Руханият

Дина АМАНЖОЛОВА: Заманауи ғимаратқа қажеттілік артып келеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында ауқымды саяси реформалар еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге тың серпін беретінін айқындады. Жолдаудың сегізінші тармағы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруді негіздейді. Осы орайда, дәйексөз келтіре кетсек. «Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім». Хош. Жаңа облыс еншісін алып, құрылды. Ал, оның руханиятқа, мәдениетке нендей қатысы бар демекпіз ғой. Бар екен. Бізге бұл туралы Н. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, «Халық алғысы» медалінің иегері Дина Аманжолова сұхбат барысында тарқатып берді. Назар салып көрелік.

– Дина Базарбайқызы, әңгімеміздің басын Ұлытау облысының енші алып бөлінуінен бастасақ. Бұл үрдіс бұрын біртұтас болған өңір кітапханашыларына қалай әсер етті?

– Иә. Қазақ хандары келелі кеңес құрған қасиетті Ұлытау аймағының өз алдына дербес облыс болғаны қай қазақты болсын, қуантқаны анық. Бұрын біздің әдістемелік құрылымға қараған ондағы кітапханалар жұмысы бұрынғы кезде де жүйеге түскен еді. Қазір тіптен көркейіп жатқанына сенім мол. Енді басында әріптестерімізді қимағанымызбен, кейін келе бойымыз үйрене бастады. Жұмыс үдерісі барысында да оңтайлы тұстар мол. Аумақтық бөлініс кітапханалар жүйесіне пайдасын тигізбесе, зиянын шектірмеді. Бүгінде де әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынастамыз. Ол жақтан архивтік құжаттарға жиі сұраныс хаттар келіп жатады. Сәтбаев, Жезқазған, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа ауданындағы кітапханалар жақсы деңгейде дамуда. Ондағы әріптестерміз жиі хабарласып, кей тұстарда бірегей жобаларды сәтті іске асырып жатамыз. Бұрын өңірде 314 кітапхана болса, қазір облысымызда 257 кітапхана жұмыс атқаруда. Әсіресе, кітапханаларды әдістемелік дамыту бөлімі бар. Облыс бойынша кітапхана ісінің дамуын осы бөлімдегі әріптестеріміз үйлестіреді. Есептік кезеңде орталық кітапханалар жүйесіндегі жұмыстар жеделдеді. Бір қуанарымыз, облыс бөлінбей тұрып біз Ұлытау өңірінің барлық кітапханаларын заманауи жабдықтармен әрі ғаламтормен тұтас қамтып үлгерген едік.              

– XXI ғасыр кітапханасы қандай болмақ керек?

– Салмақты сауал екен. Мен осы кітапханаға қызметке 1994 жылы қабылданған едім. Жұмысқа жолдама алған соңғы түлек болдық. Бір кезде оқырман кітап алу үшін кезекке тұратын. Әсіресе, демалыс күндері дамыл таппайтынбыз. Кітап жетіспейтін. Орта есеппен күніне 300-400 адамға дейін қызмет көрсететінбіз. Компьютер емес каталогпен жұмыс жасаймыз. Қателессеңіз, кітап қорынан қажет кітабыңызды таба алмай қаласыз. Қазір жұмыс электронды бағытта өрбуде. Үдеріс жеңілдеді, оңтайландырылды. Оқырман тарта қоятын үйірмелер де аз кез. Ә, деген бетте ептеп абдырап қалғанымызбен, 2006 жылы Гүлмира Ыбыраева әріптесіміз екеуміз «Жыр-жауһар» поэзия клубын аштық. Бұл күнде кітапхана сипаты 100 пайызға өзгерді деп айтсақ, жарасар. Кітапханалар жұмысы заман ағымына сай әлемнің кез келген азаматы кез келген жерден қалаған ақпаратын ала алатын деңгейге жетті. Бірақ алдымызда көлденең тұрған бір мәселе бар. Осы орайды пайдаланып, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа дат айтып қоймақ ниетіміз де жоқ емес. Ол – типтік заманауи ғимаратымыздың жоқтығы. ХХІ ғасыр кітапханасы кітап алып, кітап беріп қана қоятын жер емес. Мәдениеттің мәйегі – кітап. Мұнда кез келген оқырман қажетті ақпаратына қол жеткізіп қана қоймай, шалдықса, тынығып алатындай тіпті қажет болса, белін жазып аз-кем мүлгіп аларлық арнайы демалыс бөлмелері, жүрек жалғап аларлық шағын асханасы, шығармашылықпен айналысса, соны жүзеге асыра аларлық лингафон кабинеттері болуы қажет. Бұл – уақыт талабы. Бізге «астрономия клубын ашайық деп едік» деген ұсыныспен көп жастар келіп жатады. Ғимаратымыздың тарлығы мұндай кешенді істерді қолға алып, кеншілер астанасындағы бірегей кітапхананың әрі қарайғы дамуына қолбайлау болып отыр. Қала тұрғындарының рухани-мәдени қажеттіктерін ақысыз ұсынатын бірден-бір киелі ошақ кітапхана ғана. Қалған мәдени нысандардың бәрі – ақылы. Бір сөзбен айтсақ, оқырманға ойындағыдай жағдай жасалу қажет! Бір мысал, балам – Nazarbayev университетінің студенті. Ұлым сабақтан соң кітапханаға барып, дәрісіне дайындалады. Түнгі сағат 11-12-лер шамасында асханасына барып, тамақтанады. Әрі қарай тіпті, көз шырымын алып алады. Өйткені, онда демалып алуға лайықталған арнайы дивандарына дейін бар. Таңертең бөлмесіне соғып, жуынып-шайынып сабағына барады. Яғни, шарттылық пен басы артық шығын жоқ. Міндетті түрде келген соң үйге қайту деген түсінік атымен жоқ. Және бұл үрдіс қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Бұл – жастарды тәрбиелеуге таптырмас құрал. Мұндай кітапхананың тұрақты оқырманына айналған азаматтар қылмыс пен түрлі қоғамдағы кеселді дерттен ада болар еді.

Жалпы, өзін сыйлайтын, болашағы жарқын болсын деп алаңдайтын кез келген дамыған мемлекет алдымен мектеп, кітапхана сосын аурухана салады. Себебі, кітапханасы нашар елдің ұрпағы білімді болады дегенге ешкім кепілдік бермейді. Қайтсе де, түрлі мәдени іс-шараларды өткізерлік жеке сахна болса, электронды дүниелермен айналысатын жастарға жеке кабинеттері болса құба-құп болар еді. Мәселен Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалалары заманауи ғимараттарымен мақтана алады. Ал, Арқа төрінде арнайы типтік үлгіде ғимарат жоқтың қасы. Шахтинскіде ғана бес қабатты бір ғимарат бар. Мысалы, Сіз бен біз отырған осы ғимарат 1969 жылы сән үйі ретінде лайықталып салынған. Бұл – бұрынғы тігін цехының ғимараты. О баста кітапхана нысаны салынғанша осында амалдайсыздар деп қоныстандырған. Міне, сол жылдан бастап әлі күнге дейін «уақытша қонақпыз». Бұл нысан Жасөспірімдер сарайымен бір шатырдың астында тұр. Кейде оқырмандарымыз қабырғалас жандардың ән айтып би билеп жатқанын естіп шағымданады. Оқырманға қажет тыныштық орната алмай жүреміз. Сол себепті, біздің осы мәселемізді облыс әкімдігі назарына алып, жақын болашақта арнайы типтік ғимаратқа қол жеткізсек пе дейміз. Сонда, Сіздің бұл сауалыңызға іс жүзінде жауап берген болар едік. Әрі ел Президенті алдымызға қойған тапсырмасын орындағанымыз деп топшылаймыз.

– Бәлкім, кітапхана мәртебесін көтерерлік арнайы мемлекеттік бағдарлама немесе заң қажет пе екен?

– Қызмет бабымен түрлі мемлекеттерде болдым. АҚШ-та арнайы мемлекеттік мәдениет саласында кітапхана ісін дамыту тұжырымдамасы мен бағдарламасы бар. Көршілес Ресейде ұлттық кітапхана ісі туралы федералды заң қабылданған. Тәттіні тәтті деу керек, жақсыны жақсы деу керек. Бұл орайда, мемлекет тарапынан қолдау зор. Былтыр 24 қазан «Кітапхана күні» деп бекітілді. Мемлекет қолдамаса, отызыншы жылдардан бермен қарай сақталған мерзімді баспасөз бен еңбектерді сандық форматқа ауыстыра алмас едік. Кітапханаға өмірін арнап, қайран қылар жан болған соң, алаңдаушылық білдіріп жатамыз ғой. Егемен күннен бері қарай талай игі істер атқарылды. Ертеңімізге тастүйін жүрейік деген ой біздікі.

– Риясыз сұхбатыңызға алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button