Жаңалықтар

Болашаққа апарар баянды бастама

     Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 31 қаңтар күнгі «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты дәстүрлі Жолдауы бұқара халықтың зор ықыласына ие болды. Тәуелсіздіктің екінші 25 жылдығына қадам басып отырған еліміз үшін Президентіміздің бұл Жолдауы үлкен серпіліс, тың идеялардың өмірге келуіне, саяси-экономикалық, әлеуметтік-рухани дамуына кең жол ашары сөзсіз.

Әсіресе, оқу ағарту саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына бұл Жолдаудағы Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту жөніндегі ойлары, атап айтқанда білім беру жүйесінің рөлі туралы айтқан сөздері қызу қолдауға ие болуда. Елбасының: «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» деген сөздері уақыт талабынан туындап отырған ұсыныстар деп қабылдаймыз. Сондай-ақ, мектептердің және мұғалімдердің деңгейі әсіресе, ауыл мен қалада әртүрлі екендігі білікті педагогтардың жетіспеу проблемалары туралы айтқан ойлары көптен көтеріліп келе жатқан проблемалардың оң шешімін табуына мұрындық болары сөзсіз.

Сондай-ақ, Жолдауда келтірілген тұрғын үй мәселесі мен адам денсаулығын жақсартуға бағытталған бағыттар да халықтың көңілінен шыққаны сөзсіз. 2050 жылға дейін халықтың әл-ауқатын арттыра отырып, дамыған 30 елдің қатарында болуды діттеген стратегиялық жоспардың өміршеңдігін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық шежіресінен анық аңғаруға болады. Қорыта айтқанда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты дәстүрлі Жолдауы – Еліміз үшін жарқын болашаққа апарар игі істердің баянды бастамасы деп білеміз.

Қойлыбай АСАНҰЛЫ,

Е.Бөкетов атындағы

ҚарМУ-дың профессоры,

филология ғылымдарының докторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button