Шет

Еңбегімен елеулі азамат

«Біз  «Жаныңда жүр жақсы адам» деген  сөздің байыбына  бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар».

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ

«Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» атты мақаласынан.

Қазіргі алмағайып заманның  аса күрделі  кезеңіне аяқ басып отырғанымызды әр азамат айқын сезінетіндігі анық. Тәуелсіздік жылдарында өзіммен бірге, қатарлас, бір орында  халқына адал қызмет атқарып келе жатқан замандастарым баршылық. Солардың бірі – Аман Сәдуақасов.

 

Аман 1954 – жылқы жылы желтоқсанның төртінші жұлдызында Сәйділда әкей мен Бәтима  шешейдің отбасында қасиетті  Ақсу-Аюлының топырағында кіндік қаны тамған. Сәкең әкеміздің отбасы елге ертеден танымал қожа әулетіне жатады. Сәйділда әкей 1902 жылы бесінші ауылда туған. Алашордашы Қарқаралы гимназиясын бітіріп, прокурор болып қызмет атқарған. Алаш көсемдеріне қолдау көрсеткені және олардың мақсаттарын ел ішінде таратуға атсалысқандығы – халқының алдындағы жүрек тазалығы, өзінің тектілігі емес пе?! Сол үшін сотталып, Алматыда түрмеде отырған. Кейін ауданда мұғалімдік жұмыспен айналысқан. 1938 жылы «халық жауы» ретінде қайта қудаланды. 1939 жылы ақталып, ауданның тұтыну қоғамында бухгалтер болып еңбек етеді. Сәйділда әкей інісі Дүйсен ағамызбен қоржын үйде бірге тұрады. Екі үйдің бала-шағалары аралас-құралас өсіп, бірге тәрбиеленген. Балғын балалық шақ қасиетті Нұра өзенінің бойында,  Аюлы тауының баурайында  Кеңес заманының  «жылымық» кезеңінде ержетіп, ат жалын тартып, аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті ойдағыдай  тәмамдап, 1972 жылы еңбек жолын «Путь к коммунизму» совхозында қатардағы қара  жұмысшыдан бастайды. Әрі қарай кәсібін «Орджонокидзе» атындағы совхозда құрылыс цехында, орталық шеберханасында слесарь болып жалғастырады. Ол уақытта жоғары оқу орнына жеңілдікпен түсу үшін, өндірісте кем дегенде екі жыл жұмыс істеу керек-ті. Аман  төрт жылдан астам еңбек өтілімен 1976 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне түсіп, оны 1981 жылы тәмамдап, тарихшы  мамандығы бойынша жоғары  білім алады.

Осы жылдан бастап Аманның еңбек жолы аудандық халық депутаттары атқарушы кеңесінде жалғасады. Мекеменің нұсқаушысынан кеңестің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін ұзақ жылдар бойы атқарады.

1994 жылы ҚР Парламентінің жергілікті халық депутаттары Кеңесінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуына сәйкес, Аман Сәйділдаұлы бөлім меңгерушісі қызметінен босатылып, жұмыссыз қалады. Бірақ, өзіне тән сабырлылығымен бұл аумалы-төкпелі кезеңнен де аман-есен өтіп, 1994 жылы аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Атқаратын жұмыс Аужекеңе таныс, өзі атқарған саламен сабақтас болатын.

Аманның адами  болмысына берілген  адамгершілігі мен  парасаттылығы оны әрдайым жоғары деңгейге көтеріп, туған жеріне деген адалдық пен аманатты орындау азаматтық парызы болғанына біздер, аға буынның өкілдері – Шәйкен Әлғожин, Кәмел Жүністегі,  Қуаныштай Сейібеков, Медет Байтанас, Бекежан Хамзин, Сияз Әлибаев сынды ағалар риясыз ризашылығын білдіреді.

Мен қызмет бабында  Аманды 1984 жылдан бастап білемін. Жолығып, сұхбаттасып тұрамыз. «Жақсының жанындағы жарты сағат, жаманмен өткізген мың күніңнен артық» демекші. Аманның бойынан, сөзінен, іске деген көзқарасынан, өмір жолында жинаған тәжірибесінен ұлағаты мол, білімі мен біліктілігі жоғары екеніне көзім жетті. Көкірегі ояу азаматты байқамай қалу мүмкін емес. Мінезі биязы, артық сөзге жоқ, сауатты істің  адамы. Аманның әркімнен табыла бермейтін осындай қасиеттері оны сыйлауға,  құрметтеуге лайықты етеді.

Көпшілік құрметтеген осынау кішіпейіл жанның еңбек жолында мол тәжірибе жинап,  шыңдалуына сол кезеңдегі ауданда көп жылдар бойы басшы қызметтерде болған  лауазымды азаматтардың тәлім-тәжірибелерінің де ықпалы болды.

Ауданның жас кадрлеріне бағыт-бағдар беріп, қолдау жасап, жол ашқан, ортаға сыйлы лауазымды басшылар – Кәмали Дүйсенбеков, Қасымбек Медиев, Сағынбай Медеубаев, Кәкімжан Сарханов, Рысбек Оразханов, Рысқали Әбдікеров, Ермек Хайруллина, Біләл Доскеев, Шәкен Маясарова, Еден Кенжин, Марс Төлеуқұлов, Сайлау Ғабдуллин және тағы басқаларының жастарға деген қамқорлығы мен қолдауымен талай азаматтардың биік белестерге көтерілгенін жұртшылық жақсы біледі.

2003 жылдан бастап Аман Сәдуақасов аудандық мәслихат аппаратының басшысы және бөлім меңгерушісі болып, осы уақытқа дейін абыроймен қызмет атқарып келеді. Міне, Аманның 45 жылдай еңбегінің кейбір көзге түскен  көріністері. Аман халық  қалаулылары – депутаттармен, аудан әкімінің аппаратымен, жергілікті ауыл әкімдері және мекеме  басшыларымен жұмыс бабында жиі кездесіп, олармен бірлесіп, аудан экономикасының дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына бағытталған кешенді іс-шараларды атқаруда өзінің іскерлігі мен жоғары деңгейдегі ұйымдастыру қабілетін көрсетіп келеді. Ауданның зиялы азаматтарының ортасында өте сыйлы. Оны үлкен де, кіші де құрметтейді.

Өмір-өзен тоқтамай ағады. Сол секілді жылдар да сынаптай сырғи береді. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айының 4-ші жұлдызында Аман інішегіміз сүйікті Пайғамбарымыздың жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына шығуға дайындалу үстінде.

Алпыс деген талтүстей жас қой. Аман бауырыма алда әлі талай белестер бар, оларды  еңсеруге ұзақ ғұмыр берсін дей келе, бақытты өмір кешуіңе ауыл ақсақалдарының атынан шын жүректен құрмет жасымен құттықтап,  жүрекжарды тілегімізді білдіреміз.

Боранбай ЖҰМКЕҰЛЫ,

Шет ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button