Өзбекстанның Ташкент қаласында кикбокстан ересектер арасында өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғаған балқаштық Гаухар Сайлаубек 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, чемпион атанды. Байрақты бәсекеге Қазақстан, Үндістан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен 420-дан астам кикбоксшы қатысқан.
Жақында ғана Венгрия астанасы Будапештте өткен әлем чемпионатынан жастар арасында қолаға қол жеткізген Гаухар Сайлаубек бұл жолы қарсыластарынан басым түсіпті. ҚР спорт шеберлігіне үміткер, Қазақстан чемпионаттарының, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Гаухарды «Балқаш» спорт клубында спорт саласының өкілдері, туған-туысқандары қошеметпен қарсы алды.
Жеңімпазға «Балқаш» спорт клубының басшысы Амангелді Маканалин, жеке кәсіпкер Ғабит Жақыпов құттықтау сөзін жеткізді. Өз кезегінде спортшы қолдау білдірген Амангелді Исламұлына, жаттықтырушыларына алғысын білдірді.
– Бұл жарысқа бару үшін тер төгіп, дайындықтан өттім. Нәтижесінде еліміздің көк туын желбіретіп, алтынға қол жеткіздім. Екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеттім. Біріншісі Үндістанның және екіншісі Қырғызстанның спортшысы. Финалдық бәсекеде Өзбекстан спортшысы кездесуден бас тартып, жеңімпаз атандым. Жарыс биік дәрежеде өтті. «Балқаш» спорт клубының басшысы Амангелді Исламұлына, бапкерлерім Абай Қомар мен Дулат Сәметовке алғысым шексіз, – деді Гаухар Сайлаубек.
Кикбоксшының жаттықтырушысы Дулаттың айтуынша, енді қазан айында Павлодар қаласында өтетін республикалық чемпионатқа дайындықты бастайды.
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz