РуханиятТаным

Қазақ соты – ел жуанын жөнге сал!

Жазушы Мұхтар ӘУЕЗОВТІҢ 1921 жылдың 12 қаңтарында Семейдегі «Қазақ тілі» газетінде жарияланған «Сот» атты мақаласы осы газеттің 17 наурызы күнгі санында жарық көрген «Есіл Қарқаралы» әңгімесімен үндесіп жатыр. Әуезов екі шығармасында да төңкеріске дейінгі, одан кейінгі уақыттарда, парақор патшаның қылығынан мезі болған адамның мінезін түзету, тәрбиелеу, жаман мінезді тез тыю мәселесін көтерген еді. Автор «Есіл Қарқаралы» әңгімесінде көпшіліктің талқысына, сын тезіне уездік қала Қарқаралының мінезін ұсынғанда Ахмет БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ «Хош, cay бол, Қарқаралы, жуылмаған, айдай бер қалса адамың қуылмаған» деген өлең жолдарын еске салуды ұмытпапты.

А.Байтұрсынов Қарқаралы қаласында 1896-1907 жылдары тұрған, соңғы төрт жыл Ахаңның саясат ісіне белсене кірісіп, жазуымен де, ісімен де бой көрсеткен кезі. Ахаңның бұл өлеңі Лермонтовтың «Прощай, немытая Россия, страна господ, страна рабов» (Хош енді, есіл Ресей, кілең құл мен жуан астанасы) атты өлеңімен үндес болатын себебі, Қарқаралы да Ресейдің басқа қалаларына өз «өнерімен» ұқсас еді. Сібірдегі Қарқаралыға жақын қала Омбы да сол күйді кешіп жатты.

Шоқан 1856 жылдың 5 желтоқсанында Семейдегі Достоевскийге «Омбының өсек-аяңы, бітпейтін дау-жанжалы жиіркенішті болғаны сонша, бұл қаладан кетуге бел байладым» деп хат жолдаған. Омбы қаласында Сібірдің генерал-губернаторы Гасфорд билігінің жабайы озбырлығы үстем еткенін Г.Потанин да өз естелігінде «Омбының барлық әкімшілігі байлықта өмір сүрді, жақсы үй, жайлы тұрмыс, ал төмендегілер азап шекті. Барлық лауазымдар бағаланып, белгілі бір сомаға сатылды. Пара ашық алшаңдады. Кіші биліктер бұл қылықтары үшін еш жаза тартпасын біліп, неше түрлі оңбағандыққа барып бақты. Және осының бәрі көптің көзінше ашық жасалып жүр» деп жазып кеткен. Потаниннің естелігіндегі заңдылық пен құқықтық тәртіп тұрғысынан көңіл аударатын факт – осы. Заңсыз, жаман іс қылған билік иесінің жаза тартпасы, ешбір сұралмайтындығы.

Заңсыздық үлгі-өнеге ретінде ашық жасалуы бүкіл Сібірде үкіметтік қиянат пен зорлыққа жол ашқан. Абайдың «Ұлықсыған орыстың заңсыз зорлығы» дегені заңдылық пен құқықтық тәртіптің жоқтығы. Тоқтауы жоқ, тыйымы жоқ, тойымы жоқ парақор патшаның жемқорлығы қырдағы төрелер мен жуандарға ұлық үлгі болды. Даладағы үлгі сөзді билер мен ескіліктен келе жатқан пікірі түзу үлкендердің орнын сотқар жуандар басып алып, патшалық отаршыл күшке қосылып қазақты қанаушы, тонаушы, талаушы топқа, сұм партияға айналды. Қу старшын, бүлік болыс, аш билер осы содыр жуандардың ортасынан шыққаны мәлім. Міне, Әуезов «Сот» сөзінде ежелден жуан атаның баласы болып, жуан жерден шыққан ел адамдарының сын көтермейтін сұм жиіркенішті мінездері, бұрынғы жуандық, зорлық, соқтықпалы, зұлымдығы әлі күнге сол қалпында сақталғандықтан қазақ соты солардың соңына түсу керек» дейді. Ел жуаны жөнге салынатын болса, онда соттардың өз мойындарындағы міндеттерін атқарғаны, тарихи қызметін өтегені. Әуезовтің аталмыш мақаласынан «жуанның» анықтамасын кездестірмеген соң, Абайға үңілдік. Өйткені, Әуезовтің бар шығармашылық дүниесінің іргетасы Абай сөзінен, Абай ісінен қаланған. Әуезовті түсіну үшін Абайға жүгінеміз, Абайды ұқпақ тілектен Әуезовті оқимыз.

Сонымен, Әуезов мақаласындағы «жуан» Абай сөзінде бар екен: «Саудагер қашты бұл елден, несиесін жия алмай. Бұралқылар сандалды, жуандарға сыя алмай. Сенімсіз болды Алашқа, барымтасын тия алмай». Жуандарың бұралқылар тобын ұстапты. Бұралқы – кірме, ауып келген, жуанның қолынан жем жеген. Жуан жұдырық – біреуді жалдап, еңбегін пайдаланушы, зорлап үстемдік жүргізуші. Жуанға еш болысың жоламаған. Болыстың монологінен: «Әуелде көтім бос кәпір, Мықтыға не ғып беттеймін? Жуанды қойып, жуасты біраз ғана шеттеймін».

Абай поэзиясындағы «жуан» 1917 жылғы төңкеріске дейінгі әлеуметтік топтың бірі ретінде қырда тірлік еткен болса, Әуезовтің «жуаны» 1921 жылғы ауылдағы әлеуметтік топ. Абай мен Әуезовтің кезіндегі «жуан» әлеуметтік тобының келбет-мәнін дұрыс ұғуымыз үшін «Абай жолы» роман-эпопеясы кейіпкерлерінің көркем бейнесі көп септеседі. 1921 жылғы Әуезов жас революционер, большевик, совет өмір-салтын қырда орнату жолына қарсы тұрған бір әлеуметтік топқа қалам күшін төккен ұлттық мүддеге қызмет етпекші публицист. 1942 жылғы «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Әуезов болса – трагедиялы тағдырында ақыл-ойы толысқан, шебер суретші, мемлекет пен қоғам дамуын терең зерттеген ғалым, «жуан» әлеуметтік топтың шынайы портретін асқан білгірлік, біліммен салып берген қазақ қалам қайраткері.

Балқыбектегі сиязға жиналып жатқан ел-жұрттың ру, тайпаларын сипаттай келе «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы «жуан» ұғымына мынадай анықтама береді: «Әр ру елдің болыстыққа, билікке қол артып жүрген аталы жуан ауылдары». Ел-жұрттың әңгімесі Ырғызбайдың Құнанбайдан тараған ұрпағын аталы жуан ауылға жатқызғанын жеткізеді. Жуан ауыл Тобықтыда ғана емес, Найманда да барын білдік романнан: «Сыбанның жесірін Абай Керейге жіберсе де, Найманның жуаны Жұмақан кек тұтпады». Оспан мен Абайдан кетіскен Тәкежанның сөзі арқылы «жуан» ұғымының құқықтық мәнін анық ашып жеткізеді: «Бұлар (Абай мен Оспан) аға сұлтан Құнанбай жолы ғана емес, қазақтың абырой, инабат иесі жуан-жақсысының бәріне қас екен».

Романда «Күнім түскендіктен болыс болдым» деп ақталған Шұбарға Абайдың ұлы Әбіштің айтқаны: «Жоқ, сіздің өз басыңыздың күні еш уақытта түскен жоқ-ты. Жалғыз сіз емес, қазақ даласында кешегі заманда, бүгінгі заманда да дәл осы сіздей жуан мықтылар болған. Бір жағынан әкімдікті алып, елін зарлатып отырады. Екіншіден, мұсылман, ислам, ата-баба жолы деп ескіге, баяғыға тартып кері кетіп жүреді. Сіздей кісілер өмірі жалған жолда екі жүзді мінезде жүретін топ әрі халқына алдамшы, әрі ұлығына алдамшы, ешкімге де шын достығы жоқ. Баққандары – өзінің ғана құлқыны мен бақ дәрежесі». Әуезовтің «Абай жолында» суреттелгендей, Тобықтының үлкен сөзін ұстаған, әлді-белді жуаны атанған Оразбай Қарамолада Абайға қастандық жасамақ оймен өзінің соғыс сойылы қып, әр елдің жуан жұдырық содырларын, мырза-жуандарын, ұлық, атқамінерін жиып барады.

Сонымен, Абай мен Әуезовтердің «жуан» дегені – билікке таласы бар қаржылы зорлықшыл, үстемдік етпекші зұлым ниетті қара күш. Әуезовтің «Сот» мақаласы 1921 жылы қаңтарда жазылу себебі, оның алдында 1920 жылы Семей-ге Сібір төңкеріс комитетінен қазақ істерін қарайтын соттарды ұйымдастыру туралы нұсқау-ереже түскен. Сол нұсқау негізінде Семей облысында қазақ соттарын құруға Мұхтар Әуезов жауапты қызметкер болып тағайындалған. Сол себептен жалпы жұртқа, судьяларға жаңа соттың қызметін түсіндіруі тиіс еді.

Әуезовтің мақаласындағы «Қазақ соты – ел жуанын жөнге сал!» құқықтық талабының пайда болуының себебін түсіндіру үшін біз сол кездегі тарихи ахуалға тоқтала кетейік. 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) автономиясы жарияланғанмен, Ақмола мен Семей облыстары Сібірлік төңкеріс комитетінің қол астында қалды. 1919 жылдың желтоқсан айының басында большевиктер Семейде төңкеріс ұйымдастырып, Колчак үкіметін құлатқан соң қызыл әскермен іле ере кірген Омбыдағы Сібір төңкеріс комитеті қалада өз билігін орнатып, 1919 жылдың 10-шы шілдесінде құрылған Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі төңкеріс комитетіне, одан кейінгі Қазақ автономиясына 1922 жылға дейін Ақмола мен Семей облысын бермей қойды. Сібір мен Москваның мақсат-мүддесі басында бір болатын. Қазақ автономиясының өз күшімен Семей өңірі мен Ақмола аймағын азат күйінде ұстап тұра алмас-тын. Сібірліктердің үлкен бір Омбы облысын құрмақ ойы барлығын Кремль сезетін. Әзірше, Сібірге Москва саяси тұрғыдан керек болса, Москваға Сібір экономикалық жағынан әріптес ретінде тиімді еді. Ресейдегі бар шаруашылық күйреп, күйзеліске ұшырап, қазақ елінің астығы мен малы, сүт-майы империяның аш-жалаңаш орталық қалаларына эшелон-эшелонмен тасыла берді. Сол себепті, Сібір мен Кремль билігі Семей мен Ақмоланы Қазаққа нақты өткізу мерзімін саналы түрде созып бақты.

Қазақ елін, жерін қанау баяғы колониялдық түрінен коммунистік-коррупциялық жүйеге ауысты. Сібірге Кремльден Советтік сот төрелігі туралы нұсқау-ереже түскен соң амалсыз қазақ соттарын құру ісі қолға алынып, ол қызметке Әуезовті де жегеді. Қазақ жұрты бұрын қазақ соты дегенді көрмегендіктен, Әуезов судьяларды тәртіпті, ұғымды, ұзақ сонар қызметкер болуға шақырады. Жаманшылықты шын жаманшылық деп тамырын құрта қимыл жасауды заңды деп табады.

Қазақ жерінде еркіндік, теңдік, татулық мұраттарына бойұсыну, жол беру деген жоқ. Оның себебі, «әлді жықпақ, бай жеңбек әуел бастан» деп ел ішінде өмір сүру құқығында тек әлді кісінің күші есепке алынады. Ел ішінде жуандығына сүйеніп, еш нәрседен именбей, үсті-үстіне зорлық, содырлық, зұлымдық істеп отырған жуандар бар. Олардың істегеніне сөгіс алып, жаманшылық деп аталудың орнына көбінесе мықтылық, қайтпастық, батырлық деп саналады. Бұл – надандықтың, тағылықтың ізі, сарқыты. Оларға ауызды салып, қолынан билікті тартып алып, жуандығын, кісілігін өшіріп жіберу өте қажет. Өйткені, жуандардың істеген істерінің бәрі көп елге үлгі секілді көрінеді. Жуан істеген жаманшылықтың бәрі де қолдан келсе, елдің бәрінің істеуіне лайықты секілді көрінбек. Ол жуандар осы күнде қызметке алынбай, ел ішіндегі дәрежелі орындарға отыра алмай, қақпай көріп отырғандай болса да, әлі күнге ел ішінде маңызы көп. Жуандықтың тамырын құрту керек, сондықтан даусыз жол, солардың соңына заңмен түсу керек.

Соттың қызметі – Заңмен, билікпен елді жақсылыққа, тыныштыққа, қиянатсыздыққа үйрететін қызмет. Соттың қазіргі міндеті – қызметі шын таза соттың кім екенін, қандай болатынын елге таныту. Нағыз, шын, әділ сот – негізі нығайған, бағыты түзелген елдің түбегейлі тәрбиешісі. Елді тәрбиелеуші. Сол себепті, сот заңсыздықты көрсе, сол арада қолға алып, тезге салып, жуандығын басып жіберіп, ісіне қарай жаза тартқызып, не абақтыға жіберіп, не қара қызметке беріп отырса, олардың түзелуі оп-оңай, олардың түрі сынып, шоқтығы басылып қалмақ.

Жуан жуасыса, ұры-қары да жуасып жөнеледі. Мінеки, осы айтылғандай қылып, ел жуаны жөнге салынатын болса, онда соттардың өз мойнындағы міндеттерін атқарғаны, тарихи қызметін өтегені. Бәріміздің де сырттан қылған үмітімізді ақтағаны. Қазақ жұртының келешегіне мықты негіз салып, түбегейлі жақсы тәрбиені бастағаны.

Әзірге осы айтылған сөздерді әрбір судьяның қолдауын тілек қылып, сөздерімді тоқтатамын.

Жүз жыл бұрын жазылған Мұхтар Әуезовтің сөзін оқып, жазған Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button