Медицина

Дәрі-дәрмек неге қымбат?

Дәрісіз күнімізді елестету, тіптен, қиын. Осыны сезген фармацевттер асап қалуға асыққандай. Өкінішке қарай, бұғаусыз кеткен дәрі бағасын үйлестіру үрдісі шабан. Бұл да бір – бұқараның бүйіріне шашудай қадалған мәселе…

 

Ел не дейді?

– Тапқанымызды ішіп-жемнің өзіне жеткізе алмай жүргенде, дәрі-дәрмектің бағасы шарықтап барады. Өткен айда балам суық тиіп ауырып қалды. Бір жарым аптадан кейін ол тағы науқастанды. Дәріханаға барсам, алдында алған дәрі-дәрмектердің бағасы 50-60 теңгеге қым­баттапты, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Зара Смайлова.

– Дәріханалар қалта қағатын қарақшыға айналды. Бұрын қан қысымына арналған және жүрек ауруын емдейтін препараттармен шектелуші едім. Жұқпалы індетке жиі шалдыққаннан бері шығын екі есе көбейді. Тамыз айында дәрі алуға 60 мың теңге жұмсаппын. Бұл сома менің зейнетақымның тең жартысы, – деп кейіді зейнеткер Қариполла Мұқанов.

 

Шекті баға өспесе, нарқы неге құбылады?

Мұның жауабын ешкім дөп басып айта алмайды. Дәрілік заттардың бағасын реттейтін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті халық көптеп тұтынатын препараттардың нарқы негізсіз өскен деген уәжге екіұдай жауап айтады.

– Тоқсан сайын 200 атаулы дәрілік заттардың бағасына мониторинг жүргіземіз. Олардың қатарында антибиотиктер, қызуды басатын, тыныштандыратын, қабынуды және жұқпалы індеттерді емдейтін фармакологиялық топтағы дәрілер бар. Биылғы үшінші тоқсанда дәрі-дәрмектерге шекті бағалардың өсуі болған жоқ. Дегенмен, өндірушілер мен бөлшек саудадағы, сондай-ақ әлемдік қаржы жағдайындағы тұрақсыздық дәрі бағасының құбылуына әсер ететінін тағы жоққа шығаруға болмайды. Бұл орайда, көтерме фармацевтикалық компаниялар мен ұйымдар дәріні өз қаражаттарына сатып алатынын халықтың қаперіне салған жөн. Әлеуметтік дәріханаларды қоспағанда, жекеменшік дәріханаларда дәрі бағасының әртүрлі болуының негізгі себебі осыдан. Бірақ қайталап айтамын, талап бойынша дәрінің құны шекті бағадан аспау керек. Біздің департамент заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс бақылау жүргізетінін және алдын ала тексеріс ұйымдастыратынын қаперлеріңізге салғымыз келеді. Жазбаша өтініштер мен шағымдар жұмыс аптасының кез келген күні қабылданады,– дейді департамент басшысы Ольга Смирнова.

Қарағандылықтар кеңінен жүгінетін «I-teka» анықтамалық қызметі желісінің дерегінше, кеншілер шаhарында 276 дәріхана бар. Осынау жекеменшіктің иелігіндегі дәріханалардағы препараттардың бағасы біркелкі емес. Заңдық тұрғыдан дәрінің құны мемлекет белгілеген шекті бағадан аспауы керек. Еліміздің Денсау­лық сақтау министрлігі оларға бөлшек сауда бағаларының икемді регрессивті жүйесін әзірлеген. Әдетте, аталған минис­трлік бағаны реттеу ережелерін бұзған дәріханаларға айыппұл салып, фармацевтикалық қызметке берілген лицензия тоқтатылуы тиіс.

 

«Төленген ақша қайтпайды, айырбас жүрмейді»

Дәріханада тұтынушылар құқы жиі бұзылады. Мәселен, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 30-бабының 1-тармағына сәйкес айырбастауға және қайтаруға жатпайтын алты тауардың қатарында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бар. Заңның осы тармағына қатысты халық арасында дау көп.

– Қызмет көрсетуші тарапты тізеге басатын болса, қаптамасы ашылмаған, кірлемеген, қайтару мерзімі өтпеген, чегі сақталған тауарды қабылдауға міндетті. Жағдай олай болмаса, дәріханалар халықты ашықтан ашық тонауға көшкен деген сөз. Әсіресе, қарт кісілер мен балалар қателікке көп бой алдырады. Ол заңды. Қазір аты ұқсас дәрілер көп. Екіншіден, «I-teka» сайтын ашып қарасаңыз, бір дәрінің бағасы әр дәріханада әрқилы. Кейбір дәріханалар бір дәріні мың теңгеге дейін қымбаттатып, үстемелеп пайда тауып жатыр. Осыдан кейін бақылаушы органдар қайда қарап отыр деген заңды сауал туады, – дейді тәуелсіз сарапшы Айдын Әлім.

Қарағанды облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Еркін Салауатұлы дәрілік заттарға тиісті заңға өзгерістер енгізу Парламент Мәжілісі депутаттарының еншісіндегі мәселе екенін айтады. Спикердің пікірінше, егер ұсыныс Мәжілісте мақұлданса, аталған заңның тұтынушыларға пайдасы мол. Сайып келгенде, жоғары заң шығарушы органның келешекте фармнарыққа қандай пәрмен беретінін алдағы уақыт көрсетеді.

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button