Денис Тенді өлтіргендерге сот үкімі шықты

Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне айыпты деп танылған үш күдіктіге сот үкімі шықты, деп хабарлады  sputniknews.kz 

Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында төрағалық етуші судья Кеңшілік Әбділдинов Нұралы Қиясовты 18 жылға, Арман Құдайбергеновті 18 жылға, ал аяғы ауыр Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырды.

«Нұралы Қиясов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 192-бабы 2-бөлімінің 2-тармағы (қарақшылық), 99-бабы, 2-бөлімі 7,8-тармақтары (кісі өлтіру) бойынша қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылсын, 18 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық-атқару жүйесінің жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеге қамауға алынсын.

Арман Құдайбергенов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 188-бабы 2-бөлімі 2-тармағы (ұрлық), 192-бабы 2-бөлімі 1,4-тармақтары(қарақшылық), 99-бабы 2-бөлімі 7-тармағы (кісі өлтіру) бойынша айыпты деп танылсын және жаза ретінде 18 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық-атқару жүйесінің жоғары қауіпсіздік мекемесіне қамауға алынсын.

Жанар Толыбаева Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау), 188-бабы 2-бөлімі 1-тармағы (бір топ адаммен алдын ала келісіп ұрлық жасау) бойынша айыпты деп танылсын және жаза ретінде 4 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесіне қамауға алынсын», — деп судья үкімді оқыды.

Куәгер полицейлер жауапқа тартыла ма?

Жарыссөз кезінде марқұм спортшының анасы Оксана Тен кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі екі инспекторды Азамат Нұрпейісов пен Әділбек Мұсаевты салғырттығы мен әрекетсіздігі үшін жауапкершілікке тарту туралы қолдаухат берді. Еске сала етсек, полицейлер Денис Теннің сотталушылармен төбелесіп жатқанын көргенін мәлімдеген еді. Сотта тәртіп сақшылары куәгер ретінде жауап берді. 

Оксана Тен қос полицейдің үстінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетке арыз жазды, қазіргі таңда іс уақытша тоқтатылған. 

«Бұл істе мен куәгер ретіндемін, оларға ешқандай талап қоя алмаймын. Неге екені белгісіз, қазіргі таңда іс уақытша тоқтатылған. Полицейлер сол баяғыдай жұмыс істеп жүр, қылмыстық іс болса да, қызметінен шеттетілген жоқ. Бұл іске жәбірленуші ретінде қатыса алуым үшін, істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлімнен басқа органдарға беруді тағы бір мәрте талап етемін. Әйтпесе, бұл полицейлердің үстінен жаңа арыз жазамын», — деді Оксана Тен жарыссөз барысында.

Денис Теннің анасы ұлының тапсырыспен өлтірілгеніне сенімді

Оксана Тен сот процесі кезінде қылмыстың тапсырыспен жасалғанына сенімді екенін мәлімдеді. Жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрлан Өстеміров алдын ала тыңдалым кезінде 2018 жылдың 20 шілдесінде Астана қаласында айна ұрлап ұсталған Арман Құдайбергенді сотқа дейін қаладан шықпау туралы қолхатпен босатып жіберген полиция қызметкерлерін жауапкершілікке тарту туралы шағым түсірді. 

Сотталушы өзінің соңғы сөзінде Денис Теннің отбасынан кешірім сұрады. Бастапқыда Құдайбергенов пен Қиясов кінәларын мойындағанымен, кейін тек ұрлық жасағаны үшін айыпты екенін және кісі өлтіруді алдын ала жоспарламағанын айтып осы уақытқа дейін берген жауабын өзгертеді. Ал Жанар Толыбаева соңғы сөзінде өзінің не үшін айыпталып отырғанын түсінбейтінін жеткізді. 

Оксана Тен сот үкім шығарарда қоңырауларды тексергеннен кейін Толыбаева мен кейбір куәгердің ортақ таныстары болғанын мәлімдеді. 

«Сотқа дейінгі отырыста және сотқа дейінгі тергеу барысында телефон қоңырауларын тексеру арқылы Толыбаева мен бірнеше тұлғаның өлімнен бірнеше күн бұрын сөйлескені белгілі болды. Бұл жай ғана кездейсоқтық болуы мүмкін емес», — деді марқұм мәнерлеп сырғанаушының анасы. 

Қайғылы оқиға қалай болды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 2018 жылдың 19 шілдесінде 25 жасында қаза тапты. Спортшы көлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болғанда сан тұсынан пышақ жарақатын алды.