Басты тақырыпҚарағанды

Дамуға серпін берген

    «Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз.»

  Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

   Биылғы Жолдау ел дамуындағы үлкен бір жоспардың кезекті айтулы сатысын меңзейді. Президент оны «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы» деп атады.

Экономика өсуінің жаңа моделі бізге бұрыннан сүйеу болып келе жатқан шикізат саласының мұнай-газ өндіруінен емес, жаңа, жоғары технологиялы салаларды дамытуға негізделгені жаңа Жолдаудың ең басты ерекшелігі болды.

Президент ұсынған цифрлық технология, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да болашағы зор салаларды дамыту – аса күрделі талаптар.

Технологиялық жаңғырудың бел ортасындағы шешуші басымдықтардың бірі – адам капиталының сапасын жақсарту екендігіне Президент тағы да назар аударды. Яғни, индустриялық революцияға ену, ілесу, оның игіліктерін игеру, олардың еліміздің өндірісіне енгізілуі, сапасы жоғары деңгейдегі мамандарға байланысты. Бұл – өндірісшілер мен жұмыс берушілер де өз дамуының, өсуінің жаңа моделін жаңа сапаға, деңгейге көтеріп, өз саласының болашағын, бәсекеге қабілеттілігін бүгінгі кәсіптік білім саласынан іздеп, жаңа байланыстарды қазірден қалыптастыруы, кадрлардың жаңа буынын әзірлеуге өздері де түбегейлі бет бұруы қажет деген сөз.

Президенттің жаһандық, технологиялық жаңғырудың келелі де күрделі мәселесін айқындай, сараптай ұсына отырып, осындай ахуалда – индустриялық революция жағдайында да елімізде қазақ тілінің басымдығы сақталады, келешекте оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді деген түбегейлі, орнықты, ашық ойы көңілге сенім тудырады.

Жолдаудағы Президенттің жоғары білім беру жүйесі сапасына, жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталуы деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талаптардың күшейтілу қажеттігі туралы ойлары бұл саланың ең өзекті, ең көкейкесті мәселелерін дөп басып, айқара көтеруі жоғары оқу орындарының келешекте даму жолын көрсетеді.

Сондай-ақ, бұл Жолдауда ел ішіндегі қауіпсіздік ахуалын жақсарту, оны діни экстремизмнің алдын алу арқылы жүзеге асыру, діни қарым-қатынас саласындағы радикалдық көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру мәселесінің көтерілуі де өте өзекті.

Аталған фактор жаңғырудың бес негізгі басымдықтарының іргетасы болып табылады. Ол – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы, адам капиталының сапасын жақсарту және институционалдық өзгерістер. Дамудың бұл бағыттары қазақстандық экономика қарқынының өсуін орташа әлемдік деңгейден жоғарылатып, Қазақстанның жетекші 30 елдің қатарына қарай тұрақты ілгерілеуін қамтамасыз етуі тиіс.

Әлем үлкен технологиялық өзгерістер қарсаңында тұр, алдағы уақытта ол қоғамның барлық қатпарын қамтып, өміріміздің барлық салаларына ықпал етеді. Сарапшылардың көпшілігі бұл өзгерістер технологиялар интеграциясымен және физикалық, цифрлық, биологиялық салалардың бірігуімен ерекшеленетін Төртінші өнеркәсіптік революцияға алып келеді деген пікірде. Мұндай жағдайда Қазақстан жаңа әлемдік шынайылыққа бейімделуі қажет.

Бүгінде отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, бәсекеге қабілетті салаларды одан әрі жетілдіру, сөйтіп, өсім драйверлерін қалыптастыра отырып, елдің үшінші экономикалық жаңғыруы басты назарға ие. Жолдауда көрсетілген барлық бес басымдық алдағы жылдарда еліміздің басты даму векторы болады деп ойлаймыз.

Жолдауда салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу мәселесі де айтылды. Осыған дейін бюджет шығыстарының тиімділігіне аса көп мән берілмейтін. Енді осы бағыт та қадағаланатын болады. Президент 2017 жылғы мемлекеттік даму бағдарламаларын қажетті ресурстармен толықтай қамтамасыз еттік, енді министрліктер мен ведомстволардың осынау қаражаттарды игеруінің тиімділігін тексеру қажет, деп нақты міндет қойды. Бұл шешуін көптен күткен мәселе болатын. Тек бақылау мен дұрыс тексеріс болғанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізілетіні белгілі.

Жолдауда, Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды талап етіп отыр. Оның негізгі факторы автоматтандыру мен заманауи технологияларды барлық жерлерде енгізу болуы тиіс. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесе отырып, 2025 жылға дейін экономиканың негізгі салаларын технологиялық қайта жарақтандыру міндеті тапсырылды.

Президент биылғы Жолдауында да әлеуметтік салаға тұтастай бір басымдықты арнап отыр. Сол төртінші басымдық адам капиталының сапасын жақсарту деп аталған. Бұл басымдық аталған саланы жан-жақты қамтыған. Бәрімізге белгілі, қаржылық дағдарыс, әлемдік валюталық қор саясаты, мұнай бағасы сынды факторлар салдарынан дүние жүзінде инфляция көрсеткіші жылда өсіп отыр. Біз де ғаламдық нарықтың бір бөлшегі болғандықтан, осы өзгерістің «суығынан» тысқары қалмаймыз. Бірақ әлеуметтік саланың төлемдері өсіміне инфляцияның тигізетін әсері мейлінше төмендетілді. Себебі, біздің елімізде зейнетақы мен жәрдемақы және басқа да төлемдер көлемі мүмкіндікке қарай жылда өсіп отырады. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапқан.

Рахметолла КӨПБОЛОВ,

Қазтұтынуодағы Қарағанды

Экономикалық университеті

Экономикалық қатынастарды

құқықтық реттеу кафедрасының аға оқытушысы, құқық магистірі.

Айтқұл ҚОСЖАНОВ,

Жалпықұқық және арнайы пәндер кафедрасының профессоры.

Гүлдана ҚАРЖАСОВА,

Жалпықұқық және арнайы пәндер кафедрасының PhD докторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button