Достықтың киелі бесігі

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бергі аралықты талғам таразысына салар болсақ, бірнеше ұлт ұйысып, бірлігін сақтай отырып, өркениет көшінен қалыс қалмай келеді. Мызғымас тұрақтылықтың нәтижесінде еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, әлемдік елдер қатарынан өз орнын алуға ұмтылуда. Өзге өңірлерді айтпағанда, Балқашта тұратын түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қашан да татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп, игі істің басы-қасынан табылып жүр.Бүгінгі күні Балқаш қаласында бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін 60-тан астам ұлт өкілдері бір шаңырақтың астына біріктірілген. Қалада 4 этномәдени бірлестік бар. Негізгі қызметтері – өз мәдениетін, тілін, салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын дамыту және насихаттау. Қазіргі таңда бірлестік өкілдері Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынған елдің тұтастығына арналған ауқымды жобаларды іске асыру жолында еңбек етуде.

Этномәдени бірлестіктердің қаланың мәдени өміріне белсене араласуы да өңірдегі бірлік пен берекені айшықтап тұр. Олардың руханиятқа қосып жүрген үлесі айтарлықтай зор. Таратып айтсақ, мәдени шаралардың шырақшысы болып жүрген «Согласие» «славян этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі тұрақты түрде қалалық фестивальдарды өткізіп келеді. Ал, қашанда қайырымдылық шарасынан қалыс қалмай, үнемі белсенділік танытатын «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігі мұқтаж жандарды қолдаудан жалыққан емес.

«Кәріс этно-мәдени орталығының» төрағасы Александр Ли елбасының бастамасымен жүзеге ас қан Қазақстан халықтар ассамблеясы барлық этномәдени бірлестіктердің ұйытқысына айналып отырғандығын айтады. Мұны «Согласие» славян этномәдени орталығының төрайымы Нина Гильферде де қуаттайды. Сондай-ақ, «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Шало және «ЭНЕМЕМ» «Татар-башқұрт этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері рухани бірлікті қалыптастыру, отан сүйгіштік сезімді арттыру және ұлттар достығының үлгісін паш етуде маңызды іс-шараларға атсалысуға әрдайым әзір екендігін жеткізді.

Ортақ міндеттердің ойдағыдай жүзеге асырылуына лайықты үлес қосуға басшылық жасап, облыс аймағындағы ұлт пен ұлыстардың бір ананың баласындай тату-тәтті өмір сүруіне уақыт талабына сай қызмет көрсетіп отырған «Қоғамдық келісім орталығының» жемісті жұмыстарын да атап өткен жөн.

«Өркениет талабынан туындаған міндеттерді жүйелі жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейтін боламыз. Балқаштағы әр ұлттың өкілдері, этномәдени бірлестіктер жемісті еңбек етіп келеді. Облыстық деңгейде ғана емес, республикалық мәдени шараларда белсенділік танытып, жүлделі орындардан көрініп жүргендігін атап айтқан орынды. Сондай-ақ, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мақсатында «Қоғамдық келісім кеңесінің» жұмыстарын жандандырып отырмыз. Балқаштағы игі істер жалғасын тауып, елдегі саяси тұрақтылықты сақтау жолында белсенді жұмыстар атқарыла беретін болады», – дейді, Балқаш қалалық «Қоғамдық келісім кеңесінің» төрайымы Лидия Власова.

Сайып келгенде, елге қызмет – келелі міндет. Тәуелсіз елімізде татулықпен тіршілік етіп жатқан ұлттардың қазақ еліне деген алғысы, перзенттік парыздары олардың береке мен бірлікті нығайтуда жұмыла атқаратын  осындай игілікті істерімен айшықталуы да заңдылық.

Нұрдос КӘРІМ.