Тағзым

Біз қоштаспаймыз…

Ақыретінен сырт тұрған ешкім жоқ. Сол ақыреті Кәмел ағама да келген екен.

Кәмкең дүниеден озды деген суытты аурухана палатасында жатып естідім.

Жүрегім жүрісінен жаңылды… Онсыз да аритмик едім – көпке дейін басымды көтере алмадым.

Сонан телефонымда маза болсайшы. Жұрт көңіл айтып жатыр. Ағамызға иман байлығын тілеп. Көрініп қайтайық аға деушілер қарасы да қою болар ма?! Ал маған жол жүруге болмайды… Дәрігерім криз деп рұқсат бермеді.

Жаназасы жексенбі екен. Топырақ салуға жарармын деп ойлаймын…

Ал тап қазір ішім удай ашып жатыр.

Бірер күн жүре тұрғаны ләзім еді…

Тірінің тіріге деген құрметі болады. Ат терлетіп бата алуға болады. Еш хабарласпай барып сәлем беруге болады. Үйде жатып та сәлем-сауқат жіберуге болады. Тіпті қоңырау шалсаңыз да болар еді. Осының барлығы, әрине, сауапқа жазылады…

Біздер де сондай бір құрметімізді көрсетуге бекінгенбіз. 

Тірінің тіріге деген құрметі… Қарағандылық бір топ зиялы қауым өкілі Президентімізге шығайық. Медаль сұрап. Өзімізге емес, әрине. Кәмел Жүністегі ағамызға! Медаль болғанда – «Халық Қаһарманы»…

Ол өтінішімізді әлеуметтік желіге де салдық. Қолдаушылар көп болды. Тіпті, басқа ұлт өкілдері де қолдады. Өйткені ол ағамыз 58-ші статьямен отырды! Советтік жұмақ заманында – 1962 жылы.

Ол заманда қандай қылмыс болсын саяси статья қойылмайтын!

Сол статья қойылды!

Кеңестік қызыл өкімет қазақ жұртындағы тәуелсіздік аңсарының сөнбегенін мойындауға мәжбүр болды.

Сол аңсар әлі сөне қойған жоқ. Өйткені еліміз әлі де бұғауда, әлі де күндеде.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды деп жүрміз. Онымыз жармақ тәуелсіздік. Абсолюттік тәуелсіздік жоқ дегенімізбен ұлттық тәуелсіздігіміздің өзіне жете алмай отырған жайымыз бар.

Соның оқулығын осы Кәмел ағаларымыз жазып кетті. Сол кездегі он миллионға жетпейтін қазақтың мүддесін үш жүз елу миллион советтіктің мүддесінен жоғары қойды. Бұл жағынан «ЕСЕП» партиясы «Алашорда» партиясымен қатар тұрған партия.

Кешегі желтоқсан, кешегі қаңтар бұлқыныстарынан осы аңсарымызды көреміз. Түбінде оның да бір қайыры болады. Өзгермейтін ештеңе жоқ. Олай болса өзгереміз. Қазақ ұлты болып өзгереміз. Өзімізбен бірге түбірлес туысқан елдерге де ықпал жасайтын боламыз.

Өкініштісі ол күндерді ағамыз көрмейді.

Ағамыз бүлікшіл болмысын өзімен бірге ала кетті…

Ағамыз соңғы күндерін өткізіп жатқанын ақиқат білді.

Бәрін сабырға жеңдірді. Ешкімнен ештеңе сұрамады. Және ешкімге қарыз емеспін деді.

Жазған дүниесін ықтияттаған екен. Зейнолла (Игіліков), Рымқұл (Сүлейменов) ағаларым жөнінде жаза алмағанына өкініш білдірді.

Енді сұраған медаліміздің де қажеті шамалы-ау…

Ендігі қалғаны тірінің өліге деген құрметі…

Ол қандай құрмет?

Бір ғасырда бір-ақ рет келетін тұлғаға қандай құрмет жасасақ та жарасады!

Кәмел оқуларын өткізейік, көше атауын берейік, Кәмкең атындағы шәкіртақы тағайындайық, болып жатса ескерткіш соғайық…

Төрехан МАЙБАС.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button