Бас тақырыпРуханият

Дала тағылымын алған дарын

Ерлан Төлеутай есімі кешегі Мәди кейпінде көпшіліктің көңіл төрінде. «Қаракесек» әні оның өнердегі рухын өрлеткен ұраны іспеттес еді. Арқадағы алғашқы кешінің шымылдығын Ерлан Төлеутай Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқасымен» түрді. Әуелден әуелете ән салғанда әр жерден мағмұрланар жұрт құлағы бұл жолы да сақ еді. Сахнада ән салған әнші көмбеден көсілген жүйрік секілді емес пе?! Залдан естілген қиқу Ерлан Мұқатайұлын одан әрі арқаландыра түскендей.

Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен һәм мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Кеншілер мәдениет сарайында дәстүрлі әнші, композитор, кинодраматург, өнертанушы Ерлан Төлеутайдың «Атыңнан айналайын, Қарағанды!» атты ән кеші осылай басталып кетті.

Кешке дәстүрлі ән өнерінің майталмандары Рамазан Стамғазиев, Ерлан Құжыманов, Еркін Шүкіман және қазақ эстрада жұлдыздары Меруерт Түсіпбаева, Роза Әлқожа һәм Сейіл Аяғанов қатысты. Дала тағылымына ден қойған Арқа ұлының айтулы күніне қарағандылық өнерсүйер жұртшылық тай-тұяғымен жиналды.

– Ақселеу ағаның әнімен бастағанды жөн көрдім кешімді. Мұнымды жиылған жұрт та құп көреді деп білемін, – деп атап өтті Ерлан Төлеутай кеш басында.

Бұдан кейін Балуан Шолақтың «Сентябрь» әнін шырқап, бұқараны тағы да тамсандырды. Ол сахнада тек әнші ғана емес, ән тарихын бірді-екілі сөйлемнің саясына сыйдырған тарихшы да болды. Әр шырқаған әнінің шығу тарихын баян етіп, көпшілік білмеген ән сырларын ашты. Мысалы, «Сентябрь» әні Балуан Шолақ 800 келі кірдің тасын көтеріп, масаттанғанда туған ән екен.

Сонымен қатар, Үкілі Ыбырайдың 60 жасында шәкірттерінің алдында аманаттай салған «Қалдырған» әні де Ерлан Төлеутайдың репертуарынан табылды.

Ал, Біржан салдың «Ақсеркеші» төгілдіргенде, залдағы әнсүйер қауым, тіпті, айғай мен қиқуға басты. Расында, бұл әннің ерекшелігін Ерлан Мұқатайұлы толық таныта білді. Ән нақышын нақтылай басып, бір кезде сипай ескен тау самалы болып, сызылта басып ән демін үзсе, бір сәттері буырқанып, тас шайған тау бұлағындай мөлдіретті. Ине шаншар орын болмаған залдың қиқуға басу себебі де осы.

Кеш барысында облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов сөз сөй[1]леді.

– Бұған дейін осындай бірегей тұлғалардың кештері пандемияға бола бірнеше мәрте тоқтап еді. Енді қайта жалғасын тауып, көпшіліктің көңілін жайландырды. Басымызды қосқан кеш иесіне, оның өнеріне құрметіміз шексіз. Құрметті Ерлан Мұқатайұлы, ел-жұртыңызға еркелеп, қазақ өнерін дәріптеуден танбаңыз, – деп облыс әкімінің құттықтауын та[1]быстады. Бұған қоса, Ұлытау облысы әкімінің және Жаңаарқа, Шет ауданы әкімінің де құттықтаулары сахнада оқылып, кеш иесіне салтанатты түрде тапсырылды.

Кешті Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры Жансая Жарылғап тізгіндеп, сұхбат ретінде өткізді.

Сұхбат барысында Ерлан Төлеутайдың әншілік, композиторлық өмірі баяндалды. Алғаш 21 жасында шығарған «Айтып кетсем деп едім» әнін Сейіл Аяғанов сахнаға алып шықты.

Дәл осы әннен соң, Ерлан Мұқатайұлының әндер легіне кезек берілді. Ерлан Құжымановтың орындауында композитордың «Ғашық едім қайтейін», «Көңілім» әндері жиналған жұрттың құлағына майдай жақты.

Кештің бір атап айтарлығы – әнші Меруерт Түсіпбаеваның орындауында тұсауы кесілген Ерлан Төлеутайдың «Баянауыл» әні. Сонымен қатар, 2002 жылы алғаш Меруерт Түсіпбаеваның орындауында танылған «Сен және мен» әні шырқалып, оның тарихы шертілді. Бұл әннің сөзін ақын Жанат Әскербекқызы жазған екен. Ән сырының тереңіне үңілсеңіз, расымен, мұңды, тыңдаған жанды баурап алардай тазалық сезіледі.

Ақын Қайрат Асқардың сөзіне жазылған «Ауылға кетемін» әнін әнші Еркін Шүкіман нақышына келтіре әуелеткенде, көңілі алып ұшқан көрермен тағы да сиқырлы сазды күйге бөленді.

«Екі ішек, қу тақтайын» ала сап, арқасы қозған бақсыдай кеш иесі тағы да өзі шықты сахнаға. Бұл жолы ол Ақанның Құлагерге мағмұрланып шығарған «Маңмаңгерін» шырқады.

Ән әуеден жерге түсер емес. Қалың қауымның қолпашы кеш иесіне Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін тағы шырқатты. Ән деген сиқыр емес пе, шіркін?!. Әнге мастанған жұртшылықтың қайтқысы жоқ.

Бұл кеште тек ұлы композиторлардың ең танымал шығармалары шырқалды.

Соның бірі – Үкілі Ыбырайға ұстаздық еткен Нүкейдің әні. Ал, Мәдидің «Қаракесегіне» кезек келгенде зал тым-тырыс тыңдады. Қоңыр домбыраның күмбірлеген мұңды үні мен әншінің күңіренген дауысы ғана үстемдік құрды.

Жиналған қауым бұл кештен ән ғана тыңдап тарқасты десек, жалған. Олар бұл жерден тарихты білді, тағылым алды десек, сонда шындыққа жанасары хақ. Дала тағылымын алған дара тұлға тойы өз миссиясын осылай орындады.

Жан АМАНТАЙ.

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДІЛБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button