Достық пейіл дәнекері

    Мағыналық тұрғыда кеңестік дәуірден кейінгі кеңістіктегі теңдессіз қоғамдық бірлестік – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орай, Қарағанды облысы әкімдігі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ Жезқазған-Ұлытау аймағы бойынша өкілдігі мен Жезқазған қаласының Қоғамдық келісім Кеңесі ұйытқы болып, «Бәрі де менің есімде» тақырыбымен өткізілген кең көлемді іс-шара ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзара түсіністік пен кіршіксіз достықтың іргетасы мызғымастай берік екендігін тағы бір мәрте айғақтап берді. Келісті кездесудің Алғыс айту күніне дөп түсуі оның мәні мен маңызын мейлінше арттыра түсті.

Қарағанды облысы әкімдігі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ Жезқазған-Ұлытау аймағы бойынша өкіл-маманы Айшагүл Тасмағанбетова мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қоғаммен байланыс жөніндегі орталық директоры, Қазақстан және Ресей Федерациясы Жазушылар одақтарының мүшесі Зульпа Чумакова жүргізу тізгінін ұстаған жиынға Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданының Қоғамдық келісім Кеңесі, этно-мәдени орталықтары аналар кеңесінің мүшелері шақырылды. Сонымен қатар, алмағайып кезеңдерде тағдыр тәлкегімен қазақ даласына еріксіз қоныс аударып, барлық қажеттілікке мұқтаж жағдайда жергілікті халықтың қамқор пейілін жете сезінген ұлттар өкілдерінің ұрпақтары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ізгілік лебі ескен іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Жезқазған қаласы Қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты, Арқаның Атымтай жомарты атанған белгілі меценат Бекзат Алтынбековтің құттықтау лебізімен шымылдығын түрді. Іске мығымдығымен ғана емес, қара сөзге шешендігімен де ерекшеленетін Бекзат Қомарұлы «Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір» қауым бас қосқан салиқалы ортада кеңінен көсілді. Көшелі әңгімесі көпшіліктің көңіліне қонып, сананы сергітуге дәнекерлік етіп жатты. Ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен ұлағатты ұстанымдары арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясының қазіргі таңда республика, облыс, аймақ деңгейінде атқарып жатқан жұмыстары мен олардың игі нәтижелеріне көңіл аударып, аталмыш шаралардың жалпы қоғам үшін қайтарымы мол боларын атап өтті. Сөз арасында Алғыс айту күнінің тарихи маңыздылығы мен баға жетпес құндылығын да дәйекті дәлелдермен тізбелеп берді.

Жиын барысында белсенділік танытқан Жезқазған қалалық мәслихатының депутаттары Мереке Мұханбедин, Дәулет Тәжібаев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова, тарихи-археологиялық музей директоры Раушан Қапарова, тарихшы Надежда Дисекенова және «Ютария LTD» ЖШС Аналар кеңесінің төрайымы Тұрсынай Ибадатова өздерінің көңіл төріндегі тақырыпқа тән ойларымен бөлісіп, ортақ мазмұндағы әңгіме желісінің жүйелі әрі ұтымды болуына негіз қалады.

Басқосуда сондай-ақ, түрлі ұлт өкілдері – Қазақстанның Құрметті металлургі Эсруды Муцаев, ҚР ішкі істер қызметі саласының ардагері, «Панацея» ЖШС директоры Абуезит Чумаков, Жезқазған қалалық «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің төрайымы Вера Рон, денсаулық сақтау саласының ардагері Айна Исмаилова, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ғылыми қызметкері Галина Маханбетова, қаладағы кәріс этно-мәдени орталығының өкілі Лариса Цай және Ұлытау ауданы Қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы Шаяхмет Үмбетов әсерлі әңгімелер айтты. Қазақстанды өздерінің атамекені санайтын өзге ұлттардың өкілдері ата-бабалары басынан өткерген тарихи оқиғалар хақында тебірене сыр шертіп, тағдырлары қазақ бауырларымен тығыз байланысты болғандығына шексіз ризашылықтарын бүкпесіз білдірді. Олардың ыстық ықыласты лебіздерінің түп-төркінінен қазіргі қоғамның ең басты қазына-байлығы – татулық, бірлік, береке екендігі сезіліп, сол бағыттан айнымау – ұлы мұрат болуы тиістілігі айқын аңғарылып тұрды.

Қарағанды облысы әкімдігі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ Жезқазған-Ұлытау аймағы бойынша өкіл-маманы Айшагүл Тасмағанбетованың мәлімдеуінше, этносаралық достық пейілдің тамыры тереңдей түсуіне дәнекер болар сипаттағы кешенді әрі тиімді іс-шараларды жиі ұйымдастыру және олардың пәрменділігін бұрынғыдан да еселеп, ширата түсу жұмыстарын мақсатты негізде қолға алу жоспарланып отыр. Бұл істерді ілкімді жүргізуде мемлекеттік мекемелер мен басқа да қоғамдық ұйымдардан тысқары, Бекзат Алтынбеков жетекшілік жасайтын қалалық Қоғамдық келісім кеңесі әлеуетті әріптес болмақшы.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Сурет ғаламтордан алынды.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.