Достықты жалау еткен дода
Биыл Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіндегі филология факультетіне 85 жыл, журналистика кафедрасына 30 жыл толды. Қатар келген мерейтойдың құрметіне филология факультетінің басшылығы волейболдан турнир ұйымдастырды. Оған өңірдегі БАҚ өкілдері қатысты. «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің ұжымы да қатысып, жүлделі ІІ орыннан көрінді.

Турнир бір минут үнсіздікпен басталды. Жиналған жұрт Кастенко шахтасында қаза тапқан кеншілерді еске алды. Достықты ту еткен додаға облыстық «Saryarqa» телеарнасы мен «Бірінші Қарағанды» телеарнасы және журналистика кафедрасының ұстаздарынан жасақталған команда қатысты. Жеребе бойынша бірінші болып алаңға облыстық «Saryarqa» телеарнасы мен «Бірінші Қарағанды» телеарнасының командасы шықты. Екі команда да доп соғуға әбден әккіленген журналисттер бар екен. Жойқын соққылар жасалды. Бойшаң ойыншылар тордан биік секіріп, тосқауыл қойды. Жанкештілікпен еденге құлап, допты қайтарып жатты. Минут өткен сайын тартыс күшейді. Жанкүйерлер ақапарат саласының майталмандарынан мұндай деңгейдегі ойынды күтпесе керек, орындарына отыра алмай, тыпыршып сала берді. Нәтижесінде 2:0 есебімен «Бірінші Қарағанды» жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Екінші болып журналистика кафедарсы мен «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің командасы шықты. Бұл ойын да жоғары қарқынмен өтті. Екі жақта да күнделікті спортпен шұғылданып жүрген шымыр ойыншылар бар. Олар ойын барысында жарқылдады. Бұл кездесудің айқын фавориті – алаң иелері еді. Себебі, олар тұрақты түрде волейбол ойнап, факультеттер арасындағы додаларға қатысып жүр. Соған қарамастан, ойынның бірінші кезеңінде әріптестеріміз жеңіске жетті. Екінші кезеңде де «Saryarqa Aqparat» есепте алға әжептәуір ұзап кеткен. Бірақ, қарсылас соңына қарай реттеліп, ойындарын жүйеледі. Жалпы есеп 1:1 болды. Қорытынды үшінші кезеңде жеңістің дәмін сезген қарсылас өз дегендеріне жетті. Ақтық кезеңде «Бірінші Қарағандының» қырандарын да жеңді. Ал, «Saryarqa Aqparat» телеарналық әріптестерін екі кезеңде де жеңіп, жүлделі орыннан көрінді.
Бұл додада маңыздысы жүлде емес. Бастысы – достық. Журналисттердің ешбірі медальді көксеп келген жоқ. Мұны филология факультетінің деканы Елдос Түйте де айтты.
– Бұл алаңда қарсылас жоқ. Бәріміз – әріптеспіз, доспыз. Қызмет барысында ғана емес, осындай спорттық шараларда да бас қосайық. Спорт – адамдарды бір-біріне жақындастырады. Өзара байланысты, ауызбіршілікті күшейтеді. Әрдайым спортпен шұғылданып, сергек жүрейік. Достығымыз жасай берсін, – деді Елдос Түйте.
Бірінші орын алған алаң иелері азаматтық көрсетіп, өздерінің кубоктарын «Бірінші Қарағанды» командасына табыстады. Сөйтіп, II-орын «Saryarqa Aqparat» медиахолдингіне, үшінші жүлде «Saryarqa» телеарнасына бұйырды.
Ұйымдастырушылар осындай турнирлерді жиі өкізіп тұратындарын жеткізді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz