Дүйсен Қасейінов – ICTMD елшісі
Веллингтон қаласында (Жаңа Зеландия) ICTMD дәстүрлі музыка және би бойынша Халықаралық кеңестің 47-ші Дүниежүзілік конференциясының Бас Ассамблеясында ұйым басшылығы мен Атқарушы кеңестің сайлауы өтті.
Жетпіс елден келген қатысушылар атқару кеңесі ұйымның басшылық құрылымына «ICTMD елшісі» жаңа мәртебесін беруді ыстық ықыласпен қабылдады. Бұл құрметті мәртебе Кеңестің мақсаттарын айқындауға елеулі үлес қосқан және халықаралық аренада ICTMD ұйымының ықпалын күшейту үшін болашағы зор жоспарларын ұсынған белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне беріледі. «Аталған жоғары мәртебе иелері болып ICTMD ұйымының 2013-2019 жылдардағы президенті, Лиссабон университетінің профессоры Сальва Каштелу-Бранку мен ТҮРІКСОЙ Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының 2008-2022 жылдардағы Бас хатшысы, профессор Дүйсен Қасейінов танылды» деп хабарлады күйші, өнертанушы Қайрат Айтбаев.
ICTMD ұйымының президенті Сванибор Петтан (Словения) мәртебелі атақтан үміткерлерді таныстыра келіп: «Д.Қасейіновтің жетекшілігімен ТҮРІКСОЙ ұйымы бірқатар маңызды оқиғаларға қолдау көрсете отырып, ICTMD-ның стратегиялық серіктесіне айналды. ICTMD 43-ші Дүниежүзілік конференциясы, ISME 33-ші Дүниежүзілік конференциясы, дәстүрлі музыканың халықаралық конференциялары, симпозиумдары мен фестивальдары сөзімізге дәлел бола алады.
Дүйсен Қасейіновтің халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми жобаларды қолдауға, түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтауға және оны әлемдік мәдени кеңістікте танытуға бағытталған сан қырлы қажырлы қызметі ICTMD мақсаттары мен миссиясын ілгерілетуге елеулі үлес қосты», – деді.
Дүйсен Қорабайұлының кандидатурасын Атқару кеңесі мен конференцияға қатысушылар бірауыздан қолдады. Дүйсен ағаның ICTMD елшісі лауазымына сайлануы мәдениет пен өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы Қазақстанның және ТҮРІКСОЙ ұйымына мүше басқа да елдердің рөлі маңызды екенін көрсетеді.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»