Жаңалықтар

Депутаттық сауал жолдады

   Кеше Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан НЫҒМАТУЛИННІҢ төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВҚА депутаттық сауал жолдады.

2017 жылдың алғашқы күні Шахан кентіндегі апат 9 адамның өмірін қиды, оның арасында 3 бала бар. Шаханда болған оқыс оқиға ешкімді де бейжай қалдырмады. Бүкіл қалалар мен елді мекендерде еріктілер штабы құрылып, төтенше жағдайдан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жиналды, әлі де толастар емес.

Алғашқылардың бірі болып ҚР Парламенті Мәжілісінің өкілдері де апат орнында болып, жағдаймен танысты. Қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, ой бөлісті, пікір алмасты. Мәжілістің 107 депутаты арнайы ашылған есепшотқа бір күндік еңбекақысын аударды.

Апат болған Шахан кентінде жертөледе орналасқан 14 қазандық бар. Елді мекендегі 20-дан астам көпқабатты үй сол қазандықтардан жылу алады. Тұрғындар оларды өз қаражаттарына тұрғызған. Бірақ, бірнеше жылдар бойы құзыретті мекемелердің бір де бір рет тексеріп келмегенін айтады. Мұндай мәселе облыс орталығына қанаттас шағын қалалар – Саран, Абай, Шахтинск қалаларында да орын алған.

Халық қалаулысының айтуынша, Шахан кентінде 90 жылдардан бері орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ. Бұл өзекті мәселенің шешілуі қомақты қаржыға келіп тіреліп тұр. Сайлаушылардың, жергілікті жұрттың жалғыз өтініші – шаһарда орталық қазандық салу.

Соңғы кездері құрылыс жұмыстарының сапасыздығына және бақы­лау­сыз жүргізілуіне айғақ іспетті, тұр­­ғын үйлердің, ғимараттардың, құ­ры­­лыс­тардың құлап түсуі жиілеп кетті.

Сондай-ақ, азаматтар ҚР Парламенті Мәжілісіне тұрғын үйлердің құрылыс барысында жіберілетін ахаулар мен кемшіліктерге, олардың ережелері мен сметалық нормаларының бұзылуына, ретсіз қателіктердің орын алуына әкеп соғатынына арызданады.

Тұрғын үй саласында соңғы 10 жыл көлемінде орын алған қайғылы оқиғалар, тұрғын үй қорын салу мен пайдалануда мемлекеттік және қоғамдық бақылаудың төмендеп кеткенін көрсетеді. Ғаламтор көздерінің мәліметтері бойынша, барлық шағын қалаларда апатты деп танылған үйлер бар.

– Бұл – көрініп тұрған апат және адам өміріне төнген қауіп. Осы айтылғандарды ескере отырып, тұрғын үй және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы және оны пайдалануға мемлекеттік бақылау жасау саласында тәртіп орнату бойынша Үкімет тарапынан жоспарланып отырған іс-шаралар туралы хабардар етуді, тиісті мемлекеттік органдарға елдің жергілікті мекендеріндегі тұрғын үй қорының жағдайына сараптама жүргізу және тұрғын үйлердің қауіпсіздігін сақтауға, жылумен қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шаралар қабылдау жөніндегі ұсыныстар дайындау туралы тапсырыс беруді, Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту және тұрғын үй секторын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы көздерін өсіру мүмкіндігін қарастыруды, тұрғын үй қорын ұстауға және пайдалануға қоғамдық бақылау жүргізу тәсілдерін кеңейтудің мән-маңызын, осы жүйеге тұрғын жайлардың меншік иелерінің қоғамдық құрылымдарын тартуды оқып-зерттеуді, жаңадан салынып жатқан нысандарда ҚР архитекторлық-құрылыс заңнамасының талаптарының орындалу барысын ҚР Бас Прокуратурасы тексеруін, сапалы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етуде заңнаманы жетілдіруді сұраймыз», – деді депутат.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button