Таным

Жәңгір хан – реформатор

Тарихтан белгілі деректер бойынша XV ғасырда Алтын Орда империясы ыдырағаннан кейін, Еділ мен Жайықтың аралығы – ноғай, түркмен, қазақ, қарақалпақ жайлаған жер болды. Ал XVII ғасырдың 30-жылдары бұл жерге қалмақтар да келіп орналасты. Бірақ 1771 жылы қалмақтар екіге бөлініп, бір бөлігі Еділдің арғы бетіне келіп, енді бір бөлігі қытайлықтар ойрандап кеткен Жоңғарияға кетуге мәжбүр болды. Осы оқиғалардан кейін, босап қалған жерлерде Ресей үкіметі отарландыру саясатын жүргізу үшін әртүрлі шараларды дайындай бастады.

XVIII ғасырдың аяғында Кіші жүздегі бақталастықтан, таққа және жерге таластан Әбілқайыр ханның немересі Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтан сол кездегі Ресей императоры I Павелдің Еділ мен Жайық арасында еркін көшіп-қонып жүруіне, қалаған жеріне қыстауына рұқсат беруін сұрайды. Ең соңында, 1801 жылдың 11 наурызында Ресей императоры I Павелдің указы шығып, Еділ мен Жайықтың арасындағы бірқатар жер Бөкей қол астындағы қазақтарға берілді. Осылай Бөкей ордасының негізі пайда болды.

Бастапқыда, Бөкей Еділ мен Жайық арасындағы жұртын сұлтандық дәрежемен басқарды, ал 1812 жылы оған I Александрдың жарлығымен хан атағы берілді. Бірақ, араға үш жыл салып 1815 жылы Бөкей хан қайтыс болды. Хан тағының мұрагері Жәңгір бұл кезде небәрі он төртте еді, әрі Астрахан қаласындағы азаматтық губернатор Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп, жақсы білім алып және хандықты әкімшілік жағынан басқару әдісіне үйреніп жатқан кезі еді. Сондықтан, мұрагер оң-солын танығанша марқұмның інісі Шығай сұлтан (композитор Дәулеткерейдің әкесі) ел тізгінін ұстады.

Жасына жеткеннен кейін, Жәңгір 1824 жылы хан болып жарияланды. Ол, өз билігін қазақ хандарының билігі ретінде есептеді, соңдықтан, басқару жағына көп өзгерістер енгізді, енді басқару аппараты толық өзгертілді, бұл шараларды басқару жүйесіндегі реформалар деп атауға болады.

Ендігі уақытта ірі феодалдардың жергілікті билігі жойылды, оның орнына орталықтан басқарылатын аппарат құрылды. Оған он ханның депутаттары кірді, бұлар ханның тапсыруы мен әрбір аймақтардағы билік және сот мәселелерімен шұғылданды, сонымен қатар, оларға көршілес отырған қазақ-орыс шаруаларының арасындағы даулы мәселелерді шешетін құқық берілді.

1827 жылы 12 биден тұратын хан кеңесі құрылды, олар әр ірі рулардан іріктеліп алынды, бұл билер жергілікті жерлерде сұлтандармен қатар билеуге қатысты. Тағы бір өзгерістер бойынша ханның қасында 12 старшин-есаулдар болды, олар билеушінің әртүрлі тапсырмаларын орындауға белгіленді. Осылармен қатар, базар сұлтаны деген қызмет пайда болды, оны атқарушылар салық жинауды бақылап, саудадағы тәртіпті қадағаушыларға айналды.

Бұрын қазақтың хандары елмен бірге көшіп жүріп билік жүргізсе, енді Жәңгір хан ол дәстүрден бас тартып, өзіне Жасқұс құмының батыс бетінде 1826-1827 жж. арнайы резиденциясын салды, оны салуға бірқатар қаржыны Ресей үкіметі бөлді. Архитектор Тафеев басшылығымен салынған хан резиденциясы енді басқару органның орталығына айналды. Мұнда екі бөлімнен тұратын Бас кеңсе жұмыс істеді, кеңсенің бір бөлігі, рулар арасындағы қатынастарға байланысты құжаттарды жүргізсе, екінші бөлім шекара әкімшіліктерімен болған қатынастар туралы құжаттарды реттеді, дәл осы уақытта қазақ тарихында бірінші рет осында мұрағат бөлімі жұмыс атқара бастады. Орда деп аталған хан резиденциясының маңына ханмен бірге ауқатты қазақтар, орыстар, татарлар, армяндар және т.б. ұлт өкілдері үй салып, Орда кішігірім қалаға айналды. Онда 100-ден астам үйлер, 39 сауда орталықтары қалыптасты. Ал, қалашықтың ортасында орналасқан хан резиденциясының ерекшелігі туралы көптеген келіп-кетушілердің жазғандары нақты айғақ болады. Ханның жанұясымен тұратын резиденцияда көптеген зал болған, әртүрлі жиһаздар оларды ерекше көріктендірген, сонымен қатар, мұнда үлкен кітапхана, қару-жарақ музейі, неше түрлі демалатын бөлмелер де болған.

Билеушілердің дәстүрін сақтаған хан Торғын өзенінің бойына өзіне жазғы резиденция салды, енді жаз бойы хан жарлығы осы жерден тарайтын болды.

Билік мәселесін жолға қойып алғаннан кейін, Жәңгірдің басты мақсаттарының бірі – мешіт салу болды. Ол жоспары да іске асып, 1835 жылы Ордада зәулім мешіт салынып, басына сәлде, аузына Алла үйірілген молдалар имандылық жолын уағыздай бастады.

Бұл уақыт Орда халқының медициналық жәрдем және дәрі-дәрмекке қолы жетпеген кез еді, сондықтан Жәңгір ханның жарлығымен дәрігерлер шақырылып, оларға басшы қылып Қазан университетінің медицина факультетін бітірген А.Сергачевті тағайындады. Ордада тұңғыш дәріхана ашылды, мұның барлығы халықтың денсаулығын сақтау үшін жүргізілген шаралар еді.

Жәңгір ханның алға қойған мақсаттарының бірі – хандықта сауда-экономикалық қатынастарды ұйымдастыру және оны дамыту болды. Осыған байланысты Орынбор губернаторының алдында қайта-қайта ұсыныс жасап, 1832 жылы Ордада жәрмеңке ұйымдастыруға ресми рұқсат алды.

Осы тұста, империя әкімшілігімен шебер дипломатия арқылы елді басқару жүйесін жаңартып, бірқатар сауда-экономикалық мәселелерді шешіп жатқан Жәңгір ханның Ордасында ірі оқиға болып өтті. Ол – кеңестік дәуірде таптық күрес концепциясына сүйеніп, ерекше мадақталып көрсетілген И.Тайманұлы пен М.Өтемісұлы басқарған 1836-1838 жж. халық көтерілісі.

Бұл көтерілістің басталуында көптеген объективтік және субъективтік себептер болды. Солардың бірі – қазақтарда дәстүрлі түрде жер бөлу рубасылардың қолында болса, Бөкей Ордасында жер ханның жарлығымен бөлінетін болды. Мысалы, жердің жартысынан көбі ханның, оның туысқандары төре-управительдерге, жоғарыдан нұсқау келгеннен кейін, орыс помещиктері Безбородко мен Юсуповқа тиді, ал қалған жерді хан 1517 акті бойынша халыққа бөліп берді. Әрине, бұл қадамдар бұрыннан осы мәселені өздері шешетін рубасыларына ұнамағаны анық. Олардың ішінде бүкіл Кіші Жүзге белгілі беріш руының басшысы Исатай Тайманов та болды. Өздерінің озбырлықтарымен көзге түсіп, халықты ханға қарсы қоюда оның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанов, Шыман-төре, хандыққа таласқан Жәңгірдің ағасы Қайыпқали сұлтанның және тағы да басқалардың саясатын атап кеткен жөн. Сонымен қатар, Бөкей ордасындағы билеп-төстеушілерді бір-біріне айдап салып, бұрынғыша Кіші Жүз жеріне ойран салғысы келген Хиуа ханы Аллақұлдың да зымиян саясатын атауға болады. Әрине, қазақтардың наразылығын күшейткен ең басты себеп – Ресей билеушілерінің отарлау саясатының белсенді жүргізілуі еді. Сонымен қатар, бұрын Жәңгірмен жақсы қарым-қатынаста болған, оның балаларының тәрбиешісі ретінде танылған, тіпті 1834 жылы ханның жарлығымен старшин тағайындалған, бірақ патша әкімшілігі бекітпей қойғаннан кейін ханмен ренжіскен Орданың әйгілі ақыны Махамбет Өтемісұлы да ханға қарсы шыққандардың қатарына қосылып, өзінің билеушіге қарсы бағытталған белгілі өлендерін тарата бастады.

Қорытындылай келгенде, жер дағдарысының күшеюі, салықтың көбеюі, ханның жоғарыда айтылған кейбір озбыр феодалдарды ауыздықтамауы 1836 жылы көтеріліске алып келді. Жәңгір көтерілісшілерінің басшылары Исатай мен Махамбетпен бірнеше рет келіссөздер жүргізді, бұл қадамдар оның қантөгіс жолына түскісі келмегендігін танытады. Әлі күнге дейін халық арасында айтылып келе жатқан көтерілісшілердің басшыларының бірі болған Махамбетке Жәңгірдің: «Алдымыз өрт, артымыз жар, қайт, Махамбет, райыңнан, қайт!» деген сөздері көп мағынаны түсіндіреді. Бірақ ханның Ордасын шабуға бел байлаған Исатай да, Махамбет те мәселені даналықпен түсінгісі келмей, көтерілісшілерді бастап, ханға қарсы шықты. Қалыптасқан жағдайда, Жәңгір хан өзінің қолы және көмекке келген орыс әскерлерімен бірге 1838 жылдың шілде айында көтерілісті басып тастады. Осылайша, қит етсе болды хандарды әшкерелеп, не өлтіріп, немесе олардың ордаларын шабатын қазақ феодалдарының дәстүріне тосқауыл қойылғандай болды. Қазақта: «Сүрінбейтін ат болмас, жаңылмайтын жақ болмас» деген даналы сөз бар. Сондықтан, сөз болып отырған көтеріліс оқиғаларын Кеңес идеологиясы жеті жастан құлағымызға құйып, уландырған «Хан емессің, қасқырсың…» деген ызалы Махамбеттің сөзімен тәрбиеленген бізге, XXI ғасырдың басында аталған оқиғаға тарихи-объективтік түрде баға беретін уақыт жетті. Исатайдың батырлығына, Махамбеттің ақындығына ешкім таласып отырған жоқ. Бірақ, Еділ мен Жайықтың арасындағы жерге қазақтарды ие ғып, шамасы келгенше прогрессивтік реформалар жүргізіп жатқан ханға қарсы көтеріліс ұйымдастырып, оны жүргізу, осы екі көсемнің саясатта саяздық білдіргенін анық байқатады. Әрине, мұндай дәлелдемемен кеңестік таптық күрес концепциясы негізінде өскен бірнеше буын оқырмандар келіспеуі де мүмкін, бірақ, ащы болса да осы тарихи оқиғаны ақиқатқа жақын қарастыратын уақыт жеткен сияқты.

Жәңгір ханның реформалары ретінде, оның білім-ағартушылық және мәдениет саласындағы көлемді шараларын атауға болады. Еуропаша білім және тәрбие алған орыс, неміс, парсы, араб тілдерін жетік білген хан өз халқын адамзат өркениетіне бағыттауы заңды үрдіс еді. Білімге, ағартушылық пен мәдениетке бой ұрмай, халық мүддесін тиімді түрде қорғау алдағы уақытта мүмкін емес екендігін қазақ хандарының ішінде бірінші болып түсінді. Ең басынан, ол бастауыш мектептері бар мешіттерді салу үшін қаржы жинауға арналған ру билеушілері мен ірі ру бөлімдерін міндеттейтін арнайы жарлық шығарды. Ал, 1841 жылы Ордада бірінші мектеп (училище) ашылып, онда діни дәрістермен қатар: орыс тілі, арифметика, география, тарих, физика т.б пәндері оқытылды. Мектепті ұстау үшін жұмсалатын шығындарды хан өз мойнына алды және оқу үрдісін қадағалап отырды. Кейін 60 бала оқыған осы оқу орны «Жәңгір мектебі» деп аталып кетті, осындай мектептер біртіндеп Орданың басқа жерлерінде де ашылды. Бұлақ көріп, көзін ашқан Жәңгір еңбегі еш кетпейді, оның мектептерінде білім алған шәкірттерінің басым көпшілігі: Орынбор, Омбы, Петербург, Мәскеу, Қазан, Уфа, Саратов қалаларындағы жоғарғы оқу орындарын бітіріп, мамандықтары бойынша бірі – туған жеріне оралса, екіншісі – Ресей мен Сібірде, үшіншісі Кавказ, Балтық бойында қызмет етті.

Ендігі кезекте, Жәңгірдің біліммен қатар ғылым және ғылыми қатынастарды дамытудағы үлесін атап кеткен жөн. 1826 жылы Бөкей Ордасының ханы Жәңгір арнайы шақыртумен Ресей императорының тәж кигізу салтанатына қатысып, қайтар жолда сол кездегі Ресей ғылымының атақты орталығы болған Қазанға ат басын тіреді. Императордың ерекше ықыласына ие болған ханның келер алдында аты мәлім оқу орны жан-жақты дайындық жүргізген. Университет ректоры, белгілі ғалым К.Фукс «Пребывание в Казани киргизского хана Джахангира» деген кітабын тездетіп типографияға бастырып шығарған. Осы жолы университет ғалымдары қазақ билеушісін оқу орнының жұмыстарымен кең түрде таныстырды. Кейінгі уақытта Жәңгір хан Қазан университетінің бірінші ректорлары Карл Фукс және Н.Лобачевскимен тығыз қарым-қатынаста болды және қазақ жастарын сол мекемеде оқыту үшін бірқатар мәселелерді шешті.

Сонымен қоса, хан осы кезеңде қазақ халқының ауызша әдеби шығармаларын зерттеуге назар аударды, қазақтың шежіре кітаптарын жинады және өзі бірнеше шығармалар жазуға кірісті. Хан университетпен байланысты ешқашан үзген емес, ал өзінің 1839 және 1844 жылдары Қазанға барған сапарында университет кітапханасына: араб, парсы және түркі тілдерінде жазылған бірқатар ежелгі еңбектерді, олардың ішінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің парсы тілінде жазылған «Тарих-и-Рашиди» қолжазбасын сыйға тартты, сөйтіп, шығыс факультетінің кітап қорын толықтыруға үлес қосты. Осы жылдары Қазан университетінің профессоры атақты шығыстанушы Мырза Қазембекпен жақсы қарым-қатынас орнатып, оған «Мюхтесерюль-викгает» (мұсылмандық қысқаша заңтану) кітабын өз қаржысына 1844 ж. шығартады, енді «Мұқтасар» қазақтар арасында кең тарай бастайды. Сонымен қатар, өзі де осы жылдары қазақ шежіресін жазып, оны Қазан университетінің баспаханасына жіберді, бірақ ханның кенеттен қайтыс болуына байланысты ол кітап шықпай қалды. Қазір ханның бұл еңбегі Қазан университетінің сирек қолжазбалар қорында сақтаулы. Ханның ағартушылыққа көп көңіл бөлетінін, шығыс тарихы бойынша зерттеулерге белсенді қатысатынын ескеріп, оның білім мен ғылымға тигізген көмегін бағалай отырып, Қазан университетінің ректоры евклидтік емес геометрияның негізін қалаушы ұлы математик Л.Лобачевскийдің қолдаумен оны университеттің құрметті мүшесі етіп сайлады. Осы кезде қазақтың билеушісі бүкіл Ресей деңгейіндегі ойшыл және білімді адамдар қатарына қосылды. Санкт-Петербургте шығатын «Северная пчела» газеті Жәңгір хан туралы өз пікірін келесі сөздермен дәйектейді: «Жәңгір сияқты адуын құпиясының, осыншама білімі бар адамды дала мекендеушісінен тапқан кезде, оған таң қалмау мүмкін емес. Оның пікірлері және жалпы ой-өрістік жолдаулары Еуропа өркениеттілігінің көбін ол өз бойына сіңіріп алғандығын аңғартады».

Жәңгір Еуразиялық ғылым мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлерімен тығыз араласты. Ханды білімді билеуші ретінде әлемге әйгілі энциклопедист-ғалым А.Гумбольдт, биолог К.Клаус, химик А.Бергман, Тарту университетінің профессоры Ф.Гебель, А.Пушкинның досы С.Раевский және этнограф Г.Карелин аса жоғары құрметтеді. Атақты лингвист, әрі орыс тілінің «Толковый словарін» құрастырушы В.Даль, мемлекеттік қайраткер Н.Мусин-Пушкин, ғалым-саяхаттанушы Е.Ковалевский, атақты шығыс зерттеушісі В.Григорьев пен П.Небольсин, географ Н.Ханыков, антрополог А.Харузин және тағы басқалар ханмен қарым-қатынаста болды.

Өзінің билігі арқылы Жәңгір хан қазақ халқының алдағы тарих кезеңде көшпенділік дәуірден отырықшы өмір сүру кезеңіне өтуін қолдады, жерді жеке меншікке беру шараларын жүргізді. Сонымен қатар, халықтың күнделікті өміріне керек бірқатар шараларды іске асырды, қалай десек те, хан Жәңгірдің қазақ тарихында тұңғыш рет ауруларға қарсы егу ісін ұйымдастырып, сусыған құмды тоқтату үшін ағаш отырғызуды қолға алдыртқаны, ветеринарлық пункттер, пошта байланысы іске қосылып, мал тұқымын асылдандыру, екпелер жүргізіліп, зерттеу жұмыстары ұйымдастырылды, дәл осы кезеңде Ордада бірінші рет аурухана салына бастады.

Білімді және өркениетті түсінетін хан Ордада бірінші архив бөлімін ашып, қазақтарда тұңғыш рет мұрағат саласының жұмыс істеуіне жол ашты. Белгілі орыс ғалымы Г.Карелиннің бірнеше жыл Ордада тұрғанын пайдаланып, Жәңгір хан оған Бөкей хандығының географиялық картасын, ал инженер Н.Тафаевқа Еділ мен Жайық арасының топонимикалық карталарын жасатқызды. Осыдан кейін Ордаға келетін көптеген ғалымдар мен чиновниктер осы карталар бойынша сапар шегетін болған.

Өзекті тақырыбымызды қортындылай келсек, Жәңгір хан бойында қаталдық пен қайраттылық, өктемдік пен ерлік, мансапқорлық пен даналық ұштасып жатқан ірі тарихи тұлға. Ол патшалық Ресейдің отарлаушылық зымиян саясатының, өзінің төре-туысқандары мен ірі феодалдар қыспағында, толқып тұрған бұқара халықтың арасында арпалыса жүріп өз халқын өркениет жолына бағыттады. Ең бастысы Еділ мен Жайық арасында қазақ мемлекеттілігінің негізі, хандық билігін өмірінің соңына дейін сақтап қалды.

Б.АДАМБЕК,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің профессоры

Е.АДАМБЕКОВ,

«Болашақ» академиясының профессоры.

Басқа материалдар

Back to top button