Жаңалықтар

Біз де сарбаз болғанбыз

Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күніне – 30 жыл толуына орай, ардагер ағалардың Приозерск гарнизонындағы әскери бөлімдердегі Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілермен кездесулері болып өтті. Қадірменді ардагер ағалардың бірінші кезектегі кездесуі «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 06708 әскери бөлімінде ұйымдастырылып өткізілсе, көп кешіктірмей Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әуе шабуылына қарсы қарсы қорғаныс әскерінің 44841 әскери бөлімінде жалғасын тапты.

Суреттер автордан

   Бірінші кезектегі 06708 әскери бөлімінің сарбаздарымен болған кездесуде Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Кенжебеков тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығысына қатысушы Нұрзат Есмаханбетовке сөз берді. Зор қошеметпен орындарынан тұрып, қарсы алған сарбаздар ардагер ағаға құрмет көрсетті. Ардагер аға жеке құрамға кезінде өзінің сарбаз болғанын жеткізіп, оларға шекараның таулы аймақтарындағы орын алған қарулы қақтығыстардағы көзбен көрген ауыр күндерін айтып, жеткізіп берді. Қазіргі таңда ардагер Н.Есмаханбетов       06708 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, «майор» шеніндегі әскери атағы бар. Өткен күндерін еске алған ардагер Нұрзат Қуанышұлы: «Бізбен бірге болған жауынгерлердің барлығы дерлік ажал оғынан қаймықпай, Отан алдында берген Әскери антына адалдық танытып, қарсы келген жаудың бетін қайтару үшін бойдағы бар күш-жігерлерін аямағаны анық» – деп, ой бөлісті.

Кездесу барысында сөз реті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күніне – 30 жыл толуына ауысқанда, мінберге көтерілген Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы                     Т.А. Кенжебеков Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып, жақын күндері запасқа шығатын сарбаздарға Қарулы Күштер ардагерлерінің атынан шексіз алғысын білдірді. «Сіздердің «алдыңғы толқын ағалардың» ізімен әскери қызметте адал болып, командирлердің бұйрықтарын бұлжытпай орындауға дайын болғандарыңызды көзіміз көрді. Әсіресе, кешегі «қаңтар оқиғасы» кезінде иықтарыңызға қару асынып, әскери нысандар мен қару-жарақ қоймаларын өз бақылауларыңызға алып, асқан жауапкершілік таныттыңыздар. Отан алдындағы мінсіз қызметтеріңіз жоғары бағаланып, баршаңызға арнайы тағайындалған бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді. Қарулы Күштер – егеменді еліміздің берік қалқаны. Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясының мәртебесін ілгерілету жолындағы адал қызметтеріңізге жоғары баға береміз» – деп, Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы сарбаздарға ардагерлер атынан шын ризашылық алғысын жеткізді.

   Ал, 44841 әскери бөліміндегі сарбаздармен кездесуде ардагерлер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихы мен отыз жыл ішіндегі жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген мерзімдік қызмет әскери қызметшілерге Ұлы Отан соғысына (1941 ж.-1945 ж.) қатысқан Кеңестер Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, №1 Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов өмірбаяны, ерлік жолы мен егеменді еліміздің төл әскерін құру жолындағы сіңірген еңбегі мен атқарған қызметі жеткізілді. Бұл кездесуді өз тізгінінде ұстаған Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Алшымбекұлы: «Армия генералы   С.Қ. Нұрмағамбетов – біздің мақтанышымыз, Тәуелсіз Қазақстандағы ең жоғарғы марапат болып саналатын «Халық Қаһарманы» атағының бірінші иегері. Осындай марапатқа еңбек жолы мен әскери қызметте қол жеткізгендігі анық. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарындағы әрбір сарбаз Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов есімін мақтанышпен айтып, өмірі мен ерлік жолын үлгі тұту керекпіз!»-деп, өзінің көкейіндегі ойын жеткізді.

   Кездесуге ардагер ағалардан бөлек, 44841 әскери бөлімі командирінің (әскери қызметшілердің отбасымен жұмыс жөніндегі) көмекшісіМырзахметова Мастура Шәріпқызы да қатысты.

   Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күніне – 30 жыл толуына арналған кездесулер асқан ұйымшылдықпен және жоғарғы деңгейде өткізілді.

Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button