Балқаш

Даңққа бастаған кеншілер дәстүрі

Өндірісті өңірдегі ғана емес-ау, тұтастай республикамыздағы көне кеніштің бірі – Қоңырат кеніші. 1938 жылы ашылған өндіріс ошағындағы қауырт жұмыс осы күнге дейін бір тынбаған. Геолог М.Русаков пен қайраткер Д.Қонаев сынды аңыз тұлғалардың ізі қалған ошақтағы игі дәстүр лайықты жалғасын тапты. Кеншілер дәстүрі даңқымызды асырды.

Балқаш шаһарының іргесіндегі Қоңырат кенішінде бұл күні 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Ауысым арқылы жұмыс істейтін мамандар тәулігіне орта есеппен 4 мың тонна, айына 124 мың тонна кенді ашық барлау әдісімен өндіреді. Көрсеткішке көз салсаңыз, кеніштегі тынымсыз еңбектің ауқымын зерделеу қиын болмас.

– Негізі, – дейді Қоңырат кеніші өндіріс бөлімінің бастығы Досан Мақин. – Қоңырат өңірі – өмірін өндіріспен өрген даңқты кеншілер мекені. Тақабаевтар, Әмірбаевтар, Қордабаевтар, Мұздыбаевтар, Тоқтаубаевтар және Қалықбековтер, Омаровтар, Өтембетовтер, Адамбековтер, Алтынбаевтар, Қоянбаевтар әулеттері – солардың көшбасында. Белгілі кеншілер Зайцев пен Нетесовтің де ерен еңбегін қоңыраттықтар ұмытпайды. Бәрі де өндіріс озаттары ғана емес, кентіміздің, өңіріміздің патриоттары, жанашырлары.

Досан Мамытұлы да – кеншілер әулетінің тұяғы. Әкесі Мамыт Мақин Қоңырат кенішіндегі жанар-жағармай станциясын басқарып, өндірістің қыр-сырына терең үңілген. Анасы Несібелі Қабдоллақызы да кенішке қарасты автокөлік цехында аккумулятор жөндеп, ерлермен иық тірестіріп жұмыс істеген.

– Біз әке жолын жалғадық. «Еңбектің наны тәтті» демекші, маңдайымызға Қоңырат кенішіндегі қызу еңбекке араласу бақыты бұйырыпты. Үлкен ағаларымыз Қасен мен Құсайын, Асан бір кездегі КПТУ-дан (кейін СПТУ-5 деп аталды) кәсіби-техникалық білім алды. Үсен ағамыз екеуіміз Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде оқыдық. Енді, марқұм Құсайын ағамыздың ұлы Бауыржан да әке жолын жалғап, өндіріске бет бұрды. Жаңадан ашылып жатқан химиялық зертханаға жұмысқа орналасты, – дейді Досан Мақин. Қоңырат кенішінен табан аудармаған экскаватор жүргізушісі Қасен Мамытұлы ІІ және ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері. Өткен жылы Елбасының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін кеудесіне тақты.

Бүгінде Думан Қалықбеков басқаратын Қоңырат кенішіндегі кадрдың барлығы техникалық білім иелері. Олар техника қауіпсіздігін, мекеменің ішкі ережесін қатаң сақтауды қаперден шығармайды. Жоспарлы межеге жету үшін бір кісідей жұмылады. Осы тұста мамандардың біліктілігін арттыруда қаладағы «Қазақмыс» корпорациясы» колледжінің де рөлі зор екенін айту керек.

Қуаныш АМАНҚҰЛ

Басқа материалдар

Back to top button