Бас тақырып

Дархан дала дастарқан жайып…

Жыл он екі айдың осы бір уағында дала қаламен барымен бөліседі. Ширек ғасырдан бері жалғасып келе жатқан «Ауыл Береке» жәрмеңкесі осы жылы да желісін үзбеді. Сенбі күні ауыл аста-төк дастарқанын шаһарға алып келді. Биылғы жиын-терімнің алғашқы жәрмеңкесіндегі халық қарақұрым. Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Global Сity» көпфункционалды сауда-қойма кешені аумағында азаннан басталған жәрмеңкеге аймақтың жеті ауданынан 100-ден астам аграршылар 630 тонна өнім әкелді. Серіктес қалалардың өңдеуші кәсіпорындары да қалыс қалмады. Жәрмеңкеде ет, сүт өнімдері, картоп, көкөністер саудаға салынды. Бағасы нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен. Басым бөлігі – ет. Еттің неше атасы бар. Мәселен, жылқы етінің килосы – 2600 теңгеден, сиыр еті – 2300 теңгеден, қой еті – 2200 теңгеден сатылды. Картоптың келісі – 100, пияздыкі – 80, қырыққабаттыкі – 130 теңге. Тал түске таман сөрелер босап та қалды. Таза табиғи өнімге ұмтылған көпшілік те, өнім әкелген ауылдықтар да мәре-сәре күй кешкен жәрмеңке бір мерекеге айналып кеткені де рас.

Айта кету керек, қалалықтарға қолайлы болуы үшін төрт бағытта Майқұдық, Пришахтинск, Михайлов және Оңтүстік-Шығыс бойынша тегін арнайы қоғамдық көліктер де ұйымдастырылды.

Саудаға әкелінген 630 тонна өнімнің 64 тоннасы – ет, 390 тоннасы – картоп, 130 тоннасы – көкөніс, 21 тоннасы – сүт өнімі, 8 тоннасы – балық. Мұның сыртында 190 мың дана тауық жұмырт­қасы мен 14,5 тонна өзге де өнім бар.

Жәрмеңкені арнайы аралап көрген аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев алдағы уақытта тұрғындардың өті­ніш-тілектерін ескеріп, ендігі жәрмеңкелерде олқылықтардың орнын толтыру басшылыққа алынатынын жеткізді.

– Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мың алғыс. Мұндай жәрмеңке әлі де бірнеше рет ұйымдастырылады. Бүгін тегін автобустар жолға қойылды. Қала әкіміне осы күннің қорытындысы бойынша басқа бағыттарды қосуды қарастыруды тапсырдым. Тұрғындардың тілектері ескеріледі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Нұра ауданы Қарой ауылынан келген «Қоғам» шаруа қожалығының жетекшісі Жамбыл Мәмбетов жәрмеңкеге жылда қатысатынын айтады. Жыл сайын қой-қозы әкеледі екен. Бұл жолы да 200 кг қозының етін жеткізіпті. Таңертеңнен түске дейін еттен шөкімдей де қалмай өтіп кетіпті. Біз барғанда алдында тек 30 келі ғана ет жатыр.

– Мен қозының 200 килограмнан астам етін әкелген едім. Өтімі жақсы. Қазір 30 килодай ғана қалды. Халық алып кетті. Өзімнің шаруашылығым бар. Қой өсіремін. Жәрмеңкеге жыл сайын келіп, қатысамын. Әкелген етімді кері алып қайтқан кезім жоқ, – дейді Жамбыл Мәмбетов.

Абай ауданы Көксу ауылынан келген Сүндет Хантөриев болса, бір жарым тонна картоп әкелген. «Гала» сортты картоп өсіруді көп жылдан бері жолға қойыпты. Жеке шаруашылығы жоқ. Тек үйінің маңындағы 20 соттық аумақтан жылына 4-5 тонна картоп алып отырса керек. Әдетте Көксудың картобы ел арасында танымал екені мәлім. Бұл жолы да жұртшылық Көксудың бұл картобын қап-қабымен алып жатты.

– Бұл картоп үйде өсірілген. Ешбір химикатсыз, таза табиғи өнім. Оның үстіне бағасы базардағы картоптан әлдеқайда төмен. Бір жарым тонна картоп әкелген едім, түске дейін жарты тоннасы сатылды, – дейді Сүндет Хантөриев.

Қала тұрғындарының жәрмеңкеде қарасы көп болғанымен, естімей қалғандары да жоқ емес. Сондықтан, әлі де бұл жәрмеңкенің жарнамасын күшейтуді қажет етсе керек. Дегенмен, жәрмеңкеге барып, құрқол қайтқан адам жоқ. Етсіз отыра алмайтын жұртымыз жас етке бір қарық болды.

– Қарқаралыдан келген жабағының жартысын сатып алдым. Бағасы қалтаңа қонымды. Базардағыдан әжептәуір арзан. Әрі жас мал. Көзіңізбен көріп, ұстап, таңдап алуға мүмкіндік мол, – дейді өзін Бексұлтан деп таныстырған қала тұрғыны.

Жәрмеңке мұнымен тоқтамайды. Ресми орындардың мәлімдеуінше, «Global City» аумағында келесі жәрмеңкелер 28 қазан мен 4 қарашаға жоспарланған. Сонымен қатар, қараша-желтоқсанда Қарағандыда «Global City», «Ұмай» сауда үйінің аумағында (Майқұдық) және «Молодежный» мәдениет үйі (Пришахтинск) алаңында да өткізу көзделіп отыр.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button