ДАРЫНДЫЛАР БӘСЕКЕСІ
Сейсенбі күні Қарағандыда «Пинг-понг ханшайымы» турнирінің ақтық сайысына жолдама алған жеңімпаздар анықталды.
Жетім балалар арасындағы дарындыларды ынталандыратын турнирді ұйымдастырушылар – «Бауыржан» қайырымдылық қоры, Алматыдағы Қытай Халық Республикасының бас консулдығы, «Huawei Kazakhstan» компаниясы және «Нұр Отан» партиясы. Ал, Қазақстанның барлық аймақтары бойынша жарысқа төрелік ететін – Қазақстан үстел теннисі федерациясы.
Қарағанды бойынша «Жастар» спорт кешенінде өткен ойынға облысымыздың 5 балалар үйінен («Құлыншақ», «Таңшолпан», Литвин мектеп-интернаты, «Преображение» және Майқұдықтағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйі) 10 қыз бала қатысты. Турнир екі санат 7-10 жас және 11-15 жас аралығындағы жасөсіпірімдер арасында ұйымдастырылды.«Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушісі Нәзира Әбілқасова және «Құлыншақ» балалар үйінің тәрбиеленушісі Демина Александрова жеңімпаз атанды. Кіші жас санатындағы іріктеу кезеңінен Литвин мектеп-интернатының тәлімгері Таисия Васильева мен «Преображение» балалар үйінің тәрбиеленушісі Варвара Бобкова өтті. Төрт жеңімпаз Алматы қаласында өтетін турнирдің ақтық сайысына қатысып, финалда облысымыздың намысын қорғайтын болды. Бірінші-ракетка чемпиондары үшін бас жүлдеге – Қытай еліне сапар жоспарланған. Жалпы, «Пинг-понг ханшайымы» турнирі – Қазақстандағы үстел теннисін дамытуға бағытталған. Сондықтан, сайыс жеңімпаздары аталмыш олимпиадалық спорт түрінен еліміздің намысын қорғауы әбден мүмкін.
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»