ҰБТ басталады
Мемлекеттік білім грант алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады. Мәселен, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады. Білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші жоғары нәтижесі бар сертификатын ұсына алады.
Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. Қатысушылар тапсырмаларды кез келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ, тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелерін көруге болады.
Сонымен бірге, тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін 2 минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.
Биылғы жылдың басты жаңалығы ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ, ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады.
ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.
Естеріңізге сала кетейік, грантқа түсу үшін өткізілетін ҰБТ 15 сәуірде басталады.
Аяулым СОВЕТ