Таным

Мұсақұл соғысы

Неміс ғалымы К.КЛАУЗЕВИЦТІҢ (1780-1831) анықтамасы бойынша: «Соғыс дегеніңіз – мемлекет саясатының басқа жолмен жалғастырылуы». Яғни, бір мемлекеттің екінші бір елге зорлық етуі, әлемде өзінің мақсат-мүддесі үстем болуы үшін қарулы күшті, зорлық-зомбылықты қолдануы. Клаузевицтің формуласынан большевик Ленин «мемлекет» деген терминді алып тастап, соғыс ұғымын қасақана кеңейтіп жібереді, бұл оған соғыс анықтамасына таптық күресті енгізуге қажет еді. Ленин осындай заңсыз амалымен азамат соғысын теориялық тұрғыдан негіздеп шығып, қызыл террорды ақтап алмақ-тын.

Жазушы М.Әуезовтің аға сұлтан Құнанбай мен Тобықтының Жігітек тобы арасындағы қақтығысты «соғыс» деп атағанын түсіну үшін Құнанбай дәуірін білуіміз қажет. Сол заманның куәсі Абай «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек» деп қазақ даласындағы жағдайға анықтама берген. Абай қолданған термин «Дарулхарап» – араб сөзі, мағынасы – «соғыс, қауіпті, бүлінген, соғыс майданы». Содан бері әлемде не өзгерді, соғыс майданы бейбіт өмірге көше алды ма? Ол жайында Клаузевицтің «Соғыс туралы» еңбегінің кіріспесінде келесідей түсіндірме беріліпті: «1945 жылдан кейін соғысқа деген өзгеше бір көзқарас пайда болды. 1980 жылдарға дейін Совет Одағының территориясы соғыс лагері болып қала бергенімен, жеңіс – түпкілікті, ал бейбітшілік – мызғымастай көрінді. Саясатта, идеологияда, экономикада, мәдениетте милитаризм мен «бар әлемдегі бейбітшілік үшін күрестің» оғаш симбиозы орнықты. Соғысқа жанталаса дайындалу мен бірге «адам санасын қарусыздандыру» қатар жүріп жатты».

Біз де, өз ақылымыз жетерлік жерден соғыстың пайда болуы себебін іздеп көрелік. Жалпы, бар анықтамаларға сәйкес, соғыс – мемлекеттердің қарулы күресі. Әрине, соғысты бастайтын әр мемлекеттегі саяси, қаржылық, күштік үстемдікке ие белгілі бір өктем әлеуметтік топ басы, ел басы. Мемлекеттегі билікті жеке дара иеленіп алған топ енді өз басына һәм бір өзіне өзгешелік берген соң, анық бұзылу жолына түседі. Бар жаһанда бір өзім ғана өсіп-өнсем деген пиғылдағы әр өзімшілдіктің түпкі мақсаты белгілі. Басқа жұрттан өзін артық көрсетіп, өзгелерді қас көріп, жер жүзін жеке билеп алмақ. Дүниеге тоймас кәпір көздің бар арманы – «ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін. Тоқтау көрмеген, даңғой қан ішер қаһарлы билік иесі шаужайымнан еш адам қақпасын» деп есепсіз әскер ертіп, жарақтанып көршілерге соғыс ашуға кіріседі. Әуезовтің Тобықтыдағы Мұсақұл оқиғасын «үлкен жойқын соғыс» деп беруінің бір себебі жазушы 1917- 1921 жылдары Ресейде өткен «Азаматтық соғысты» өз көзімен көргендігі де болар.

Расында да, «Мұсақұл соғысы» мен «Азаматтық соғыста» жалпы соғысқа тән ортақ әлеуметтік белгілері бары анық. Екі соғыстың да себебі – біреу-ақ. Ол – адам баласының тура жол таба алмай адасып, өзін-өзі «мен» дескен, «біз» деп табысудың орнына өзгені «сен» деп бөтенсіп, өз дегенін өткізу бәсекесінде қарулы күшке жүгінуі. Әуезов те «Мұсақұл соғысында» екі жақтан ең кемінде, мың-мыңнан әскер шығарды деген сөз бар. Мұсақұл атты үлкен жойқын соғыстың үшінші күнінде Құнанбай да жүз елудей атпал азаматқа жүйрік аттарды мінгізіп, қолдарына тегіс сойылдарын тастатып, айбалта, найза бергізеді. Әуезовтің дерегін бекітетін ресми құжат Омбыдағы Құнанбайға қатысты қылмыстық істе жүр. Батыс-Сібір шекара басқармасының 1853 жылғы хатында «Құнанбай мен інісі Майбасар екеуі 500 кісі бар қарулы қолымен осы жылдың тамыз айында Ералиндердің ауылына шабуыл жасап, бірнеше кісіге жарақат салған. Қарқаралы приказының бұйрығына сай заседатель Красуский тергеу жүргізуде» деген дерек жүр. Құнанбаймен бірге тексеріске інісі болыс Майбасар да іліккен. Құнанбай өзі аға сұлтан сайланған соң өзінің болыстыққа інісі Майбасарды өткізген еді. Бұл ісі патша заңының ережелеріне қайшы емес-тін. Кейін партиясы сайлау әділ өтпеді деп арыздана бастапты. Істегі Майбасардың куәлігіне қарағанда Бөжей болыс Майбасардың бұның айтқанымен жүргенді қаласа, Майбасар қызметіне адал болып, ережені сақтап, тәртіпті бұзбауды жақтаған. Құнанбай да «Бөжей көпес болам деп еді, болсын! Тек, енді билікке таласпай, саудасын жүргізіп, саясатқа араласпай, өз жөнімен жүрсін, тыныш тауып, тиылсын!» деп бірақ түйген.

Мұсақұл да Құнанбай қолының басында қайтпас қайсар Майбасар жүргені де рас болар, істегі ресми мінездеме соған дәлел. Бұл істе Құнанбай қолының саны 500 кісі деп көрсетілген. Әуезовтегі мың болмаса да, айбалта, найза, сойыл мен қаруланған қолдың да қарасы мол, келтірер зарары да аз емес. Романда Құнанбайға қарсы белдесуге шыдап, қол жиғызған Байдалы мен Байсал Құнанбайдың үстінен мықты арыз сайлап, Қарқаралыға Түсіпті жедел жөнелткені айтылады. Байдалының Түсіптің қасына бес жігіт қосып, қалталарына қалыңдап ақша салып, қос-қостан сәйгүліктер жетектетіп, жедел жөнелткені – алыстан хабар жеткізген телеграммаға тең болып шығып, Қарқаралыдан қарулы он бес казак-орыс келіп жетеді. Бізге «Мұсақұл соғысын» түсінуге көмек болар Тобықты Түсіптің телеграммасымен тағдырлас архивте жатқан Төленов пен Троцкийдің телеграммаларымен танысқан жөн болар.

Түсіптің телеграммасы Жігітектің атынан жіберілсе, Төленовтің телеграммасы 800 000 қазақ халық атынан Семей қаласынан жолданып жатты. Төленовтің телеграммасы екі мекенжай бойынша жөнелтілген еді. Бірі – Орынбордағы Қазақстан аймағын басқаруға құрылған Соғыс-революциялық комитеті. Бұл комитет 1920 жылдың 10 ақпанындағы отырысында Төленовтің телеграммасын талқылаған. Семейде қазақтың саны басым болғандықтан, Төленов суреттеген оқиғаға мән бермесе, ол өңірдегі саяси жағдайдың ушығып кету қаупі бар екендігін жоққа шығаруға болмайтын. Анненков, Дутов, Колчактарды жеңгенмен Сібірдегі қарулы орыс казактары, қарашекпен-крестьяндар большевиктер билігін қош көрмеген кез. Қаладағы, қырдағы қазақ жұрты кімнің соңынан еріп кетері де белгісіздеу тұста Төленовтің телеграммасын жауапсыз қалдыру саяси қателік болар еді. Комиттеттің №6 хаттамасына сәйкес күн тәртібіне арнайы енгізілген соң Төленовтің телеграммасы құнды тарихи құқықтық құжат болып танылады. (ОММ. Қ.14.т.3, іс 17.) Келесі күні 11 ақпанда Пестковский Семейдің облыстық ревкомына Төленов Орынборға келіп бұл істі баян етсін деген ұсыныс жасап телеграмма берген (ОММ Қ.14 т.1, іс 104). Төленов Орынборға Семейдегі Қызыл Армия Алаш қайраткерлерін заңсыз қамап жатыр деп 4 ақпан күні телеграмма жіберген еді. Заңсыз болатын себебі, большевиктер 1919 жылдың сәуірінде алашордалықтарды бұрынғы саяси әрекеттері үшін қудаламауға уәде берген. Төленовтің телеграммасының негізінде Орынбордағы комитет өз кезегінде Омбыдағы Сібір ревкомына және 5 қызыл армияның басшыларына тез арада шара қолданыңыздар деп талап қояды (ОММ Қ-14, т.1, іс104, б.2). Телеграмманың авторы Төленов Жақсылық – 1920 жылдың 13 қаңтарынан Семейдің губерниялық революциялық комитетінің мүшесі. 1920-1921 жылдары қазақтың Семей және Ақмола облыстары Сібір ревкомының қолында қалды. Омбыда Колчакты талқандаған Қызыл Армиямен ілесе келген Сібір ревкомы Семей мен Ақмолада өздеріне бағынышты облыстық ревкомдарын құрып үлгереді де, біздің екі облысты ұзақ уақыт уыстарынан шығармайды. Сібір ревкомы Семей мен Ақмола аймағынан аш-жалаңаш Мәскеуге, Орталық Ресейге эшелон-эшелон азық-түлік жөнелтіп жатты. Москваға қырдың қазағы қырылып қалса да, өздерінің тірегі орыс пролетариятын асырап, сақтап қалуда Сібір ревкомының Батыс Сібірде басым болуы саяси-экономикалық тұрғыдан тиімді, пайдалы болатын. Төленовтің Омбыға шұғыл хабар беруінің себебі осында еді. Сібір ревкомының мүшесі Косарев 9 ақпан күні сағат 14.50-де тікелей Төленовке берген жауабы 10 ақпанда Семей ревкомына түскен. (Семей архиві Қ-72, т.1, іс.29, б.-59). Косаревтауабында саяси істер бойынша ұсталғандар ревкомның екі мүшесінің кепілдігімен қамаудан босатылуға мүмкіндігі барлығын атап өзінің танысы Төленовке заңды жол көрсеткен. Өйткені, Косарев 1920 жылы қаңтарда Семей қаласындағы еңбекшілер жиынында етікші Төленовті Семей губерниялық комитетіне өткізген болатын.

Ғұмырдың өзі детектив. Ғұмыр – қиыннан қисындырудың шебері. Жаңағы Косарев жауап берген 9 ақпан күні Семейдегі қызыл әскердің соғыс кеңесі бүлік шығарып, барлық мемлекеттік мекемелерді, партия комитетін басып алады да, қалада биліктің әскерилерге көшкенін жария етеді. Бүлік басы баяғы билік үшін талас болатын. Азаматтық соғыста Колчакты жеңген қызыл әскер большевик бюрократтарымен билікті бөліскісі келмейді. Семейдегі әскер майдан шебі қалада өтіп жатқандықтан өңірдегі барлық билік соғыс кеңесінің қолында болуға тиіс деп табады. Сібірлік ревкомға бағынышты Семей губревкомы билік революциялық комитетте болуға тиісті деген ұстанымнан таймайды. Көптен бері шешімін таппаған дау қарулы төңкеріске апарып, қаладағы большевиктердің билігіне қауіп төнеді. Төленовтің телеграммасына қоса әскери бүлік туралы хабар Омбыдан асып, ең жоғарғы Республикалық революциялық Соғыс кеңесінің төрағасы Троцкийге жетеді. Төленовтің телеграммасында Семейдегі 5 Қызыл Армияның 59-шы дивизиясының ерекше бөлімі ақпан айының бірінші күні Ә.Бөкейханов бастаған бір топ Алаша-Орда қайраткерлерін заңсыз қамауға алғаны айтылған. Ақпанның 4-і күнгі Төленов ерекше бөлімінің заңсыз әрекеті туралы телеграммасына Орынбор мен Омбы бірнеше күн жауап бермей неге үнсіз қалғаны белгісіз. Семейдегі әскер Ресейдің революциялық-соғыс кеңесіне қарайтын, сол себепті оның төрағасы Троцкий бұл бүлікті тиюға тиіс-тін. Оған дәлел – 1975 жылғы XXXVIII – «Ленин жинағы» атты құжаттар топтамасында Троцкийдің 1920 жылдың наурызында Москваға соққан телеграммасы. Телеграммада Троцкий Сібірде тәртіп орнату үшін Революциялық Соғыс кеңесінің өкілі ретінде соғыс маманы В.Шоринді Сібір ревкомының құрамына енгізу қажет деп санайды. Шорин әскери округтің, бар әскери штабының үстінен қарап, жедел тәртіп орнату үшін керек еді. Ленин Троцкиймен келісіп, Шориннің лауазымында «бас қолбасшының көмекшісі» деген атағы сақталғаны дұрыс деген бір ғана шарт қойған. Омбыдағы істе аға сұлтан Құнанбай 1849 жылы билікке келгенде, ел ішінде тәртіпті сақтау үшін, заң ережесіне сай болыстыққа өзіне сенімді інісі Майбасарды таңдайды. Сол сияқты, Төленов Жақсылық та 1920 жылы қаңтарда Қарқаралы уезін аралағанда, өзінің қызметтік құзырет-құқығына сәйкес Абыралы ревкомына өзінің інісі Игілікті тағайындайды. Троцкий мен Ленин де өздері білетін, сенімді Шоринді Батыс Сібірдің әскерінде тәртіп орнату үшін бекіткен. Үш тағайындауға негіз болған нәрсе-қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру қажеттілігі. Азаматтық қоғам дегеніміз заңдылық пен құқықтық тәртіп. Тәртіп жоқ жерде адам баласына өмір сүру құқығын жүзеге асыруға жол жоқ. Құқықтық қажеттілік-хүкімші, тәртіп-қызмет қылушы.

Сол себепті, Қ.Өскенбаев та, Ж.Төленов те, Л.Троцкий де объективті қажеттілік заңына бағынуға мәжбүр болатын. Майбасар да, Игілік те, Шорин де өз заманындағы тәртіпке қызмет етті. Сонымен, 10.06.1920 жылғы бұйрықпен Сібірдегі бар әскер саяси тұрғыдан Сібір ревкомының төрағасына бағындырылады. Бұл бұйрық большевик партиясының қарулы күштерді билеп-төстеудің басы еді. Троцкий 1921 жылғы РКП(б) X съезінде былай деген: «Біздің партия – жалғыз партия. Сол себепті, ол – саяси аппарат боп табылады». Бір жылдан кейін 1922 жылы партияда Бас Хатшы лауазымы енгізіледі де, бұл қызметке Сталин сайланған. Сталин елдегі саяси аппаратты өзі жасақтап және оны толық билеп-төстеп алған соң КСРО-да жаппай саяси қуғын-сүргін соғысын бастап жіберді.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button