Доскейде жаңа мәдениет үйі ашылды
Бүгін Бұқар жырау ауданы Доскей ауылында жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылуы болды. Бұл салтанатқа Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Кобжанов Нұркен Сайфиддинұлы, «АМАНАТ» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, меценат Алтынбеков Бекзат Қомарұлы, Қарағанды облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әкімбаев Ильдар Рахымұлы, ауыл тұрғындары мен мәдениет қайраткерлері қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – оның рухани келбеті. Бұл қос құндылық – өркениетіміздің өзегі, ұлт болмысының айнасы. Әбіш Кекілбайұлының «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген қанатты сөзі осының айқын дәлелі. Шын мәнінде, қазақ халқының бітім-болмысын, қайталанбас рухын оның төл өнері мен мәдени мұрасынан көруге болады» деген еді. Бұл сөздер мәдениет пен өнердің қоғамдағы орнының қаншалықты маңызды екенін дәлелдей түседі,-деп атап өтті өз сөзінде Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын.
Сонымен қатар, аудан әкімі Доскей ауылдық мәдениет үйіне 8 домбыра және 1 баян аспаптарына сертификат табыстады.
Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа, мәдениет пен өнерге жетелеуіміз керек. Мұның бәрі – мәдениет саласын дамытуға арналған маңызды шаралар. Доскей аулындағы бүгінгі жаңа Мәдениет үйі де осындай игі істердің бір көрінісі. Бұл нысан ауылдың мәдени өмірін жаңғыртып, халықтың шығармашылықпен айналысуына зор мүмкіндік береді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан