Таным

Құдайға апарар алтын қақпа алдында…

Абай «Ескендір» поэмасында жер жүзінің соғыста бәрін жеңген Ескендір Зұлқарнайын соңғы жорығында мөлдір бұлақты өрлей келе, тәтті су шыққан бай елдің шаһарын талқан етіп, үстіне ту тігуге жарлық еткен. Алайда, құзар шаттың аузын бекіткен алтын қорғанның қақпасын қанша шапса да аша алмапты деп жазады.

«Қорлығым өзім туып көз көрмеген» деп долылықпен ашуға мінген, даңғой патшаға қақпаның күзетшісі «Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ, Бұл – Құдайға бастайтын қақпа. Ал, мынау сенің сұрап алған сыйың» деп қорғанның ар жағынан ақ орамалға оралған қу сүйек лақтырыпты. Тіршілікте тоқтау көрмей есірген хан, сүйектің сонда айтқан датын тыңдауға мәжбүр болыпты: «Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең!»

Тоқтаусыз, тежеусіз, тыйымсыз өсіп, есірген Ескендір пенденің жайын бізге жеткізген Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы «шу» дегенде өзі қандай жол көрді, жоба білді, жиһан кезді, ақылмен ойлап тоқтау қылды ма, бойын жеңіп, таза мұсылман, толық адам санатына жете алды ма деген заңды сұрақ оқырманды алаңдатары шындық. Абай сөзін, Абай ісін бір білсе, ақынның шығармашылығын зерттеуге барын салған Мұхтар Әуезов білетін болар. Сол себептен бар жауапты жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясынан іздеп көрелік.

Әрине, «Абай жолы» роман-эпопеясы көркем шығарма, одан Абайдың ғұмырлық бейнесінің сол күйі көрінуін талап етсек, қателікке ұрынарымыз хақ. Бізге, Әуезовтің шығармасы «Қазақта қара сөзде дес бермеген» Абайдың жүріп өткен құқықтық жолын автордың көрсете білуімен құнды.

Абайдағы «қара сөз» атты құқықтық ойдың көне атауын осы заманғы ғылым тілімен зерттесек, ҚР «Құқықтық актілер туралы» заңының «норма» ұғымымен тең түседі. Қазіргі «норма» термині алғашқы бетте құқыққа ешбір қатысы жоқ еді. Ол «құрылыс бұрышының дұрыс-бұрыстығын тексеретін арнайы құралдың» атауы ретінде атақты Рим архитекторы Витрувийдің еңбектерінде алғаш І ғасырда келтірілген. Латын тіліндегі «nosco» сөзі қазақтың «нұсқа» сөзінің саз-әуезі, мән-мағынасына ұқсас. Өйткені, түгел сөздің түбі бір, айырмашылық тек әрқилы оқу мен бірнеше орфографиялық нұсқаның болуы. Мына «nosco» мен «нұсқа» сөзінің сұлба-түрі, қалпы өте ұқсас болуымен қатар, «норма» терминімен мағынасы да бірдей. Үлгі, ақыл, кеңес, ереже, қағида, ауыспалы мағынасы «жол», «сызық». Бұл – «норма» термині латын тіліндегі «nosco» сөзінен келген, мағынасы «таныймын, талдаймын, зерттеймін, сынаймын, қабылдаймын, білемін, қолымнан келеді».

Абай ескерткен «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтылын» ұмытпай есте ұстай отырып, біз роман-эпопеяда автордың заңдылық пен құқықтық тәртіп орнықтыруда қазақтың байырғы тыйым институтының қазақ қоғамындағы қарым-қатынастар жүйесіндегі реттеушілік рөлін шебер, өмір шындығына сай суреттегеніне дәлел келтіре отырып сөйлейік.

Жазушы роман-эпопеяның бірінші кітабының алғашқы тарауын «Қайтқанда» деп атауды жөн санаған. Он үш жасар бала шәкірттің Семей қаласынан ауылына тезірек жетпек болып, үш күндік жолдың соңғы күнінде қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан. Бала шәкірт Абай қалаға атпен барған соң, дәріс тәмам болмаса да, қазіреттің рұқсатын алып Семейден ауылына, ата-анасына қайтқан. Өзінің жасына лайық қуанышты бала қалпына келетін ауылына асықпағанда қайтеді. Бұдан бұрынғы екі күндік жолда үлкендер жылдам жүрмей, баланың шыдамын әбден тауысқан соң, ол күнұзын аттан да түспей, өзгелерден оқ бойы алда отырған. Тіпті, кейде оқшау шығып, астындағы жарау құла бестіні ағызып-ағызып та алады. Тақырбұлақтың тұсына келгенде үлкендер алдағы Есембай жырасы қауіпті, ұры, жау жататынын, жер жаман екенін ескертіп баланы жеке, жападан-жалғыз шабудан тежеген. Талабы мен тәуекелі басым түскен бала, үлкендердің ақылын алмай, тәңірдің бір айтқаны екі болмасқа басып, бойын тежеп бөгелмеді. Абайдың қасындағы үлкендердің бірі өзінің ағайыны, мұны қаладан алып қайтуға барған Байтас болса, екіншісі қалаға Құнанбайдың тапсырмасымен жүрген Жұмабай. Үлкендердің тежеуіне көнбей, көз ұшына кетіп, ұзап алып жапа жалғыз шапқылаған бала шәкірт Таным ең соңында Құнанбайға қадірі бар кісі Жұмабайды ренжітіп тынады. Жұмабай Абайға ашуланып, ренжіп барса, алдымен әкесі Құнанбайға шағатын еді де, істің ақыры бала үшін насырға шабуы кәдік. Байтас пен Жұмабайдың жападан-жалғыз жүрудің қатер-қиындығын айтқанда бала шәкірт ұқпаған-ды. Кейін өсіп жетілген дана Абай: «Сөзімді ұғар Елім жоқ, моласындай бақсының жалғыз қалдым, тап шыным» деп күңіреніп, қайғы күйін шертеді. Абайдан соң, «Қазақтан қалмай партия, Көбейді сұм мен сұрқия, Келген жастар ел тия, Қабыл алып өсек сөз» деп інісі Шәкәрім де, «оқығандар бас болар, жаңа өмірге мас болар, үлкенін қылар ол мазақ» атты кезеңде шын әділет жемісін көре алмай, елдің тыюсыз кетерін анық сезген. Замандас, енді, біз де оқыған, тоқыған барымызды таза ой тезіне салып, нұрлы ақыл сотына тартып тергеп көрелікші. Қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып үйіне, ауылына асыққан бала шәкірт сапарлас үлкендердің тежеу, тоқтау айтқан сөзін тыңдамады, қайта «жолбасар» ұрылардың кейпіне еніп, оларға тұтқиылдан шабуыл жасап, Жұмабайдың қорыққанына ырза бола, ішек-сілесі қатып, мазақ қылып күлмей ме? Тек, өзі күлкі қылған Жұмабайдың әкесі Құнанбайға қадірі бар кісі екені есіне түсіп, әкесінен қорыққаннан күлкіден тыйылады. Өз еркінен тыс, қорқыныштан, әлсіздігінен, шарасыздықтан тыйылады. Себебі, Құнанбай қаһарланса, Абайдың өз баласы екеніне қарамай-ақ, жазаға тартары һақ. Ал, Шәкәрімнің заманында «тәубесін еске түсіріп, тентекті тыйып жерлеген» Құнанбайға ұқсап ақыл жарлық айтарлық әке, ой қосарлық ағайын, телі- тентекті тыяр тыйым болмай шықты.

Тыйым, тоқтам, тежеу дегеніміз баршаға бірдей заңды талап, қойылатын шек. «Жападан-жалғыз ұзап кетіп, жауға жем боласың!» деп, екі жолдасы тежей бергісі келгеніне бала шәкірт ол сөздеріне тыңдайын деп ойысқан жоқ. Бала шәкірттіктен өтіп, хакім болып жетілген, басқа шауып, төске өрлеген, «қазақта қара сөзде дес бермеген» Абайдың сөзін кім тыңдады? Екі күндік жолда үлкендер жылдам жүрмей, баланың шыдамын әбден тауысқан болса, бар жаманның көпте екенін көрген һакім Абай шыдай алды ма? Шыдамады, ел мінезін түзеткісі келді, бірақ әлі жетпеді, елі түзелмеді, енді мына заманда небір қулық, сұмдық, ұрлыққа, коррупцияға сұм нәпсісі үйір болған соң, әлем адамы тез тыйылмас, ешкім де және жеңіп тыя алмас. Абай «Туған жерді қия алмай, Тентекті жеңіп, тыя алмай, Әлі отырмыз ұялмай, Таба алмадық өңге елді» десе, інісі Шәкәрім «Жиырмасыншы ғасырдың адамынан Анық таза бір елді көрмей өттім» деген. Өйткені, ақша, қару сананы билеп тұрған заманда әділет те жоқ, оған араша түсер күш те жоқ. Адамзаттың өзі ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық, ар түзейтін білім, ғылымнан біле тұра, қасақана мүлдем бас тартып тұрған жайы бар. Ар түзейтін ғылымның аты – Тыйым. Осы себептен автор шығармасын тежеу, тыйым, тоқтау сөзден бастайды. Және бұл норма, нұсқау роман-эпопеяның құлақ күйі, қызыл жебесі, дариғасы, темір қазығы, өзегі, тереңдігі, биігі, адалдықтың туы.

Шығарма «Үш күндік жолдың, бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды» деген жолдармен басталатыны белгілі. Он үш жастағы бала шәкірттің үш күндік сапардың соңғы күнінде шыдамы таусылып, шамасы бітіп, алда қауіп-қатер барын ескермей, елемей жөнелді. Ішінен «Мен бөрінің бөлтірігім» деп келе жатқан Құнанбай баласының өз бойын тыяарға қайраты, ақылы жетпей, өз ойын билей алмай, жас желігін жия алмай кеткенін сезген үлкендер албырт жасты тежеуге тырысып бақты. Байтас та, Жұмабай да бала шәкірт үшін Құнанбай алдында жауапты, анау жазатайым жамандыққа ұшыраса бастары кетеді. Екі үлкен кісі бала мінезін тыя алмай кінәлі болса, қайда барып сыя алады. Аға сұлтан Құнанбай сұрау салып, сары ала қамшының астына алмай ма? «Уа, жол көрсетер, жөн сілтер қамшыгерлер, қайда қарадыңдар, бір балаға ие болмай» деп айыптау үкіміне дереу қол қоймай ма?! Көне қазақ тіліндегі «қол» сөзінің алғы мағынасы: «Жөн, жүйе, ыңғай, рет», яғни заң, құқық, билік. Сол себепті, екі үлкеннің «бөрінің бөлтірігіне» тоқтау айтып, тыйым салып, тежеу қылғандары заңды талап екенін мойындауға тиіспіз. Бала шәкірттің ісінде заңды талап, қойылған шектен шығарлық қисын бар ма еді? Бала шәкірт қазақтың «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» атты нормасына бағынбады. Өз еркімен сілтемек болып, шектен асып кетті. Әкесінің жарлығы – ата ауылына аман-сау жету. Байтас пен Жұмабайдың қосқан ойы – сақ бол. Қорлық жүрмес сақтыққа. Бала шәкірттің шектен шыққан әдепсіздігі бойына қорлық келтіретін мінез еді. Бала үлкендердің заңды талабын тыңдамай өзімшілдікке басты. Ауылға асыққаны, елін-жерін сағынғаны – жақсы іс. Жақсы нәрсенің де өлшеуі бар, өлшеуінен асса – жарамайды. Өлшеуінен асырса, боғы шығады. Бала шәкірт қара үзіп кетіп, үлкендерді соңында қалдырды. Баланың ағайыны Байтас «бұл қорлықты көргенше, кел, Жұмеке, біз де аттың басын қоя берейік» деп, жорға Жұмабайды да еріксіз жарысқа қосып алды. Үлкендерді соңында қалдырып қорлап, сол ісімен олардың намысына тиіп кеткенін бала сезбеді. Ол қорлық аздай, бала шәкірт «жолбасар» кейпіне түсіп, Жұмабайды қорқытып, ұялтты, ызаландырды. Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Бала үлкен кісіні ұялтты. Ызаға булығып, ұят керегесіне керілген Жұмабай бөріні ашу қатты қысты, қыжылы қайнады. Ызалы жүрек, долы қол морт кетсе мерт қылуы да мүмкін ғой. Ыза – қорлық, қиындық. Қазақта да, Римде де ежелгі соғыс заңы болған «ыза сырықтан өткізу» салт-дәстүр ережесі. Соғыстың аты соғыс, біреу жеңіп қуанады, жеңілген жақ қорланады. Ыза сырықтан ту латында «Subiuqummitti» деп аталған. Ыза сырық – «П» әрпі іспеттес үш найза, пішіні киіз үйдің есігіне ұқсас, сырықтан жасалған қақпа. Осы қақпадан жеңілген қарусыз жұртты айдап өткізеді, бұл капитуляция актісіне қол қою тәртібі. Ыза сырықтан өту «иго»- мен аяқталады «iugum»(иго). Латынның «iugum» сөзі «iunctus» – қосылу деген етістіктен жаралған. Ыза сырықтан өту – бүкіл елдің бір кейіптен екінші бір кейіпке көшуі, өз ырқы өз қолынан кетіп, басқа, жат жұртқа қосылуы. Өмір дегеніміз материя қозғалысының жер бетіндегі биологиялық көрінісі. Бала Абай өзінен үлкен кісінің қорыққанына қатты ырза еді. Жұмабайдың неге ашуланғанын ұғып тұр. Қоңыр жүзі қызарып, төмен қарап қысыла күле беріп, бөркін айналдыра бастады. Соныменен, бұл жарыс-егестің соңы ұятты іске ұласты. Жұмабайдың Құнанбайға қадірлі адам екені еске түскенде ғана бала Абай күлкіден тыйылып, енді сыпайы, сызылған қалыпқа көшіп оған кешірім өтінгенін кестелеп жеткізіп, ашулы жолбарысты сөзбен сипап жұбатты:

«– Жол ұзақ. Ұйқы ашар болсын деп ойнап ем, ғайыпқа бұйырмаңыз, Жұмеке!» Егерде, баладан ыза шеккен ашулы Жұмабай Құнанбайға арызданса, істің арты шатаққа кетіп, ойыннан от шығатынын ұққан бала лепірген, асыққан күйінен тартынып, суынды. Тәубесін еске түсіріп, тентекті тыйып, жерлеген әділ, мырза, ер Құнанбай жорға Жұмабайдың ар-намысын міндетті түрде қорғайтын еді. Абай ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын баққан кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Абай әке тәрбиесіне сай бар қиындықты еңсеруге, қауіп-қатерді жеңуге міндетті еді. Жол заңы – бойды билеу, шыдау, төзу. Әкесі есіне түскенде бала бойын тез жиып, күлкіден сап тыйылды. Байсал мен Жұмабайдың баланы тежеуі, тоқтатуы, тыйуы заңдылық пен құқықтық тәртіптен туындаған талап. Құнанбайдың адамдары қауіп-қатері мол елсіз жерде, жау жатағында, ұрының ойнағында ұсталып, сабалып, тоналып, қайырлы сапары қазаға айналып жатса дұрыс, жақсы іс бола ма?

Роман-эпопеядағы бас кейіпкердің балалық шақтан бір елес іспеттес көрінетін сапарын суреттеуде Әуезов әркімнің мінез-құлқына негіз, тірек, тиянақ, байлау болар заң нормасы ретінде тыйым институтын ұсынады. Автор Абай сөзіне сүйеніп, тыйымның тәрбие мектебі, өмір сүру құқығын қорғайтын заң нормасы екенін анық, нақты жеткізген. Сөзіміздің растығына жығылмас дәлел ретінде Абайдың бозбала күнінде өзіне-өзі «тоқта», «сабыр ет», «тыйыл» деп айтқан сөзін ұсыналық: «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім! Қарсақ жортпас қара адыр, Қарамай неге шабасың? Сонда тәуір бола ма, Ұстап ап біреу сабасын? Киіміңді тонасын, Елге де күлкі боласың!» Абай мен Әуезов сөзінің түйіні: «Тыйым – Құдайға бастап апарар құқықтық қақпа.»

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button