға бүкіл жиған ақшаңды беріп мәслихат тарауға бір күн қалғанда қонжиғаныңды».
«Сәкіш екенімді қайдан біледі?» деген ашуы ақыл мен сабырдан бұрын жүретін Бәкіш жазылған кәментті өшіріп тастады.
Екі дос Сәкішке қарады.
Тыныш жүрмейтін Қотыш, қарап отырмай: «Әй, Сәкіш «кәментімді неге өшіресің» деген кәментті құртпай-ақ, жазған адамды банға жібере салсайшы» дей қалды. Арғы бөлмеге шығып кеткен Бопыш «Мен банға кеттім» деп салды.
Бопыш солай ұсталды. Ал өшін Сәкіш 69 мың теңге тұратын боқтықпен алды.
Сөйтсек, төртеуі де кезекпен жазғаннан кейін аккаунтқа көз салмай, ұялысына қарап отырып, ұра берген екен-ау.
Не болғанын түсінген төртеуі де күлкіден құлады. Осылай, «фейк» болып, нан тауып жүр, біразы…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.