АймақҚарағанды

Еңбекпен ерте шыңдалған

Жасынан еңбегімен еңсе тіктегендердің бірі – Есболат ­Қарпықбаев. Күн ертеден қара кешке дейін автобус тізгіндеп жүргеніне он жылдан жай асты. Бүгінде Қарағандыдағы №3 автопарктің еңбек өтілі ең көп жүргізушінің бірі.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қарағандының банк колледжіне оқуға түскен Есболат Ерболатұлы студент кезде бос жүріспен уақыт өткізбеді. Қолы қалт етсе, еңбек етті. Қатарластары секілді қызық қуған жоқ. Бар ойы – киіміне, жүріп-тұруына ауылдағы ата-анасынан ақша сұрамау еді. Өзі болып-толғысы келді.

Содан таныс досы арқылы автобусқа кондуктор болып жұмысқа тұрады. Үш жыл кәнігі жүргізушінің жанында жүріп, жұмыстың барысын әбден меңгеріп алады. Еңбекке осылай еті ерте үйренеді. Осы уақыт аралығында оқуын да ойдағыдай бітіреді. Бірақ, дипломмен жұмыс істеу аяққа тұруға қиын болатынын о бастан түсінген. Есболат кондуктор болып жүрген кезінде жүргізуші куәлігін оқып алады. Оқуынан әбден босаған соң бірден жүргізуші болуды ұйғарады. Автопарк басшылары да еңбекқор жігіттің ерік-жігерін жақсы біледі. Бірден қабылдап, автобус береді. Міне, содан бері он жыл өтті. №43 автобустың жүргізушісі.

Есболат – әке-шешесінің жалғыз ұлы. «Мұндай болып ержетуіме әкем мен шешемнің парасаты, тәрбиесі сеп», – дейді өзі. Жалғыз балаларын өбектеп емес, еңбектен қашпайтын, өжет қылып өсірген әке-шешесі де ауылдың қарапайым еңбек адамдары екен.

«Бала кезімнен әкеме көмектестім. Мал жайғағанда да, шөп шапқанда да, үй шаруасында да үнемі қасында жүрдім. Анам екеу­міз орманға барып, саңырау­құлақ теретінбіз. Ауыр шелекті көтеріп, оны арбаға тиеп, ауылға дейін сүйреп келетінбіз. Ойын баласы болғанда бар ойлайтыным, әкем мен анама қолғабыс ету еді. Соның бәрі мені шыңдады», – дейді Есболат Ерболатұлы.

Есболат қалада жүріп, ауылдағы қарашаңырағының қамын күйттеп отыр. Әкесіне көлік мінгізген. Қорасын малға толтыр­ған.

Өзі де қаладан екі бөлмелі пәтер алған. Былтыр үйленіп, тойын да дүркіретіп жасаған. «Осының бәрі – автопаркте еткен еңбегімнің маңдай тері», дейді ол.

Қазір аяулы жары Гүлжарқын екеуінің Раяна есімді кішкентай көзқуаныштары бар. Жақында ғана тұсауын кескен. Әр басқан қадамынан шуақ сезініп отыр.

«Кешке қарай жұмыстан қажып келіп, қызымды құшақтап, иіскегенде, бүкіл шаршағаным басылып қалады. Қазір үйге асығамыз», – дейді езу тартып.

Таң бозарып атқаннан атқа қонады. Шамамен, таңғы бес-алтының кезінде автобусты майлап алады. Содан жолға шығады. Кешке дейін күніне қала ішінде 4-5 айналым жасайды. Кешкілік жұмыс аяғына қарай, автобусты жуып, тазалайды. «Жұмыстың бас­ты қиындығы – жолаушылардың қауіпсіздігі. Соған алаңдаймыз. Үнемі жолда жүргендіктен түрлі жүргізушілер кезігеді. Солардан абайлаймыз», – дейді Есболат Қарпықбаев. – Жасыратыны жоқ, қиындықтарға да тап болдық. Жол апатына да түстік. Бірақ, соның бәрі сабақ болды. Шыңдалдық. Тәубе, жаман болған жоқпыз».

Қанағаты бар жігіт демалысында ауылына асығады. Екі күнде қарашаңырағындағы қара жұмысты еңсеріп, бір жағынан әке-шешесіне еркелеп қайтады. Ол кісілер де әр демалыс сайын жолға қарап, балаларын күтеді. Қалаға көшіріп алайын десе, ол кісілердің ауылдан ажырағысы келмейді. Осылайша, ауылда ақ батасын жаудырып, тілеуін тілеп отыр.

Ата-анасының ақ тілеуімен жолы ашылған Есболат Ерболатұлының еңбекпен кешіп жүрген қоңыр тіршілігі осындай.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button