Дәстүрлі байқаудың даңқы асқақ
Жуырда Кеншілер мәдениет сарайының ғимаратында облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жас орындаушылар мен шоу-бағдарламаларды жүргізушілердің облыстық «Жас қанат – 2017» байқауы өтті. Он бірінші мәрте шымылдығын түрген шара биыл Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арналды.
Екі күнге созылған елеулі додада Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет, Ұлытау аудандары мен Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск, Қарағанды қалаларының 25 орындаушысы мен 13 жүргізушісі бақ сынады.
Шараның ашылу салтанатында облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев қатысушыларды жеткен жетістіктерімен құттықтап, ақ жол тіледі. Әрине, жиырма жылдан астам уақыт өңіріміздің өнер айдынында өзіндік орын алған бұл байқау талай өнерпаздың жігерін жанып, үлкен сахнаға жол ашқаны белгілі. Іріктеуден іркілмей өтіп, қарсыластарының қас-қабағын баққан қатысушылар да толғанысын жасырмады. Дегенмен, сайыстың аты сайыс. Жеңіс бар жерде жеңілістің де бары айқын. Фонограммаға еті өліп, құлағы үйренісіп кеткен көрерменнің көңілінен шағу оңай ма? Десе де, бұл байқаудың орны бөлек. Мұнда тек жанды дауыспен ғана ән айтуға тура келеді. Шын таланттың шыңдалар шағы – осы. Мұны орындаушылар да жақсы біледі. Қатысушының қалт кеткен тұсына құлағы түрулі қазылар құрамы тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, жеңіс жеңіл жолмен келмейтіні белгілі. Ал, шоу-бағдарламалар жүргізушілерінің жүгі – бұдан да ауыр. Екі сөздің басын құрап, «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» қысылтаяңнан жол табатын, орамды ой, ұтымды сөз табатын жүргізушілер өңірімізде саусақпен санарлық. Саны емес, сапалысы аз. Сахнада өзін-өзі ұстау, жүріс-тұрыс, сөйлеу мәнерін меңгерген жүргізуші жүрдім-бардымға салынбай, нық сөйлеп, дауыс ырғағын, жеткізу шеберлігін жіті назарда ұстауы тиіс. Аймағымызда мұндай кәсіби мамандарды даярлайтын арнайы мектеп те жоқ. Аймағымыз демейін, ел көлемінде де жоқтың қасы. Мұндайда қайтпек керек? Әрине, осындай байқауларды өткізіп, «іліп аларын» баптап, тәрбиелеу қажет-ақ. Алуан түрлі шараның абырой биігін төмендетпейтін кәсіби жүргізушілер осындайда көрінеді.
Хош. Дәстүрлі байқаудың екі күнге созылуының себебі де бар екен. Алғашқы күні орындаушылар патриоттық әндерді шырқаса, келесі күні еркін тақырыпқа ойысты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Күләш Бәйсейітова атындағы республикалық конкурстың лауреаты, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің бас директоры, конкурс төрағасы Талғат Ыдырысов, республикалық «Жас канат» конкурсының дипломанты, әнші, сазгер – Әлібек Салықов, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Кагиза Садвокасова, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Дунай Еспаев, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жүргізушісі Мейрамгүл Кәріпжанова, халықаралық және республикалық конкурстардың жүлдегері, «Sound» вокалдық студиясының жетекшісі Думан Баймағамбетов бастаған қазылар құрамының шешіміне сәйкес, «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша 1 орын Лейла Изратоваға (Саран қ.), 2 орын Меңдігүл Тойлыбай (Тәттімбет атындағы өнер колледжі) мен Айнұр Басуеваға (Қарағанды қ.), 3 орын Қанат Ермек (Нұра ауданы), Еркебұлан Малшыбаев (Ақтоғай ауданы), Нұрахмет Қаршығанов (Сәтбаев қ.) сынды орындаушыларға бұйырды. «Патриоттық әнді үздік орындағаны үшін» аталымы Валерия Кимге (Теміртау қ.) берілді. «Көрермендер көзайымы» аталымын жезқазғандық Нұрлан Мұсабеков қанжығылады. «Шоу-бағдарламаларды жүргізушілер» аталымында 1 орынды Жасо Сланбеков (Қарағанды қ.) пен Азима Скендирова (ҚММУ), 2 орынды Аян Аманбаев (Кеншілер мәдениет сарайы) пен Темірлан Боранбаев (Шет ауданы), 3 орынды Ерлан Мұқанов (Теміржолшылар мәдениет сарайы), Гүлбақыт Төкенова (Жезқазған қ.) және Саламат Онбай (ҚММУ) иеленді. Барлық қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Рауан ҚАБИДОЛДИН
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.