Чехия үздік технологияларын ұсынады
Чехия Республикасы Парламенті депутаттарының делегациясы «ЭКСПО – 2017» нысандары мен ұйымдастыру кеңсесін аралап көрді. Іссапар барысында Астанадағы ауқымды іс-шараға Чехия Президенті келетіні мәлім болды.
Сондай-ақ, «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Чехия Депутаттар Палатасының Төрағасы Ян Гамачекпен кездесті.
Кездесуде екі тарап «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысты мәселелерді талқылады.
Ян Гамачек жаңа қуат көздерін қолдайтын мемлекет ретінде Чехия үшін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысу маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, ол көрменің ашылуына Чехия Президенті қатысатындығын да айтты. Көрмеде чехтар өздерінің баламалы энергия көздерін пайдалану саласындағы ең озық заманауи технологияларын көрсетпек.
Басқосуда Чехия депутаттары өздерін қызықтырған сұрақтарды да қойды. Мәселен, Збынек Станюра көрмеге әзірлік барысында ашылған жұмыс орындарының санын сұрады. Ұлттық компанияның директоры бұл дағдарысқа қарсы жоба екенін атап өтті. Сондай-ақ, 50 мыңға жуық жұмыс орыны ашылғанына тоқталды.
Кездесу соңында Чехия мемлекетінің депутаттары көрме кезінде өтетін Чехия Республикасының ұлттық күніне келетіндіктерін айтты.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ