Өңдеуші кәсіпорындар – экономикаға тірек

Аймақта өңдеуші кәсіпорындарды қолдап, инвестор тартуды ілгерілетуге баса назар аударылып келеді. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, бірқатар салық төлемдерін республикалық бюджеттен жергілікті қазынаға қайтару схемасы кезең-кезеңімен жүргізілмек. Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының дерегінше, бүгінде облыста өңдеу өнеркәсіптердің үлесі 75 пайыз­ға жеткен.

– Соңғы үш жылда бұл бағыттағы өнім шығару көлемі 26 пайызға, ал таза табыс 600 млрд.теңгеге артқан. Былтырғы жылы Қарағандылық тауарлар Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, БАӘ, Ресей, Еуропалық одақ аумағына, бас-аяғы 40-тан астам елге экспортталған. Олардың арасында мыс, ферроқорытпа, машина жасау саласына қажетті бұйымдар, құрылыс жабдықтары, химия және жеңіл өнеркәсіпке арналған өнімдері, сондай-ақ, сым бұйымдары бар. 2023 жылдың жеті айында өңдеу өнеркәсіптеріндегі өнім көлемі шамамен 1,5 триллион теңгені құраған. Болашақта машина жасау саласындағы өңдеу ауқымын 10 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, – деп мәлімдеді облыстың өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр.

Аймақтың көмір өңдеу саласында оң серпін бар. Бұл бағытта қара металлургия кәсіпорындарында заманауи озық әдістер қолданысқа енгізілгенін айта кеткен жөн. Мәселен, «Asia Ferroaiioys» алаңында металлургия саласына қолданатын күлі төмен жоғары сапалы көмір концентратын шығаратын байыту зауыты салынды. Былтыр ERG компаниясы Шұбаркөл кенішінде қызуы жоғары сапалы көмір өндіру ісі қолға алынғаны мәлім.

– 2023 жылдың аяғына дейін компания кокс өндіру бойынша ірі инвестициялық жобаны бастайды. ERG 2030 жылға дейін құны 1,5 триллион теңгені құрайтын 55 инвестициялық жобаны игеруді межелеп отыр. Атап айтар болсақ, оның 33-і өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Осы жобаның игілігі арқасында облыстағы металлургия, құрылыс индустриясы, машина жасау, химия өнеркәсібі, қағаз өндірісі сияқты салаларда жаңа өндірістер қатарға қосылмақ. Тек биыл құны 125 млрд.теңгеге бағаланған 11 жаңа өндіріс орны іске қосылып, 2 мың адам жұмысқа тартылған. Осы жылдың тағы бір тың жаңалығы, «Сарыарқа» АЭА аумағында «Литейщик» гофрленген құбыр шығаратын зауытта селен тазартатын және асыл металды өңдейтін жаңа цех қатарға қосылды, – дейді Дарын Бұлқайыр.

Осылайша, өңірдегі өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы облыс көлеміндегі ірі өнеркәсіп орындарына тапсырыс беру арқылы жергілікті тауар өндірушілерді барынша қолдап отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңда «АрселлорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» корпорациясы аясында орта және шағын бизнес белдеуін құру жөнінде қосымша жұмыстар жүріп жатыр. Елдің назарына салар және бір жайт – облыс аумағындағы 38 кәсіпорын аймақтық мәртебесін иеленді. Ол бойынша 13,2 млрд.теңгеге келісімшарт жасалған.

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.